Құрылыс нысандары тексерілді
Құрылыс нысандары тексерілді
272
оқылды
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласының маңындағы елді мекендердің тұрмыс жағдайымен және құрылысы жанданған ғимарат­тардың жұмысымен танысты. Өңір басшысы алдымен Жа­ңақоныс-2 тұрғын алабында бол­ды. Бұл маңнан облыс тұрғын­да­ры­на мыңнан астам жер телімі бе­рілген. Бүгінде 700-ге жуық үй са­лынған елді мекен барлық ин­фрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Облыс әкімі 2023 жылы құры­лысы басталатын 600 орындық мектептің аумағын көрді. Білім ор­дасының жанына балабақша салу да жоспарда бар. Қазір атал­ған елді мекенде тұратын оқу­шы­лар арнайы мектеп автобусымен тасымалданады. Ералы Тоғжанов қала әкімдігі мен тиісті мекеме басшыларына елді мекенде өз мақсатына сәйкес пайдаланылмай жатқан жерлер бойынша жан-жақты талдау жүр­гізуді тапсырды.
«Жалға алу мерзімін ұзартудың жаңа ережелерін бекіту керек. Жер телімін алған тұрғындар не үй салуға кірісу керек, не мемле­кетке қайтаруы керек. Берілген жер бос жатпауы керек. Босаған учас­келерді кәсіпкерлік нысан­дары немесе саябақ аумағы ре­тінде пайдалануға болады», – деді Ералы Тоғжанов.
Бұған дейін облыс әкімінің қа­былдауына келген «Батыс-2» ша­ғынауданының тұрғындары «Миллениум» тұрғын үй кешеніне қатысты мәселелерді айтқан бо­латын. Атап айтқанда, мердігерлер құрылыс жұмысын уақытынан ке­шіктірген. Ералы Тоғжанов мән-жайды көру үшін тұрғын үй кешеніне барып, пәтер иелерімен кездесті. Кездесуде тұрғындар әлі жылу келмегенін айтты. Облыс әкі­мі бұған дейін берілген тап­сырмалардың орындалу барысын тексеріп, аталған кешенді ерекше бақылауына алды. Ол кешенге жылу берілгеніне және барлық кемшіліктің жойылғанына көз жеткізді. Орындаушы компания қалған жұмысты екі апта ішінде аяқтауға уәде беріп отыр. Ауызсумен қамту мәселесі Бауырлар-3 және Шилісай тұрғын үй алабының тұрғындары үшін әлі де өзекті. Бауырластар-3 тұрғын үй алабында мыңнан астам жер учаскесі пайдалануға берілген, алайда тек 200-ден астам үй бой көтерген. Келер жылы мұнда 600 орындық мектептің құрылысы бас­талмақ. Егер ауызсу мәселесі оң шешімін тапса, халық жеке тұр­ғын үй құрылысын белсенді жүр­гізуге дайын. Бұл мәселе тұр­ғындармен есеп беру кездесуле­рінде де, әлеуметтік желілерде де бірнеше рет көтерілді. Осыған байланысты Ақтөбе қаласының әкімі қысқа мерзім ішінде жо­балық-сметалық құжаттарды әзір­леп және жоба­ның мемлекеттік сараптамасын аяқтауға тиіс. Ши­лісай тұрғын үй алабында 1200 учаскенің тек 50-60-да ғана жеке тұрғын үй тұр­ғызылған. Қалаға қа­расты екі елді мекенді орталық­тандырылған ауызсумен қамтама­сыз ету үшін 1,6 млрд теңге бө­лінеді. құрылыс Облыс әкімі 2018 жылдан бас­тап 600 орындық мектеп құрылы­сын аяқтай алмай отырған мер­дігер ұйымның іс-әрекетіне көңілі толмайтынын айтты. Нысан басқа құрылыс компаниясына берілуі мүмкін. Ералы Тоғжанов міндетін сапалы және уақытылы орында­маған компаниядан барлық қа­ражатты өтеуді талап етті. Әзірге мұнда тұратын 432 оқушы Украин­ка ауылындағы мектепте білім алып жатыр. Өңір басшысы алдын ала жүргізілген рейд барысында аума­ғынан қоқыс табылған теміржол вокзалы мен «Сапар» автовок­за­лында болды. Өңір басшысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас­шылығына жұмысты күшейтіп, санитарлық талапқа сай келмейтін кәсіпорындар мен ұйымдарға қатаң шара қолдануды тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбедегі Жеңіс аллеясы қайта жөнделіп, халық игілігіне берілді. Облыс әкімдігі мен ERG арасындағы өзара ын­тымақтастық туралы меморан­дум аясында бұл аллеяны жөн­деуге 90 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Бұл біздің өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта ERG компаниясымен бірлесіп атқаруды жоспарлап отырған ірі жобалардың бір бөлігі ғана. Облыстың гүлденуіне қос­қан үлесі үшін Александр Маш­кевичке және компанияның Ақтөбедегі кәсіпорындарының барлық қызметкеріне алғыс ай­тамын. Өңір тұрғындарына жайлы демалыс орнын құру, қаланы абат­тандыру жұмысы жалғаса береді», – деп атап өтті облыс әкімі.
Қайта жаңартылған Жеңіс аллеясы тұрғындардың тыны­ғуына қолайлы етіп жасалған. Кіреберісі қайта салынып, суару және жаңа жарықтандыру жүйесі автоматтандырылған, шағын ар­хитектуралық нысандар, орын­дықтар мен шахмат ойнайтын үстелдер, қоқыс жәшіктері орна­тылды. Жобадағы жұмыстың 80 пайызы орындалды. 2023 жылы мұнда көгал егіліп, ағаштар мен бұталардың жаңа түрлері – бө­ріқарақат, шетен, шырша отыр­ғы­зылады. Сондай-ақ балалар ой­найтын алаңдар мен кардио­тре­нажерлер орнатылады, ал қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін бейнебақылау ка­мералары қойылады. Жеңіс аллеясын қайта жаңарту 2021 жылы басталған Тұрғындар қалашығын абаттандыру жоба­сының жалғасы. Жоба аясында былтырдан бері 46 үйдің қасбеті мен шатыры жаңартылды. Төрт үй әлі де жөнделуде. Мұндай ау­қымды шара ERG құрамына кі­ретін Ақтөбе ферроқорытпа зауы­тының құрылысшылары мен жұ­мысшылары тұратын ауданда 70 жылдан бері алғаш рет жүргізіліп отыр. Соңғы 10 жылда Ақтөбе облы­сында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі меморандумдар аясында Еу­ра­зиялық топтың инвестициялар көлемі шамамен 16 млрд теңге болды.