Қуат үнемдеуден қанша пайда түсті?
Қуат үнемдеуден қанша пайда түсті?
242
оқылды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев елдегі энергия үнемдеу саясатының қалай жүріп жатқанын айтты.
«Қазақстан энергияны көп қажет ететін елдердің қатарында. Энергия үнемдеу саясатын белсенді ұстанудың арқасында жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 2008 жылғы деңгейден 38 пайызға төмендетуге қол жеткізілді. Бұл қызметтің басталуы 2012 жылы өнеркәсіп саласын технологиялық жаң­ғыртуға ерекше рөл берілген түбегейлі жаңа «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңның қабылдануымен қаланды. Саясаттың заңнамалық негіздерін бекітіп, мем­лекеттік энергетикалық тізілім түрінде тиімді құралдар жасай отырып, өнер­кәсіп секторының энергия сыйым­дылығы 2 есе төмендеді», – деді вице-министр IV Халықаралық энергия үнемдеу форумында.
Оның айтуынша, мұндай нәтиже­лерге энергия аудиттерін жүргізу және энергия үнемдеудің бес жылдық жос­парларын іске асырудың арқасында қол жеткізілген.
«Мәселен, 2012 жылдан бастап энергия аудиті өткізілді, оның қоры­тындылары бойынша 323 млрд теңге сомасына энергия тиімділігі жөніндегі іс-шаралар іске асырылды, бұл бізге жылына 82 млрд теңге үнемдеуге көмектесті. Бюджеттік секторда энергия тұтынуды азайту үшін Еуропа елдерінің стандарттарына ұқсас ғимараттар, тех­но­логиялар, жабдықтар үшін энергия тиімділігі бойынша талаптар енгізілді, энергия сервистік келісімшарттар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамыту үшін ынталандыру шаралары, оның ішінде қаржылық шаралар көзделген», – деді Қарабаев.

А.ҚАЗАҚ