Баға өссе, Үкіметтің құны түседі
Баға өссе, Үкіметтің құны түседі
Инфляция биыл кезекті тарихи рекорд орнатты. Мұны Үкімет басшысы мо­йындап, оған ішінара Ре­сейді айыптады. Әрине, әлемде, соның ішінде да­мыған елдерде де күрделі жағдай қалыптасқаны шын. Еуразиялық одақтағы ахуал тіпті күрделі. Бірақ «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп, әр ел өз қо­ты­рын өзі қасып, өз жарасын өзі жалап жазуға тырысуда. Осы орайда Қазақстан Үкі­меті не қарекет, қауқар та­нытып жатыр? Қымбат­шылыққа орай Ұлттық банк базалық ставканы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді, ол өз кезегінде ипо­тека мен кредиттерді күрт қымбаттатты. Бұл қиын­дық қаншаға со­зыл­мақ? Шаралар кешені – Үкімет пәрменінің өлшемі Әдетте, үкіметтегілердің мә­лімдемелері оптимизмге толы бо­лады, әлеуметтік кернеу өрші­месін деп, халықтың бойына се­нім құя сөйлейді. Оның үстіне келесі жылы парламенттік сайлау өткен соң, қазіргі Үкімет отстав­каға кетеді. Ар жағында не бола­тынына ол жауапты емес. Бірақ бұл жолы еліміздің бас экономисі жасырып, жауырды жаба тоқып жатпады. Басқа шауып, төске өрлеген қымбатшылық келесі жы­лы да жалғасуы ықтимал. Ахуалдың тұрақтануын әлі екі жыл­дай күтуге тура келмек. Бұл Қа­зақстанның 2023-2027 жыл­дарға арналған әлеуметтік-эко­номикалық дамуы болжамының базалық, негізгі сценарийі. Пес­симистік сценарий жариялан­бады, бірақ ол одан да алапат болса керек. Сонымен, ресми жария етіл­гендей, Қазақстанда ғаламат қар­қын алған инфляция 2022 жыл­дың қазан айының қорытын­дысында 18,8%-ға жетті. Мұндай масқара елді пандемия жайлап, қазақ елінің тарихында тұңғыш рет жалпыұлттық карантин жа­рияланған, халық дүкен сөре­леріндегі тауар атаулыны бұзып әкеткен кезеңде де болмаған: елең-алаң, кімнің аман қалатыны белгісіз 2020 жылы инфляция 7,5% болды. Ұлттық банк 2022 жылы бұл көрсеткіш – 6-6,5% болады деп болжам құрған. Шы­нында одан 3 есе асып түсті. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың хабар­ла­уынша, инфляция 2023 жылы 7,5-9,5 пайызға дейін барады. Тек 2024 жылы – 4-5%-ға түседі, ал 2025-2027 жылдары 3-4% дең­гейінде болады. Мәжіліс депутаты Дания Ес­паева биылғы жыл халық есінде бағалардың қатты өсуімен есте қалғалы тұрғанын айтады.
«Шарықтаған бағалар халық­тың қалтасын қағып отыр. Сма­йылов Үкіметі алдына инфля­цияны 4-тен 6 пайыз аралығында құрықтап ұстау міндеті қойылған болатын. Және бұл Үкіметтің басты, басымдықты міндеттерінің бірі еді. Әсіресе, бірінші кезекте керекті азық-түлік пен халық кең тұтынатын тауарлар қатты қым­баттады. Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны жоспарланған дәлізде ұстап қалу үшін шара­лар­дың тұтас кешенін жүзеге асы­­руға уәде етіп еді. Алайда қа­лыптасқан жағдай оның жасал­мағанын паш етті», – дейді депутат.
Мемлекет басшысы 2022 жыл­ғы 11 қаңтарда, Мәжіліс оты­ры­сында сөйлеген сөзінде тап­сырғандай, ол шаралар кешені импорттық өнімдерге тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруды, шек­тен тыс қаптап кеткен делдал­дар­ды жоюды, ақша-кредит сая­са­тын түзетуді қамтуы тиіс болатын. Президент егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға еш­қандай амал көмектеспейтінін ескерткен. Бірақ Үкімет, Ұлттық банк пен әкімдер тегеурінді қи­мылдап, пәрменді шаралар қа­былдап, өнімді нәтижеге жете ал­мады. Бұл Үкіметтің алдына қо­йылған ең басты міндеттің орын­далуына – азаматтардың та­бысын арттыруға кедергі келтіреді. [caption id="attachment_226682" align="aligncenter" width="1614"]инфляция © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ішкі нарық та отандық өнім­дермен толыға қоймады. Әлеу­меттік желіде қазақ­стандықтар дү­кендер сөрелері ресейлік өнім­дерге сықаса толып тұрғанына шағымданып жүр. Ауыр санкция қыспағында қалып, қанқасап соғыс жүргізіп жатқан елдің шы­ғара алғанын бейбіт Қазақстан­ның өндіруге қауқары жетпегеніне қынжылыс білдіреді. Айтпақшы, соның кесірінен, Қазақстан Ре­сейден тауармен бірге инфляция да экспорттауда. Бағаны ауыздықтаудың амалы қандай? Премьер-Министр Әлихан Смайылов инфляцияны ауыздық­тау әзір мүмкін еместігін, себебі баға барлық елде жаппай өсіп жатқанын алға тартты. Бәріне жа­һандық геосаяси жағдай айып­ты көрінеді.
