Медициналық нысандар саны артады
Медициналық нысандар саны артады
599
оқылды
Астанада денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше маңыз беріліп отыр. Оның ішінде медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, 2020 жылдан бері дәрігерлердің орташа жалақысы 60 пайызға өссе, орта буын мамандарының жалақысы 50 пайызға өсті. Сондай-ақ емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов медицина мекемелерінің басшыларымен кездесті. Ең бірінші астанада денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын да­мыту мәселесі қолға алынған. Елор­­даның ауқымды жобаларының бірі – ТЖ ауруханасының (№3 көп­салалы қалалық аурухана) Ramada Plaza ғимаратына көшуі. Ескі ТЖ ау­ру­ханасының аумағына жаңа пери­наталдық орталық салынады, өйт­кені бұл шағын ауданда осы мә­селе (Сарыарқа ауданы) өте өзекті болып тұр. Бұдан бөлек, Алматы ауданында №1 көпсалалы қалалық ауруханасының жанында тағы бір перинаталдық орталық салынады. Дәрігерлерге жағдай жасалған Қала әкімінің айтуынша, бір­қатар медициналық мекемеге жөн­деу жүргізілді. «Жағалау-3» және «Нұрлы жол» вокзалы ауданында амбулаториялық-емханалық ке­шен­дердің, Көктал-1, Пригород­ный, Телман және тағы басқа елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтардың құрылысы жоспарланған. Қадам­дық қолжетімділік аясында соңғы 3 жылда 40 «Үй жанындағы дәрігер» нысаны (оның 7-еуі елді мекендерде орналасқан) ашылды. Жыл соңына дейін тағы 10 нысан ашу жоспар­ланған. Оған да жеке инвестициялар тартылды. Екінші маңызды мәселе, меди­цина қызметкерлеріне жағдай жа­сау. 2020 жылдан бастап дәрігер­лердің орташа жалақысы 60%-ға, орта буын медицина қызметкер­лері­нің жалақысы 50%-ға өсті. Ке­лесі жылы дәрігерлердің жалақысын тағы 35%-ға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын 10%-ға арттыру жоспарланып отыр.
«Кадрларды жұмылдыру үшін гранттар бөлеміз. Осылайша, 3 жыл ішінде жоғары білім алуға 750 грант қарастырылады. Қазіргі оқу жылы­на – 250-ге жуық грант бөлінген. Сол сияқты медицина қызметкер­леріне арнап жатақхана салуды жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар Астанада меди­циналық мекемелердің материал­дық-техникалық базасын жақсарту да жүйелі түрде қолға алынған. Соң­ғы 3 жылда медицина мекеме­лері 3 мыңға жуық арнайы жабдық­пен жабдықталды. Мысалы, олар­дың қатарында ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томо­граф­тар, желдеткіштер, жылжы­малы флюорографиялық кешендер, цифрлы рентгенографиялық жүйе­лер және тағы басқалар бар. Осы жұмысты ары қарай да жүйелі түрде жалғастыру жоспарланған. Жақында ғана жедел жәрдем стансасы 55 машинамен толықса, бұған дейін 100-ден аса арнайы көлік пен реанимобиль берілген болатын. Емхананы еркін таңдауға болады Айта кету керек, елордада ал­ғаш­қы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын еркін таңдау бо­йынша тіркелу науқаны жалғасып жатыр. Жыл сайынғы дәстүрлі кампа­ния екі ай бойы, 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін өтеді. Қазір астана­лық­тар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 ме­ди­циналық ұйымға тіркеле ала­ды. Олардың 16-сы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар. Барлық емхана аумақтық қағидат бо­йынша жұмыс істейді және паци­ент емхананың қызмет көрсету ау­ма­ғында тұрған кезде ғана үйде ме­ди­циналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуі­не, сон­дай-ақ отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді. жедел жәрдем Алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек ұйымына тіркелген пациент учаскелік дәрігердің қа­был­дауы, өзінің денсаулық жағда­йын бақылау, амбулаториялық дә­рі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ск­ри­нинг­тік тексерулер, диагнос­тика­лық зертханалық және аспап­тық зерттеулер сынды медициналық көмектерге қол жеткізіп, қажет жағ­­дайда ауруханаға жатқызуға жол­­дама алады.
