Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Семей қаласындағы «Qazaq Astyq group» ЖШС май экстракциялық зауытына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Былтыр іске қосылған өндіріс ошағы майлы дақылдарды өңдеу бағытындағы ірі әрі заманауи зауыттардың бірі.
Кәсіпорындағы күнбағыс шикізатын өңдеу қуаты тәулігіне мың тоннаны құрайды. Дайын өнім отандық нарықтан бөлек, ТМД елдеріне экспортталады. Қазіргі уақытта зауытта 400-ге жуық адам еңбек етеді.
«Еліміздің өсімдік майы өндірісінде әлемдік деңгейге көтерілуіне күмән жоқ. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне үлкен көлемдегі экспортқа шығуға мүмкіндік бар. Өз кезегінде мемлекеттің саясаты егістік алқабын әртараптандыруға және май дақылдарын өсіруді субсидиялауға бағытталуы тиіс. Осылайша осы сектордағы импорттың үлесін азайтуға және жеке қайта өңдеуші өндіріс ошақтарын дамытуға септігіміз тиеді», – дейді Жигули Дайрабаев.