Әлеуметтік салаға басымдық беріледі
Әлеуметтік салаға басымдық беріледі
© коллаж: Елдар Қаба
531
оқылды
Қай мемлекетте болмасын қан­­дай да бір жеңілдіктерге, пре­ференцияларға, субсидиялар мен төлемдерге құқы бар халық­тың әлеуметтік бір бөлігі болады. Олар – зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көп балалы, аз қам­тылған отбасылар. Қазір Ас­та­на­­мызда сондай 190 мың адам бар. Осы ретте елордамызда әлеу­мет­тік салаға үлкен басым­дық берілетінін байқауға болады. Олай дейтініміз, қала бюджетінің тең жартысы әлеуметтік салаға ар­­налған. Әлеуметтік бюджет – 49% Мұндай мәліметті таяуда өткен қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия­сының отырысында білдік. Астана қала­сының 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті жобасында әлеуметтік сала шығыстары 258,3 млрд теңгені немесе бюджеттің 49% құрайды екен. Әрине, бұл соманың барлығы әлеуметтік төлемдерге жұмсалмайтыны анық. Түрлі мектеп, аурухана, емхана сынды тағы да басқа әлеуметтік нысандардың құрылысы мен күтіміне, азаматтарды әлеуметтік қолдауға, барлық әлеуметтік кепілдіктер мен халық алдындағы міндеттемелерді сақтауға негіз­делмек. Мәселен, 2022 жылғы қала бюджеті жобасы бойынша шығыстар 391 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелеріне – 13,9 млрд теңге, ден­­саулық сақтауға – 8,9 млрд теңге, мә­дениетке – 7,6 млрд теңге, дене шынықтыру және спортқа – 7,9 млрд теңге, білімге 101 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
«2022 жылғы қала бюджеті жобасы бойынша шығыстар 391 миллиард теңгені құрайды. 2023 жылы бұл соманы 416 миллиард теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр. Ал 2024 жылы шығыстар 401 миллиард теңгені құрайды. Бұған қоса, қаланың дамуына республика бюджетінен 100,5 миллиард теңге сомасына мақсатты трансферттер қарастырылған. Соның ішінде 2022 жылы – 89 миллиард теңге, 2023 жылы – 10 миллиард теңге», – деді Эко­номика және бюджеттік жоспарлау бас­қармасының басшысы Қайсар Ман­қараев.
Тұрақты комиссияның отырысында әлеуметтік салаға жауапты басқармалардың алдағы үш жылдық бюджеті талқыланып, қажеттіліктері қайта пысықталды. Мәсе­лен, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб басқарма бюджеті әліде болса 7,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы­ландыруды қажет ететінін жеткізді. Соның ішінде қаладағы төрт Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының ғимараттарын жалға алуға, атаулы және мерекелік күндерге төлем жасауға, қоғамдық көлікте жеңілдік­пен жүретіндердің жолақысын төлеуге, тісті протездеу қызметіне, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың бірқатар мұқтаждықтарына, тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеу­мет­тік бейімдеу орталығын жөндеуге, жұмыс­пен қамту орталығы қызметкерлерінің жала­қысын көтеруге қосымша қаржы керек. Жұмыс әлде жәрдемақы Жалпы, Астана қаласының Жұмыспен қам­ту және әлеуметтік қорғау басқармасы жүргізіп отырған жұмыстар барысы өте ауқымды екенін атай кеткен жөн. Мұнда мекеменің аты айтып тұрғандай, бірінші кезекте халықты жұмыспен қамту және мұқтаж жандарға көмектесу жұмыстары жүзеге асырылады. Өйткені әлеуметтік сала – мемлекеттік саясаттың жауапты бір бөлігі ғана емес, халықтың көңіл-күйі тез көрініс беретін лакмус секілді индикаторы. Жұмыспен қамтуда басқарма жұмыс беру­ші мен тіркеуде тұрған жұмыс іздеуші ара­сындағы дәнекерлік рөлге ие. Мұндай мақ­сатта баршаға белгілі арнайы HeadHanter және Job сынды түрлі қосымшалар пайдаланылады екен. Одан бөлек «Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері» жиі өткі­зіліп тұрады. Ал басқарманың әлеуметтік қорғау қызметіне тікелей қаражат төлем­дері жатады. Түрлі санаттағы азаматтар, аз қамтылған отбасылар атаулы әлеуметтік көмектер, мерекелік даталарға түрлі төлем­дер және тегін жолақы, тісті протездеу, коммуналдық шығындарды өтеп беру түрінде жеңілдіктер алады. Қазір, мәселен, үйге газ қосып беру бойынша шығындарды өтеп жатыр екен. Одан бөлек қатты отын алу шығынын, дәріге жұмсалатын шығы­нын өтеп беру де қарастырылған. Басқарма басшысынан бұған дейін қалыптасқан кон­тингенттің ішіндегі санаттарды жаңа­лау немесе кеңейте түсу бойынша жұмыстар жүргізілуде ме екендігі туралы сұраған едік.
