Абай облысының беделді ұжымы, өнер мен мәдениетке зор үлес қосып келе жатқан «Қаламқас» халық ән-би ансамблі 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Осыған орай ансамбльдің іргетасы қаланған Абай ауданында көлемді іс-шаралар өтті. Аудан орталығында орналасқан ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталған шара Мәдениет үйінде болған көрмемен жалғасын тапты. Көрмеде «Қаламқас» халық ән-би ансамблінде қызмет еткен ардагер өнерпаздардың өмірі мен шығармашылығынан үзінді көрсетіліп, архив беттерінде сақталған ерекше естеліктер ұсынылды. Көрмеден кейін ардагер өнерпаздардың арнайы дайындаған мерекелік концерті өтті. Әні мен биі, сәні мен күйі жарасқан «Қаламқастың» жұлдыздары халықтың ықыласына бөленіп, ерекше құрметке ие болды.
Әрине, «Қаламқас» бірден «Қаламқас» бола салған жоқ. Оның қалыптасу тарихы ертерек, Ойқұдықтағы «Еңлік-Кебек», Кремль сахнасындағы «Жалбыр», Алматыдағы «Қаракөзден» бастау алады. Кейін қасиетті топырақтан қуат алған дарынды жастар «Қаламқастың» негізін қалауға зор ықпалын тигізді. Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген аталы сөз бар. Бұл бекер емес. Ұжымның жетістігі көп, жетері әлі алда, өнер аспанында қанатын кеңге жайған, өзіндік өрелі тарихы бар. Жұртымызды әнімен тамсандырып, биімен баурап жүрген ізбасар жастарды тәрбиелеп, елдің қошеметіне бөленіп келеді», – деді өз сөзінде шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.Айта кетсек, «Қаламқас» ансамблінің өнердегі тарихы мен өсу, өркендеу жолдарының бастауы ретінде 1917 жылы Ойқұдық жазығындағы қазақ үйде қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасын атауға болады. 1966 жылы Абай жастары республикалық байқауға жолдама алып, Алматыдағы М.Әуезов атындағы драма театрында М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясын сахналап, I дәрежелі дипломды иеленеді. Ал 1967 жылы Қазақстан көркемөнерпаздарының арасында тұңғыш болып Мәскеудің Кремль сахнасында Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» атты музыкалық драмасын қойып, бүкілодақтық фестивальдің алтын медалін жеңіп алды. Өнерпаздар өз бойында зор қабілет-қарым барына көзі жетіп, көңілі сенді. Өнердің кең шалқарына, биік белестеріне ұмтыла түсті. Осы сенім мен ұмтылыс «Қаламқас» ән-би эстрадалық ансамблінің құрылуына көмектесті. Жарты ғасыр – өнер ұжымы үшін аса үлкен тарих. Бұл тарихта өмірден озған қаншама қайраткердің тынымсыз еңбегі мен маңдай тері бар. Олар армандап, аманаттап кеткен, халықтың айнасына айналған өнер ордасының абыройына кір келтірмей, ажарына сызат түсірмей, шаң қондырмай ұстау бүгінгі қаламқастықтардың міндеті болмақ.
Б.ИКРАМОВА