Халықтың «Қаламқасы»
Халықтың «Қаламқасы»
289
оқылды
Абай облысының беделді ұжымы, өнер мен мәдениетке зор үлес қосып келе жатқан «Қа­лам­­­қас» халық ән-би ансам­­блі 50 жылдық мерей­тойын атап өтті. Осыған орай ансамбльдің іргетасы қаланған Абай ауданында көлемді іс-шаралар өтті. Аудан орталығында орналасқан ұлы Абай­дың ескерткішіне гүл шоқта­рын қойып, тағзым етуден бастал­ған шара Мәдениет үйінде болған көрмемен жалғасын тапты. Көр­меде «Қаламқас» халық ән-би ансам­блінде қызмет еткен ардагер өнерпаздардың өмірі мен шығар­машылығынан үзінді көрсетіліп, архив беттерінде сақталған ерек­ше естеліктер ұсынылды. Көрмеден кейін ардагер өнерпаздардың арнайы дайын­даған мерекелік концерті өтті. Әні мен биі, сәні мен күйі жарасқан «Қаламқастың» жұлдыздары ха­лық­тың ықыласына бөленіп, ерек­ше құрметке ие болды.
Әрине, «Қаламқас» бірден «Қаламқас» бола салған жоқ. Оның қалыптасу тарихы ертерек, Ойқұдықтағы «Еңлік-Кебек», Кремль сахнасындағы «Жалбыр», Алматыдағы «Қаракөзден» бастау алады. Кейін қасиетті топырақтан қуат алған дарынды жастар «Қа­лам­қас­тың» негізін қалауға зор ықпалын тигізді. Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген аталы сөз бар. Бұл бекер емес. Ұжымның жетістігі көп, жетері әлі алда, өнер аспанында қанатын кеңге жайған, өзіндік өрелі тарихы бар. Жұрты­мызды әнімен тамсандырып, биімен баурап жүрген ізбасар жас­тарды тәрбиелеп, елдің қоше­метіне бөленіп келеді», – деді өз сөзінде шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.
Айта кетсек, «Қаламқас» ан­сам­блінің өнердегі тарихы мен өсу, өркендеу жолдарының бас­тауы ретінде 1917 жылы Ойқұдық жазығындағы қазақ үйде қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасын атауға болады. 1966 жылы Абай жастары республикалық байқауға жолдама алып, Алматыдағы М.Әуезов атындағы драма театрында М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясын сахналап, I дәрежелі дипломды иеленеді. Ал 1967 жылы Қазақстан көркемөнерпаздарының арасын­да тұңғыш болып Мәскеудің Кремль сахнасында Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» атты музы­ка­лық драмасын қойып, бүкіл­одақтық фестивальдің алтын медалін жеңіп алды. Өнерпаздар өз бойында зор қабілет-қарым барына көзі жетіп, көңілі сенді. Өнердің кең шалқарына, биік белестеріне ұмтыла түсті. Осы сенім мен ұмтылыс «Қаламқас» ән-би эстрадалық ансамблінің құрылуына көмектесті. Жарты ғасыр – өнер ұжымы үшін аса үлкен тарих. Бұл тарихта өмірден озған қаншама қайрат­кердің тынымсыз еңбегі мен маңдай тері бар. Олар армандап, аманаттап кеткен, халықтың ай­на­сына айналған өнер ордасының абыройына кір келтірмей, ажарына сызат түсірмей, шаң қондырмай ұстау бүгінгі қалам­қастықтардың міндеті болмақ.

Б.ИКРАМОВА