«Бұл тізімді жаңадан туындаған қажет­тіліктерге, талаптарға қарай кеңейтіп оты­руға тырысамыз. Мәселен, биыл түзеу мекемелерінен босап шыққан жазасын өтеген азаматтарға көмектесуді қолға ала бастадық. Мұндай бұрын бізде жоқ болатын. Сотталғандар бостандыққа шыққаннан кейін алғашқы кездерде ақшадан, тұратын орыннан, жұмыстан, бір сөзбен айтқанда, қоғамға қайтадан сіңісіп кетуден қиналып жатады. Біз осы жылдан бастап осындай адамдарға уақытша төлем жасау туралы норманы қабылдадық. Олар уақытша орналасуы үшін бір айға тұрғын үйдің ақшасын төлейміз. Біздің жұмыспен қамту орталықтарымыз оларға жұмыс тауып береді. Одан бөлек белгілі бір қызметке немесе төлемге қатысты оларды алатын адамдар­дың санатын кеңейтеміз. Мәселен, бұрын үйге газ қосып беруді тек зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына, көп балалы отбасыларға көрсететін болсақ, биыл бұл санатқа жетімдерді, яки балалар үйінің тәрбиеленушілерін қостық. Бұл көмек – аз ақша емес, 413 000 теңгені құрайды. Бір реттік төлем үй иесінің шығынының 50%-ын жабады. Айталық, Астанада зейнеткерлер саны – жасы бойынша 90 мың адам, ал еңбек өтілі бойынша 25 мың адам, барлығы 115 мың адам. Осылардың он пайызы жер үйде тұрады десек, газ тарттыру үшін бюджеттен қанша қаржы қажет екенін өзіңіз санай беріңіз», – дейді Астана қаласының Жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб.
Маманның айтуынша, жұмыссыздыққа қатысты Астанада жағдай тұрақты екен. Егер Қазақстан бойынша ол 4,9% болса, елордада 4,7%. Бұл көрсеткіш соңғы 5 жылдан бері осылай сақталып келеді. Жұмыс іздегендер болса, жұмыс табудан ешқандай қиындық жоқ. Өйткені, бос жұмыс орындары саны бізде жұмыссыздар санынан асып түседі екен. Ал ұсынылатын жұмыстардың қандай екені, біліктілік талаптары, еңбекақысы ол бөлек мәселе. Бірақ, тіркелген жұмыссыздардың ұсы­нылып отырған жұмыстарды істегенінен гөрі жұмыссыздыққа берілетін жәр­демақыны алып отырғанды құп көретіндері көп. Мәселен, мұндай жәрдемақының құны соңғы жұмысындағы алған айлы­ғының 40%-ын құрайды. Айталық, соңғы жұмысыңызда 300 мың теңге алған бол­саңыз, мемлекеттік төлем 120 мың теңгені құрайды. Осындай соманы жарты жылға дейін алып тұруға болады. Ал оған дейін жұмыс істемеген болса немесе жәрдемақы алып келген болса, онда мұндай әлеуметтік көмек төленбейді. Жұмыссыз қалған адам еңбекпен қамту орталығына баруы тиіс. Мемлекеттік қолдаудан ешкім сырт қалмайды Астанада ең көп бос жұмыс орындары құрылыс саласында екен. Өйткені, Астана құрылғаннан бері құрылыс үлкен дүмпумен жүріп жатыр. Қымбатшылыққа немесе басқа себептерге байланысты ол кішкене кідіргенімен, тоқтап қалып жатқан жоқ. Бірақ, сонда да болса жұмыссыздық мүлдем жойылып кетіп отырған жоқ.
