2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз – Президент
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне қатысып жатыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы саммитте түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажеттігіне тоқталды.
«Осыған орай, біз 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оны Түркі университеттері одағы аясында өткізуге болады.
Біз академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет. Сондықтан, 2023 жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ «Цифрлық кітапхана» құру мәселесін ортаға салды.
«Түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш.
Осы орайда, мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде дәріптеудің маңызы зор.
«Шындығын айтсақ, жаһан жұртшылығы біздің ұйымның жұмысы туралы әлі де жақсы біле бермейді. Дегенмен, қазір Түркі ынтымақтастығы идеясы бүкіл әлемнің назарын өзіне аудара бастады. Түркі өркениеті туралы хабар беретін құнды деректер жер шарының түрлі аймақтары мен құрлықтарынан табылып жатыр.
Бұл – біздің елдерімізге ортақ құндылықтар. Сондықтан, қолда бар тарихи және тілдік деректерді жүйелеп, ретке келтіру маңызды міндет деп ойлаймын. Ғылыми институттардың және мекемелердің аясында белсенді жұмыс ұйымдастырып, оны әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруымыз керек. Ұйымның жұмысы дипломатиялық саммиттер мен қорытынды құжаттары бар кездесулермен ғана шектеліп қалмағаны жөн. Түркі мемлекеттері ұйымы барша түркі әлеміндегі халықтарды жақындастыратын ықпалды орталыққа айналуы қажет деп санаймын», – деді Президент.
Бұған дейін экономиканы дамыту үшін көлік-логистика мәселесін оңтайлы шешу керектігін айтқан болатын.