– Қалыптасқан геосаяси ахуал кесірінен инфляцияның жоғарғы серпінмен артуы бүкіл әлем ел­дері үшін проблемаға айналды. АҚШ пен Еуропа елдерінде соң­ғы 40 жылдағы рекордтық ин­фля­ция орнады: шамамен 10 пайызға жетті. Біздің көршілерімізде инфляция шамамен 14-15%. Мұ­ның себептері – мұнай және бас­қа шикізаттар, сондай-ақ азық-түлік, минералды тыңайтқыштар бағаларының өсуі, жеткізілім тізбектерінің бұзылуы, көлік ло­гистикасындағы қиыншылықтар. Біздің жағдайымызда инфляция­ның екпінді өсуіне РФ рублінің долларға және теңгеге қатысты 30 пайызға күрт нығаюы да теріс ықпал етті. Тиісінше, автоматты түрде Ресейден тасылатын бүкіл импорт 30%-ға қымбаттап шыға келді. Ал біздің жалпы шетелдік импортымыздағы Ресейдің үлесі шамамен 40%, – деп түсініктеме берді Үкімет басшысы Ә.Сма­йылов.
Ол келесі жылға арналған бол­жамның пессимистік сипатта бо­луын да түсіндірді.
«Қазіргі уақытта халықаралық сарапшылар әлемдік экономи­каның рецессия кезеңіне кір­ге­нін, даму орнына кері кететінін айтуда. Осыны ескеріп, біз орта мерзімді кезеңде орнықты эко­номикалық дамуға шығуды көз­дейтін экономикалық саясатты қолға алдық. Соның аясында Ұлт­тық банкпен бірге, инфля­цияны құрықтауға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырып жатырмыз. Ол жедел және жүйелі шаралардан тұрады. Жүйелі ша­ра­лар ішкі нарықты отандық та­уарлармен қамтамасыз етуге, им­портқа тәуелділікті төмен­де­туге, азық-түлік қауіпсіздігін қол­дау жоспарын іске асыруға бағ­дарланған», – деді Әлихан Смайылов.
Ол инфляцияның басым бө­лігін, 55 пайызын азық-түлік та­уарлары бағасының өсуі құрай­тынына назар аудартты. Сон­дықтан биылғы жылы агроөнер­кәсіптік кешенді қаржыландыру көлемі 2 есе арттырылды. Нәти­жесінде, өткен 9 айда ауыл ша­руашылығы өнімдерінің өндірісі 7 пайызға ұлғайды. Ауыл ша­руашылығының негізгі капита­лына, құралдарына салынған инвестиция 7,5 пайызға өсті. Тұтастай алғанда, Үкімет орта мерзімді кезеңде шикізаттық емес салаларда жалпы құны 25 трил­лион теңге тұратын 734 жобаны жүзеге асыруды жоспарлады. Оның 440-ы импорт алмастыруға бағытталған. 2022 жыл қоры­тындысында 158 жаңа өнеркә­сіптік өндірістер іске қосылуы тиіс. Соның арқасында дүкен сөрелерінде отандық тауарлар қарасы көбейеді деген үміт бар. Триллион теңге бөлінген қол­даныстағы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да импорттар арылуды қарастырады. Аты айтып тұрғандай, бағдарлама аясында ең қарапайым болса да, шетелден тасылатын тауардың отандық баламасын жасайтын кәсіпорындар қолдау көреді. Әйткенмен, бұл бағдарламаның кемшіліктері көптігін кәсіпкерлер нұсқап көрсетіп, сынап жүр. Мұның бәрі негізінен, алдағы жылдарға арналған шаралар. Ал баға қымбатшылығына қазір тойтарыс беруі тиіс жедел ша­ралар қатарына тауар тасымалы мен логистикасына қатысты проб­лемаларды шешу, антимо­нополиялық реттеу, сыртқы сау­даны ретке келтіру, әлеуметтік маңызды тауарларға алыпсатар­лардың, делдалдардың 15 пайыз­дан артық үстемеақы қоспауын қадағалау кірді. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы өндірушілері өні­мін алдын ала, форвардтық сатып алу, сол арқылы тұрақтандыру қорларын толықтыру, айналым­дық схемаларды енгізу және басқа жұмыстар қолға алынған екен. Үкімет басшысының байла­мынша, қабылданып жатқан же­дел және жүйелі шаралар ар­қа­сында келесі жылы инфляция 7,5-9,5 пайызға дейін төмендейді, ал арғы жылда одан да азаяды. Әлихан Смайылов қоғамда «ин­фляциялық күтулер» тым жоғары болып тұрғанын, ол да бағалардың өсуіне салмақ салатынын ес­кертті. Мысалы, бизнес, халық, сарапшылар девальвация болады деп күтеді, сондықтан тауарға, көлікке немесе баспанаға жоға­рырақ баға белгіленеді. Ұзаққа созылған дағдарыс, жаһан экономикасының «коро­накризис» салдарын сол бойы еңсере алмауы, Ресей – Украина қарулы жанжалы, санкциялық шайқастар адамзаттың ахуалын тұралатып-ақ тұр. Экономист А.Чукиннің пікірінше, бұл көп­теген елдерде халықтың нара­зылығына, үкіметтердің отстав­касына себеп болды. Тығырықтан шығарар жолды тез тауып, жыл­дам қимылдаған мемлекеттер ұтып, сытылып алға озбақ. Ал тұйық тұңғиығына батқан елдер өркениеттің даму даңғылының шетіне шығып қалады. Қазақ­станның қай елдердің қатарынан табылатыны Үкіметтің білікті­лігіне, ұтымды істеріне, батыл да әбжіл қимылдарына байланысты болмақ. Сарапшылар Смайылов мырзадан «дағдарыс менед­же­ріне» тән қарым-қабілет таны­туын күтіп отыр. Себебі, инфля­ция – жай ғана бағалар өсімін көрсететін индикатордан енді ха­лықтың әл-ауқатына, елдің тұ­рақтылығына ықпал ететін ше­шуші көрсеткішке айналды.