Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов финалға жолдама алды
Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов финалға жолдама алды
Иорданияда бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Сәкен Бибосынов финалға жолдама алды. Кешкі сессияны қос бірдей әлем чемпионы Сәкен Бибосынов пен жапониялық Томоя Цубои (51 кг) бастады. Олардың екеуі де 2021 жылы Белградта өткен әлем біріншілігінде топ жарған болатын. 54 келіге дейінгі салмақта Т.Цубои соңғы жекпе-жекте қазақстандық Махмуд Сабырханнан айласын асырған еді. Сондықтан бүгін Сәкен командаласының да есесін қайтаруы тиіс еді. Қазақстандық боксшы бірден ұрыс тізгінін қолға алып, қарсыласынан бір бас жоғары екендігін таныта білді. Төрешілер есебі – 5:0, Сәкен Бибосыновтың пайдасында. Осылайша, С.Бибосынов Қазақстан құрамасынан жетінші болып финалға жолдама алды. Кешкі сессияда сондай-ақ Асланбек Шымбергенов (71 кг), ағайынды жігіттер Нұрбек Оралбай (80 кг) мен Айбек Оралбай (92 кг) финалдың жолдамасы үшін күреседі.