«Бәріміз де Аллаға тәнбіз және қайтушымыз» дейтін құрани сөз бар. Алланың үкімі кері қайтарылмайды. Көпен Әмірбек те Жаратушы хақ тағаланың құзырына аттанды. Көпен Әмірбек. Қазақ үшін қадірлі есім. Aiqyn үшін де тіпті ардақты есім еді. Өмірінің соңғы сәтіне дейін айқындықтармен қатар жүріп, газет шығарды. «Ара» қосымшасы демесеңіз, Көпен аға ұжымның ағасы, абыз ақсақалына айналды. Жасы да, жасамысы да ағаны жақсы көрді. Әрдайым өзіне ғана тән әзілімен көмкеріп, айналасына шуақ шашып жүретін. Өмір – өткінші. Сол өмірдің күнгей бетінде күле білетін, күлдіре алатын азаматтар жүрсе, тіршілік сәулелі болар ма еді!?. Көпен Әмірбек өмірден өткенде сатира сәулесі тұтылғандай, сирек те ширақ жанрдың керуенбасы ұстаған жүген жерге түсіп кеткендей! Елге қайғырып, көңіл айтамын Көпен екеуміздің дос, сырлас болғанымызға жарты ғасырдан асыпты. Құрдасым, сырласым, жан жолдасым еді. Көпеннен айырылу – қабырғамызды қаусатып кетті. Әсіресе, сатира саласы дегеніміз – сарыала қаздың жұмыртқасындай бірен-саран сатириктер дүниеге келетін жанр еді. Кешегі Шона Смаханұлы мен Оспанхан Әубәкіровтің, бүгінгі көзі тірі сатирик Ғаббас Қабышевтің шәкірті еді. Сатираның ауылы иен қалғандай әсер етіп тұр маған... Біртуар азамат еді... Алланың жазғаны осылай болды... Ойламаған жерден аттай шауып жүрген азаматтан айырылып қалдық. Тура келген ажалға пенденің қолынан не келеді? Арты қайырлы болсын! Бала-шағасы аман болсын! Ел-жұрты аман болсын! Бұл дүниеде мәңгі тұратын ешкім жоқ. Жүрек құрғыр қимайды. Әлі де жүре тұрса, тоқсанға келсе дейсің. Бабаларының ізімен сол жасқа барып жатса, қандай ғанибет болар еді... Өкінішті, әрине... Елге көңіл айтамын. Әдебиет өкілдеріне, қаламдастарына көңіл айтамын. Бақұл бол, бауырым!
Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Көпен кетіп барады, Көпен кетіп... Көпен кетіп барады, Көпен кетіп, Торжорғасын топ жарған тепеңдетіп. Жылағанды жан еді жақтырмайтын, Қош!.. де оған, еңсеңді көтер де тік!.. Қалды артында арманы, абзал жұрты, Абзал жұртын арбаған арзан күлкі. Арзан күлкі көншітпес көңіліңді Құлазыған үй құсап тозған мүлкі. Көпен қайтып барады, Көпен қайтып, Бәрі-бәрі, бәрі де бекер-ді айтып... Күлкісінен айрылып қалған елдің, Жұбатамын жүрегін, көкем, қайтіп?.. Қалды артында қалжыңы, Қалды әзілі, Дәмді әзілі тиетін жанға жылы. Бақи бағын мәңгілік мекендесін Сатираның – сардары, сарбаз ұлы!.. Махаббатпен мың сүйсе бірді ұнатып, Бақыт, Бақыт... Бұл, бірақ, мұңды Бақыт! Көпен кетіп барады, Көпен кетіп, Шын күлдіріп қазақты, шын жылатып!..Қалқаман САРИН, ақын
