Тарихтағы алғашқы алтын
Тарихтағы алғашқы алтын
Әзербайжан астанасы Баку қаласында пара дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр. 8-11 қараша күндері 41 мемлекеттен келген 270 парадзюдошы сынға түседі. Тартысты бәсекеде ұлттық құрама атынан 18 спортшы бақ сынайды. Бакуде өтіп жатқан пара дзюдо­дан әлем чемпионатының бірінші күні ел құрамасы үшін сәтті бастал­ды. Қазақстан қоржынына екі алтын және екі қола жүлде түсті. Алғашқы алтынды J-2 категория­сында 48 келі­ге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ақ­марал Науатбек қанжығасына байлады. Финалда француз қызы Ауиерес Мартинет Сандринмен кездесіп, иппонмен таза жеңіске жетті. Ақтық сындағы Ақмаралдың қуанышы мен таңда­нысында үлкен мән бар еді. Өйткені ол ұлттық құрама атынан әйелдер арасында бақ сынап, тарихта тұңғыш рет алтын медаль иеленді. Тарқатып айтар болсақ, спорт әлемінде Ақмарал Науатбектің киноға бергісіз тағдыры бар. Оның татамидегі жанкештілігі мен жігеріне талай бапкер сүйсінген. Өйткені ол ел атынан ресми түрде кадеттер арасындағы Еуропа кубогына қатысып, топ жарады. Сонда біразы «бұл қыз қалай алғашқы турнирінде бірінші орын алды?» деп таңдай қағады. Бұдан кейін де ол талай жарыста көмбеден көрініп, жанкүйерлердің жүрегін жаулайды. Алайда сол күйі әлем чемпионаты дейтін биік бағында жүреді. 2017 жылы Загребте өткен жастар арасындағы әлем чемпио­натында финалда өнер көрсететін орай туғанымен, спортшының уысынан шығып кетеді. Одан кейін дзюдошының денсаулығы сыр беріп, көзінің тор қабығы жырты­лады. Дәрігерлер «соқыр болғың келмесе, дзюдоны қою керек» деп бірден кесіп айтады. Артынша көзіне операция жасатқасын, дзюдодан бір сәт қол үзеді. Бірақ анасының қолдауымен дзюдоға қайта оралып, жаттығуын бастайды. Сондай күндердің бірінде пара дзюдо федерациясының бапкері Ақмаралға құрама сапында өнер көрсетуге ұсыныс жасайды. Ұзақ ойлана келе, бапкердің айтқанын тыңдап, жаңа сүрлеу салуға бел байлайды. Осылайша, Науатбектің пара дзюдодағы жолы басталады. Сұхбаттарының бірінде 2024 жылы Парижде өтетін олимпиадада ал­тын­нан алқа тақысы келетінін айтқан-ды. Әрі «жолымның пара дзюдомен тоғысуында үлкен бір тарих жатқан болар» деуінің өзі жан жадыратады. Ақмарал Науатбек Ал екінші алтынды 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Ерғали Шамей жеңіп алды. Ол финалда неміс балуаны Сасс Леннарттан басым түсіп, бірінші орынға ие болды. Одан кейін Даянва Федосова (57 кг) мен Олжас Оразалыұлы (73 кг) әлем чемпио­натының қола жүлдегері атанды. Жарыстың екінші күні 90 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жанбота Аманжол қола жүлдегер атанды. Ол үшінші орын үшін тартысты германиялық Горал Даниэльмен кездесіп, иппонмен жеңіске жетті. Дене мүмкіндігі шектеулі тұл­ғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жоғары жетістіктер спорты және өңірлік даму жөніндегі директордың орынбасары Әділхан Өмірзақов парадзюдо­шыларға дән риза. Өйткені Қазақстан тарихында күні бүгінге дейін мұндай нәтиже тіркелмеген-ді.

Айбике ЖАНАСЫЛ