Шымкентте Қ.Яссауи ілімін жалғастырушы, түрік жұртына танымал ақын-жазушы Юнус Эмренің ескерткіші қойылды. Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, Түркия Республикасының сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу, Түркия Республикасының Шымкент қаласындағы Құрметті Консулдығының құрметті Консулы Асанов Латипша Қаймаханұлы мен қала тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алған шаһар басшысы жазушы Юнус Эмренің шығармашылығы мен өмір жолына тоқталды. «Ю.Эмре бізге Қожа Ахмет Яссауидың сопылық ілімін жалғастырушы ретінде белгілі автор. Оның шығармалары сүйіспеншілік пен мейірімділікке негізделген. Түркі жұртына танымал «Көк түрік» деп рух берген Мағжан Жұмабаевтың шығармалары да Юнус Эмре есімімен тығыз байланысты», – деді М.Әйтенов.Қала басшысы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Президенттерінің жыл сайынғы кездесулері достық пен мемлекетаралық қатынастардың беріктігін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол түбі бір түркі жұртының тарихы мен мәдениетінің және рухани байланыстарына негізделген қазақ-түрік достығының дәлелі ретінде Шымкент қаласының Измир, Ескишехир, Адана қалаларымен достық байланыс орнатқанын да атап өтті. Түркия елімен стратегиялық жоспарлардың, сауда-экономикалық қарым-қатынас пен бірлескен жобалардың жаңа белеске көтерілетініне сенім білдірген қала әкімі Шымкент қаласы мен Түркия Республикасы арасындағы бауырластықтың нығаюына үлкен үлес қосып жүрген Түркия Республикасының Шымкент қаласындағы Құрметті Консулдықтың құрметті Консулы Латипша Қаймаханұлының атқарған еңбегін ескерусіз қалдырмады. Сөз соңында М.Дүйсенбекұлы жиылған жұртқа ақжарма тілегін жолдап, зор денсаулық, берекелі табыс, бақ-береке тіледі.
Шымкент қаласы