Иесі кетті, киесі қалды... Көпен аға қайтыс болардан бір күн бұрын Ғалым Жайлыбай, Жанарбек Әшімжан, Бауыржан Халиолла, Мұхтар Ниязов бәріміздің басымыз қосыла қалған кеш еді. Әр нәрсенің басын шалып отырғанымызда әңгіме Көпен Әмірбекке қарай ойысқан: ол кісінің ауырып, төсек тартып қалғанын, орнынан тұрып, асханаға аяғымен барыпты деген хабарын естіп, бәріміз дертке шипа, денге саулық тілеген едік... Таңертең «Көпен аға кетіп қалыпты» деген жайсыз хабар төбеден ұрғандай есеңгіретіп тастады. Көпен ағамен «Айқын» редакциясында қоян-қолтық жұмыс істедік. Ол кісі «Ара» сатиралық қосымшасын «Айқынның» ішінен шығаратын. Әр нөмірді тап-тұйнақтай етіп, бәрін өзі әзірлеп әкелетін. Беттеуші жігіттердің қасында отырып, «Араның» әрін келтіруге күш салатын. Көпағаң келгенде редакция күлкіге көмілетін еді... Жаспен де, жасамыспен де қалжыңдаса беретін... Алғаш Көпен Әмірбек есімін осы «Ара» журналы арқылы танығанымыз анық. Одан кейін жақын араласқан кезіміз Шерағаң қарамағында қызмет еткен «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы. Бас редактор газет жұмысын ширату үшін бұрынғы оннан асатын бөлімдерді біріктіріп, алты үлкен бөлімге айналдырған. Экономика бөліміне ауыл шаруашылығы, егін шаруашылығы деген сияқты бұрынғы бірнеше бөлімді біріктіріп, ашық дауыспен бөлім редакторларын сайлап, жұмысты жаңаша үйлестірген кезде Көпен аға менің қарамағыма тап болды. Сол кезден бастап шығармашылық жұмыста аралас болдық. Кейін ағалы-інілі болып кеттік. Көпен ағаның ауызша әңгімелері елді ұйытатын. Тыңдаған адам күлкіден ішек-сілесі қатып, көпке дейін езуін жия алмай жүретін еді... Сатира саласының талай сарбазымен аралас болды. Оспанхан, Қалтай, Үмбетбай тәрізді усойқы жанр жампоздарымен қатар жүрген кездерін қызықты етіп әңгімелеп беретін. Кейінгі жастарға айтар сөзі, берер тәжірибесі мол еді. «Көпен келе жатыр» деген бір ауыз сөзі қанатты тіркеске айналған. Енді «Көпен кетіп бара жатыр» деген мұң мен өкінішке толы сөздер айтылып жатыр... Қайсыбір жылдары Көпен аға да Парламент сайлауына түскен. «Ұтылып» келе жатқан беті екен. Екеуміз пойызда Шымкенттен Алматыға жеткенше бірге келдік. Сонда айтып едім: «Көпаға, саясатты қайтесіз? Сатираның өзі саясат емес пе? Ресейде бір ғана Петросян неге тұрады? Анау Задорнов ше? Жванецкийдің мысқылы адам өлтіреді... Бәрін тастап, сондаймен айналыспайсыз ба?» – дегенімде, басын әнтек көтеріп: «Әй, мына ақылың дұрыс-ей», – деп еді... «Бір арманым – Елбасы Астана жасаса, мен Астанада бала жасадым» деп өзі айтпақшы, артында жетіле қоймаған Жұбанышы қалды... «Жұбанышты жеткізсем» деген арманына жете алмай қалды... «Көке, мен сабаққа барып келем» деп бетінен сүйіп, мектепке кеткен екен Жұбаныш... Енді оның көкесінің келмейтіні қандай жаман?!. Кешелі бері Қазақ елі Көпенін жоқтап күңіреніп жатыр... «Күлкі – күштілердің қаруы» дейтін Темірбек Қожекеев ұстазымыз. Көпен сол қарудың иесі еді! Иесі кетті, киесі қалды...Нұртөре ЖҮСІП, сенатор
