Бүгін жергілікті уақытпен 16:20-да Ыстанбұлдың Истикляль көшесінде жарылыс болды. Салдарынан 6 адам қаза тауып, 53-і жарақат алды. Осы орайда Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы Түркиядағы отандастарымызды сақ болуға шақырды. Жарылыс Ыстамбұлдың Бейоглу ауданындағы Истикляль көшесінде болды. Оқиға орнында жедел медициналық көмек бригадалары, құтқарушылар мен өрт сөндіру қызметі жұмыс істеп жатыр. Ыстанбұл губернаторлығының мәліметінше, жарылыс салдарынан 6 адам қаза тауып, 53 адам зардап шеккен. ҚР Ыстанбұлдағы Бас консулдығы Түркиядағы қазақстандықтарға, әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде барынша сақ болуға кеңес береді. Қазақстанның шетелдік өкілдігі түрік билігімен байланыста. Зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат жоқ. Ыстанбұлдағы ҚР Бас консулдығының байланыс телефоны +90 212 662 53 49. Бұған дейін еліміздің сыртқы істер министрлігі жарылыс құрбандарының арасында қазақстандықтардың бар-жоғы тексеріліп жатқанын хабарлаған еді.