«Біздің басқармада ресми түрде 6 мың жұмыссыз адам бар. Оның 2,2 мыңы дәл осы жұмыссыз қалғаны үшін жәрдемақы алатындар. Ал 3 мың адам жұмыспен қам­ты­лу шараларына тартылуда. Олар – «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орыны» және тағы да басқа бағдарламалар. Ал қалғандары жұмыссыздық жәрдем­ақысын алу уақыты бітіп, белсенді түрде жұмыс іздеп жүргендер. Мен 6 мың адам деп біздің органда тіркелгендерінің санын ғана айтып отырмын. Ал Ұлттық бюроның мәліметі бойынша Астанадағы жұмыс­сыздар саны 29 мың адамды құрайды. Енді бұл адамдар ресми жұмыс істемейтін себебі, өз беттерінше табыс табатын болуы керек. Болмаса, бізге хабарласуды қажет деп таппайды», – дейді Илья Скуб.
Жалпы еліміз бойынша ең көп жеңіл­діктер мен преференциялар қарас­тырылатындықтан дотациялық өңірлерден Астанаға ағылатындар аз емес екен. Әйтсе де, көшіп келіп, тіркеліп жатқандар болса – бір жөн. Араларында ешқандай құжат­тары жоқтары да кездесетін көрінеді. Ондай адамдар балаларын да ешқандай рәсімдемейді екен. Ондайлар көп ретте саяжай алаптарында қоныстанады. Басқарманың осындай жұмыстармен айналысатын қызметкерлері бар. Солар учаскелік полиция қызметкерімен бірге жүріп тексеру жүргізеді. Мысалы, таяуда 5 баласы бар 27 жастағы бір келіншек табылыпты. Осы уақытқа дейін ешқандай құжаты болмаған. Мемлекеттен ешқандай көмек те алмаған, емханаға да тіркелмеген, балаларының да құжаты жоқ. Астаналық әлеуметтік сала қызметкерлері мұндай адамды бірінші рет көріп отыр екен. Сол кісіге құжаттарын дұрыстап берген. Бұл мемлекет қолдауынан ешкімнің сырт қалмайтынын білдірсе керек.
«Халықтың әлеуметтік осал тобының мәселесі тек бір органның аясында ғана шектеліп қалмауы тиіс. Өйткені, мұнда жан-жақты шешуді талап ететін мәселелер көп. Біз өз тарапымыздан қажетті ұсы­ныстар беріп, бірқатар шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Солардың ішінде мүгедектігі бар адамдар туралы айтайық. Олардың қол арбасының пайдалану мерзімі үйдегі түрінікі – 7 жыл, сыртта айдайтыны – 5 жыл. Осы мерзімде олар әбден тозады. Біз осы уақытты 4 және 3 жыл етіп қысқартуды ұсынып отырмыз. Сонда осы мәселеге байланысты келіп түсетін шағымдар да азаяды. Мұның соңы ақшаға келіп тірелетіні белгілі. Бірақ, біздің мемлекеттік саясаттың басым бағыты – әлеуметтік саясат. Сондықтан да бұл ұсынысымыз жаңа Кодекске енгізілді. Ол қолданысқа енген кезде осы айтқан­дарымыз көрініс табатын болады. Біз жұмыс істейтін санаттағы азаматтардың барлығымен тұрақты түрде хабарласып, өз деңгейімізде шешілетін мәселелері болса өзіміз шешіп, ал жоғарырақ деңгейдегі мәселелерді хат етіп жолдаймыз. Бізде қадағалау функцияларымыз жоқ, біз тек ұсыным, кеңес етіп қана бере аламыз», – дейді басқарма бастығы.
Бұл жұмыстардың барлығын әлеуметтік орган қалалық мәслихат депутаттарымен тығыз қарым қатынаста жүзеге асырып отыр. Жылдан жылға Астана кеңейіп келе­ді, өкінішке қарай, басқарманың штаттық бірлігі соңғы бірнеше жылда кеңеймеген екен. Сол себептен де, осы жұмыстардың барлығын өз күштерімен жүзеге асыруда. Әйтсе де, әлеуметтік салаға берілетін ба­сым­дықтан уақыты келгенде оларды да айналып өтпесі анық.