Өзінің ауыр қазасымен жұртын жылатып, кете барды... Өлімнің бетіне күле қарап кетті. Ергөбектен: ол – шөбере, мен – немере, «біз Ергөбек қағанатын құрып жатырмыз» деп әзілдесіп, қалжыңдасып жүретін едік. Ол өмірде қанша қиындық көрсе де, өзі өмірін арнаған, талантын, қуатын жұмсаған сатира жанрының мінезімен күле қарап, күшеніп жүруші еді. Оның жасаған сатиралық дүниелері қазақ сатирасын Оспанхан биігіне жеткізген, Оспанхан биігінен сатираны әрегірек апарып, жаңа жанрлық сипат, жаңа жанрлық түр берген азамат еді. Ол жазбаша ғана сатирик емес, ауызша да аузынан күміс күлкі төгілген, нағыз күлкінің күлігі еді. Оның аузынан шыққан әрбір сөз афоризмге айналып, қорғасыннан құйғандай, ауыздан ауызға сол заматта тарап жөнелетін. Көпекеңнің тума талант екенін дәлелдейтін мұндай сәттер өте көп. Өліміне тіпті күліп кетті дейтінім, қатты сырқатқа жолыққанда да мұңайған жоқ. Обыр оның әуелі бетінің бір жартысын ісіріп жіберді. Соның өзін қалжыңмен көмкеріп, «бір бетім жоқшылықтың, бір бетім тоқшылықтың белгісі» дейтін еді әзілдеп. Соңғы сырқаты ауыр тисе де, жанға батқан қасіретін өзінің шуақты юморымен қабылдап жатты. Бір ғана сөз: «Сүт кенжем Жұбанышты мектепке апарып үлгерем бе, үлгермеймін бе деп едім, үлгердім. Ал енді үйленгенін көрсем бе деп едім, оған үлгермейтін сияқтымын», – деп қоштасты. Көпекеңнің қаламынан туған әрбір сатиралық шығармасынан бөлек, «Көпен келе жатыры», күні кеше ғана соңғы нүктесін қойған «Жол-жөнекейі», мұның бәрі де халқымызға құнарлы мирас болып қаларына сенемін. Көпекең мына өмірге жылап келіп, бүкіл қазақты күлдіріп тіршілік етіп, өзінің ауыр қазасымен жұртын жылатып, кетіп бара жатыр деп ойлаймын. Қош, қимас аға!Құлбек ЕРГӨБЕК, сыншы, профессор
Бақұл бол, асыл аға! Мен Көпен көкемді көргенде Аристотельдің бас сүйегін көргендей болатынмын. Бұл да бекерден бекер болатын ассоциация емес. Комик Алексид баснописец Эзопты жеті данышпанның бірі ретінде қарастырар ма еді, егер сатираның философиямен қатысы болмаса. Шынында да, философ болу үшін жартылай сатирик болу шарт, ал сатирик болу үшін жартылай философ болуың керек. Міндетті түрде. Содан болса керек, Көпен ағамды көргенде философты көргендей болатыным. Иә, философия – Ақиқат. Ал оны сатирасыз айту мүмкін емес. Бірінсіз бірінің күні қараң. Екеуінің бір-біріне тартылыс күшін өзара тартылыс күші деп атаған дұрыс болар еді. Мұнда тепе-теңдік басым. Мұнда гармония басым. Екеуі домбыраның қос ішегі сияқты. Екеуі бір-бірімен бір сызықтың бойында кездеспейді. Бірақ екеуін бірге шертсең, жаңа тартылыс күшіне тап боласың. Бұл – ой мен сөздің тартылыс күші. Көпен аға маған осындай ғажап гравитациялық құбылыстың дирижеріндей әсер қалдыратын. Көпен ағаның көзі Көпеннің көркін ашып тұратын. Шымкенттің ашық-шашық жататын дарбазасы сияқты. Көзіне кіріп кете барасың. Көпен ағаның көзі оның бар болмыс-бітімін алдыңа жайып салатын. Көпеннің қой аузынан шөп алмайтын жуастығын да көзінен байқайсың. Көпеннің ала жіпті аттамайтын адалдығы да көзінен көрінетін. Ең аяғы ат аунағанша, ақыл тауып кететін тапқырлығын да көзі айтып тұратын. Сондай асыл ағамыздан айырылып қалдық. Құдайға кім қылыш алып жүгірген?! Құдай салды, біз көндік. Бақыл бол, асыл аға! Алла панасына алсын!Шархан ҚАЗЫҒҰЛ, жазушы