Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған
Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған
302
оқылды
Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лы­ғымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы транс­ферттердің көлемі туралы, Ұлттық қордан кепіл­ден­дірілген трансферт туралы және алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобаларын қарады. Сенат Төрағасы алдағы үш жылдық бюджетті қалыптас­ты­руда Мемлекет басшысының қа­зақстандықтардың сұраныс­тары мен талаптарына негіз­дел­ген тап­сырмаларын орындауға басым­дық берілгенін атап өтті.
«Сенатта бюджет жан-жақты талданып, пысықталды. Бүгін қа­­рал­ған республикалық бюд­жет­тің жобасында қоғамды алаң­датқан маңызды әлеуметтік мә­селелерді шешуге жеткілікті қа­ра­жат қарас­тырылған», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Спикері ел Президенті әлеуметтік салаға баса мән беріп отырғанын айтты.
«Мемлекет басшысы әлеу­мет­тік салаға қатысты нақты тап­­­сырмалар берді. Әсіресе, ауыл­­дық жерлерде өмір сүру са­пасын арт­тыруға айрықша кө­ңіл бөлінуде. Президен­ті­міздің тап­сырмаларын сапалы іске асы­ру – стратегиялық мін­дет», – деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаевтың ай­туын­ша, тек «Жайлы мектеп» ұлт­­тық жобасын іске асыру үшін ал­дағы үш жылда шамамен 2,6 трлн теңге бөлінеді.
«Соның нәтижесінде жаңа оқушы орындарының саны 820 мыңнан асуға тиіс. Сол арқылы еліміздегі үш ауысымды мектеп проб­­лемасы және бір сыныптағы балалар санының шамадан тыс көп болуы негізінен шешіледі деп сенеміз. Сондай-ақ әлеу­мет­тік тө­­лемдерді индекстеуге, пе­да­гог­тар мен дәрігерлердің және аза­мат­тық қызметкерлердің жа­ла­қы­сын 25 пайызға арттыруға тиісті қаражат қарастырылды. Жергі­лікті бюд­жеттерге жалпы транс­ферттерді ескерсек, келесі жылы әлеуметтік шығыстар 2 трлн теңгеге, яғни шамамен 20 пайызға өседі. Ұлттық қордан транс­ферттер көлемін кезең-ке­зеңімен қысқарту да жоспар­ланып отыр», – деді Мәу­лен Әшімбаев.
Мемлекет басшысының ше­шіміне сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының жар­тысы балалардың жинақтау шот­тарына аударылатыны белгілі. Аталған төлемдер 2023 жылдың қорытындысы бойынша жүргі­зіле бастайды. Сенат Төрағасы атап өт­кендей, бұл Ұлттық қор бо­ла­шақ ұрпақтың қорына ай­налады деген сөз. Сенатта заң жобаларын тал­қылау кезінде Палата депутат­тарынан 100-ден астам ұсыныс келіп түсті. Мәселен, сенаторлардың ұсы­нысы бойынша елді ме­кен­дердің көшелерін, автожолдар мен кө­пірлерді салуға және қайта қал­пы­на келтіруге қосымша 13,7 млрд теңге бөлу жоспарла­нып отыр. Тек келесі жылдың өзінде осы мақ­сатқа 7,8 млрд тең­ге бө­лінбек. Халықты таза ауыз­сумен қамта­ма­сыз ету жағ­дайын жақ­сарту үшін қосымша 22,2 млрд теңге қарас­тырылып отыр. Се­наторлардың бұл ұсы­нысы тұр­ғындардың сумен қам­тамасыз ету қызметтеріне қол­жетімділігін қалалық жерлерде – 99 пайызға, ал ауылдарда 96,1 пайызға арт­тыруға ықпал етеді. Газбен жаб­дықтау жұмыстарын одан әрі жақ­сартуға 14 млрд теңге бағыт­талады. Бұл газдандыру деңгейін 61,6 пайызға дейін жет­кізуге мүмкіндік береді. Отырыс барысында депутат­тар өңірлерді өркендету саяса­тына, оның ішінде салық түсім­деріне, агросекторды қолдауға, шағын және орта бизнесті да­мытуға және басқа да мәселелерге қатысты түйткілдерді көтерді. Палата отырысының нәти­же­сінде жоғарыда аталған ұсы­ныс­тарды ескере отырып, қайта пы­сық­тау үшін «Республикалық және облыстық бюджеттер, рес­пуб­ли­калық маңызы бар қала­лар, астана бюджеттері арасын­дағы 2023-2025 жылдарға ар­налған жалпы си­паттағы транс­ферт­тер­дің көлемі туралы» және «2023-2025 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет туралы» заң жо­баларын Мәжіліске қай­тару, ал «Қа­зақстан Респуб­ли­касының Ұлт­­тық қорынан 2023-2025 жыл­дар­ға арналған кепіл­дендірілген транс­ферт туралы» заңды қа­был­дау жөнінде шешім қабыл­данды.