Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткерлер арасында теледебат өтті
Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткерлер арасында теледебат өтті
434
оқылды
Бүгін «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар арасында теледебат өтті. Ережеге сәйкес, теледебат төрт раундтан тұрды. Бірінші кезең – «сайлауалды бағдарламаның тұсаукесері», онда әр қатысушы  бағдарламасын таныстырады. Екінші кезең – «пікірталас сессиясы»  онда қатысушылар қарсыластарына екі сұрақ қоя алады. Үшінші кезең – «сайлаушылардың сұрақтары». Бұл кезеңде сайлаушылар кез келген кандидатқа сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Төртінші кезең – «сайлаушыларға үндеу». теледебат Кандидаттардың сенімді өкілдері мен жақтастары пікірталасты студияда отырып, көзбе-көз бақылауға мүмкіндік алды. Алғашқы кезеңде кандидаттар өз бағдарламаларымен қысқаша таныстырып өтті. Бағдарламаны таныстыруға әр кандидатқа 3 минут берілді. Кандидаттардың сөйлеу реті алдын ала тартылған жеребеге сәйкес болды. Ең алдымен Тоқаевтың сенімді өкілі Ерлан Қошанов сөз алды.
«Бүгінгі таңдағы халқымыздың ең басты талабы қандай? Ол – әділдік! Бағдарламаның негізгі өзегі де осы.  Біріншіден, Әділетті қоғам. Яғни қоғамда заң үстемдігі мен тәртіп салтанат құруға тиіс. Екіншіден, Әділетті экономика. Ендігі жерде билік те, байлық та бір қолға шоғырланбайды. Шетел асқан халық қазынасы елімізге толықтай қайтіп оралады. Үшіншіден, Әділетті мемлекет. Яғни, мемлекет ешкімнің жеке меншігі емес. Әділетті, байқуатты және қауіпсіз мемлекетті бәріміз бірге құратын боламыз» - деді Қошанов.
Екінші болып «Ұлттық альянс» қоғамдық ұйымынан президентікке кандидат Қарақат Әбден өз бағдарламасын таныстырды. Ол сайлау додасына әлеуметтік бағыттағы бағдарлама әзірлегенін айтты.
«Балаларға тегін орта білім беру мәселесін біржола шешу, мектеп балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету, оқушыларымызға бос уақытында таланты мен қабілетін жүзеге асыратын жағдай жасау, оларды тегін қызмет көрсететін мекемелер желісін кеңейтуге көңіл бөлемін. Сонымен қатар мектеп бағдарламасында ұлттық құндылықтар мен рухани даму бағыттарында тәрбие беретін жаңа пән енгізуді көздеп отырмын» - деп атап өтті ол.
Үшінші болып сөз алған Жигули Дайрабаевтың сайлау бағдарламасы дала демократиясын дамытып, ауыл шаруашылығы саласын жандандыруға бағытталған.
«Мен Ата заңымыздың басты қағидаты – билік те, байлық та халыққа тиесілі болуын сөз емес, іс жүзінде жүзеге асырамын. Қарапайым еңбек адамының рөлін арттырамын. Әр адамның азамат болып қалыптасуына, тынымсыз еңбек ететін мұғалімдердің, жан мен тәніміздің сақшысы болып жүрген дәрігерлердің, ел ырыздығын молайтып отырған ауыл еңбекшілерінің беделін бәрінен жоғары қойып, қайта асқақтатамын» - деді кандидат Дайрабаев.
Төртінші үміткер, Нұрлан Әуесбаев өзінің бағдарламасы саяси реформаларға, сыбайлас жемқорлықпен күреске, Қазақстанды парламенттік-президенттік республикаға айналдыруға бағытталғанын айтты.
«Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту керек. Жемқорлық қылмыс барынша ұзақ мерзімге жазалануы тиіс. Олигархиялық капитализм емес, халықтық экономика құру керек», - деді ол.
Ал Салтанат Тұрсынбекова бесінші болып сөз алып, ең алдымен әлеуметтік мәселелерге баса назар аудару қажет екенін жеткізді.
«Ең төменгі жалақы мен күнкөріс мөлшерін қайта қарау, кедейшілікпен күрес бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру қажет. Баспанамен қамту мәселесін де шешу керек. Отбасыларға ана капиталын беріп, барлық баланы жәрдемақымен қамтуға тиіспіз. Ең бастысы, әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуіміз керек», - деді кандидат.
Алғашқы кезеңде соңғы болып сөйлеген Мейрам Қажыкен жастарға ерекше үміт артатынын білдіріп, ЖОО-да білім беруді дамытып, жастарға тегін білім алуға мүмкіндік қарастырып отырғанын айтты.
«Өңірлерді мемлекеттік басқару жүйесі дамитын болады. Әкімдердің дербес шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейеді. Қуатты өңірлер – қуатты республика. Халық барлық әкімді өзі сайлайды. Бұл азаматтардың жергілікті биліктің халық алдындағы шешім қабылдау және есеп беру деңгейін арттыратын болады», - деді ол.
«Пікірсайыс сессиясы» деп аталған сұрақ-жауап кезеңінде кандидаттар өзі таңдаған 2 оппонентке сұрақ қойып, жауап алды. Регламентке сәйкес, қатысушы 30 секунд ішінде сұрақ қойып, ал оппонент 2 минут ішінде жауап беруі қажет болды. теледебат «Сайлаушылардың сұрақтары» атты үшінші кезеңде кез келген азаматқа кандидатқа сұрақ қою мүмкіндігі берілді. «Хабар» арнасы азаматтарға 10 қарашаға дейін «Кандидаттан сұра!» деген айдар аясында кандидатқа бейне форматта сауал жолдау мүмкіндігін ұсынған болатын. Сол бойынша келіп түскен сұрақтар рандомайзер арқылы таңдалып, кандидаттар оларға жауап берді. теледебат Төртінші кезең «Сайлаушыларға үндеу» деп аталды. Бұл кезеңде кандидаттар сайлаушыларға өз үндеулерін жолдады. Еске сала кетейік, 2022 жылдың 20 қарашасында елімізде Президент сайлауы өтеді.