«Тіркеу науқаны кезінде азамат­тар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана Медициналық сақтан­дыру қорының жеткізушілер тізі­мін­де болуы тиіс. Биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу меке­месінің қызметін 2023 жылдың 1 қаң­­тарынан бастап пайдалана ала­ды. Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қыз­метіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да сол клиниканың қызметін пайдалана берсе болады», – дейді «Әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Медициналық көмексіз қал­мас үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханада немесе элек­тронды үкімет веб-порталын­дағы жеке деректерде (ЭЦҚ арқылы авторизациялау) тіркелу мәртебесін тексеруі қажет. Тіркелу орнында маман-дәрі­гер­ді таңдау учаскедегі тіркелген тұрғындардың санын есепке ала отырып, жүзеге асырылады. Жалған ақпарат берілген жағдайда; паци­ент­тің нақты тұру мекені емхана­ның қызмет көрсету аймағынан тыс жер­де орналасқаны анықталған уақытта; жалпы практика дәрігеріне тіркелген халықтың саны 1 700 адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кеткен жағдайда; тіркелетін тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін. Ем­хана­ға тіркеу немесе тіркеуден дә­лелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде орындалады. Еске сала кетейік, тіркеу науқа­ны­на Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізі­мімен қордың ресми сайтының «Ем­хана таңдау» бөлігі арқылы та­ны­суға болады. Ерекше ота жасады Астана әкімдігінің медицина саласына ерекше көңіл бөлуінің ар­қа­сында аяғы жансызданған аза­матқа елордалық дәрігерлер ерекше ота жасады. «Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры» КЕАҚ елорда филиалының баспасөз қыз­метінің мәлімдеуінше, пациентке МӘМС жүйесі аясында ем жүргі­зіліп жатыр. Рудный қаласының тұр­ғыны 2022 жылдың маусым айын­да жұмыс уақытында жүк көлі­гінен секіремін дегенде, алдыңғы жарақатының салдарынан аяғы жан­сызданып, жүк көлігінің астына оң аяғымен құлап, ауыр жарақат алады. Сол мезетте жедел жәрдем ша­қы­рылып, ол жергілікті көпсала­лы ауруханаға жеткізілген. 5 ай уақыт аралығында аурухана­да болған науқастың аяғын сақтап қалу үшін оған Илизаров аппараты қойыл­ды. Сонымен қатар осы ара­лықта бірнеше ауыр ота жасалынды. Пациентті әрі қарай емдеу мақса­тын­да Рудный қаласының көп­салалы аурухана дәрігерлері телем­едицина арқылы академик Н.Бат­пе­нов атын­дағы Ұлттық ғылыми трав­матология және ортопедия ор­та­лығының мамандарымен бай­ла­нысты.
– Пациент жайлы толық ақпа­рат нақтыланған соң науқасты Ас­та­на қаласына жеткізу ұсынылды. Сөйтіп, қазан айының соңында пациентті біздің орталыққа жеткіз­геннен кейін бөлімше дәрігерлері оны толық қарап, жағдайын ой­ласты. Консилиум барысында алдымен тері трансплантациясын жасаймыз, содан соң науқасқа осыған дейін орнатқан Илизаров аппаратын шешіп, оң аяғына басқа жолмен бекіту туралы шешім қа­был­данды. Айта кету керек, емнің бәрі МӘМС жүйесі шеңберінде жасалынып жатыр, – дейді ака­демик Н.Батпенов атындағы Ұлт­тық ғылыми травматология және ортопедия орталығының №4 трав­матология бөлімшесінің дәрігері Әлия Атапилева.
Медициналық мекемелер зама­н­ауи диагностикалық және опера­циялық құралдармен жабдықталып, оларды қолдану техникасын мең­гер­ген мамандар болған кезде мұндай оталардың сәтті аяқ­талатыны анық.