Игілігі мол инфрақұрылымдық жобалар
Игілігі мол инфрақұрылымдық жобалар
392
оқылды
Атбасар ауданындағы Степной кенті орталықтандырылған таза суға қол жеткізбек. Жаңа инфрақұрылымдық жобаға сәйкес, сор­ғылық станция су резервуары жаңғыртылып, ауылдағы жекеменшік үйлер мен екі 100 пәтерлік үйлерде берілетін судың қысымын арттыруға мүмкіндік береді. Ауданда бұдан да өзге ауылдардың тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған иігілігі мол жұмыстар жүргізілуде. Жаңа нысандар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драй­вері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Сорғылық станса мен ауызсу ре­зер­вуарларын реконструкциялау жұ­мыстары осыдан екі жыл бұрын басталған. Алдымен сыйымдылығы 500 текше метрлік екі резер­вуар орнатылған. Биыл аталған аумақта сорғы станциясының, сондай-ақ тр­анс­форматор, дизельдік қосалқы станса мен басқа да инфрақұрылым­дық нысан­дардың құрылысы аяқ­талуға таяу.
«Жұмыс қызу жүріп жатыр. Әзір­ге ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Бір айта кетер жайт, құрылыс кешірек тек күзге таман басталды. Қаржы түспегендіктен компания өз есебінен құрылысты бастап жіберді», – дейді «Байсын» ЖШС прорабы Есет Рақымжанов.
Құрылыс прорабының айтуынша, стан­са­ның құрылысы үш жылға жос­парланған. Келер жылға тек аумақты абаттандырып, көгалдандырып, ас­фальт төсеу жұмыстары қалмақ. Ат­басар ауданы әкімдігінің мәліметін­ше, стансаны қайта жаңғыртуға облыстық және республикалық бюджет қоржынынан 281 миллион теңге сомасында қаражат жұмсалмақ. Жалпы «Қуатты өңірлер – ел да­муы­ның драйвері» ұлттық жобасымен мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жыл­ға дейін елді түгелдей таза ауызсумен қам­тамасыз ету міндетін жүктеген. Бүгінде Ақмола облысында қалалық жерлерде 95,1 пайыз, ауылдарда 89,3 пайыз халық таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Атбасар ауданында бұдан бөлек биыл аталған жоба бағдарламалары бойынша Сочинское селосында су құбыры құры­лысы, Атбасар қаласын­дағы Ақан Құрма­нов көшесінде 2,1 шақырым көшені қайта жаңғырту, қаладағы бес 100 пәтерлік тұрғын үй­­лерге екі шақырымдық ішкі жол­дарды салу, қаланың жаңа құрылыс­тарына қарай ұзындығы 690 метр жолдарды салу инфрақұрылымдық жобалары салынбақ. Аудандық ведомство өңірдегі сыртқы инженерлік желілер мен бес 100 пәтерлік тұрғын үйлерге су тарту желілерін салу жобасының да жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Жобаның жалпы құны – 1 340 335,5 мың теңге. Ал келесі жоба дәл осы тұрғын үйлерге сыртқы инженерлік желі­лерді тартуға бағытталыпты. Бұл жобаның құны 15 732,41 мың теңгені құрап отыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жоға­рыдағы ұлттық жоба бойынша қыруар бюджет қаржысымен инже­нер­лік құрылыс жобалары жүзеге асырылады.
– Атбасар ауданында №1 шағын аудандағы 45 пәтерлі екі тұрғын үйге сырт­қы инженерлік желілер мен құ­рылғылар құрылысы жобасы жүзеге асырылмақ. Оған сәйкес, электрмен қамту желілері, ауланы жарық­тандыру және абаттандыру шара­лары ұйымдастырылады. Жоба құны 95 593,569 мың теңгені құрап отыр. Жоспар­ланған ірі жобалардың бірі Атбасар қала­сындағы Лука Белаш және Казах­станская көшелеріндегі көше жарығы құрылысы инженерлік құрылыс жобалары жүзеге аспақ. Бұл жобаға бюджеттен 82 939,786 мың тең­ге жұмсалды, – дейді Атбасар ауда­ны әкімдігінің баспасөз қызме­тінен.
Ауданда бағдарлама жобасы бойынша Новосельское селосында су құбыры желілерін қайта жаңғырту, Магдалиновка және Хрящевка, Родионовка және Кали­новка ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысын жүргізу жоспар­ланыпты.

Ақмола облысы