Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері даулы мәлімдеме жасаған жас маманға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz. 11 қарашада Абай ауданында комиссиясының отырысы өтті. Оған «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша ауылға келген Ақбастау орта мектебінің физика пәні мұғалімі Әлихан Ибрагимовтың жариялаған үндеуі себеп болды. «Бұл жағдай мұғалімнің жұмыс орнында үш күн бойы болмауынан туындаған. Мұғалімді жұмыстан уақытша шеттету туралы шешім қабылданып, түсіндірме хат талап етілген. Дәлелді себептермен жұмыста болмағанын растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін ұстаз қызметтік міндетіне кірісті. Бұл ретте Әлихан Ибрагимовты қызметінен босату туралы бұйрық шығарылмаған. Сонымен қатар жоба аясында жас ұстазға көтерме жәрдемақы төленіп, екінші деңгейлі банктен бюджеттік несие берілгенін хабарлаймыз», – делінген Massaget.kz тілшісінің сауалына берілген ресми жауапта. Сондай-ақ комиссия мүшелері білім мекемесінің басшылығына маманға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған. «Оқу орны типтік ғимаратта орналасқан және барлық санитарлық нормаға сай келеді. Сыныптарды жинақтау шағын жинақы мектептерге қойылатын талаптарға сай жасалған. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, блок-модульдік қазандық орнатылған, температура режимі қалыпты. Іссапар қорытындысы бойынша комиссия мүшелері білім мекемесінің басшылығына маманға жан-жақты қолдау көрсетіп, шағын жинақы мектепте қолданылатын оқыту әдістемесін үйретуді тапсырды", – делінген ресми жауапта. Еске салайық, бұған дейін желіде Әлихан Ибрагимов атты мұғалім мектептегі білім деңгейінің төмен екенін айтып, үн қатқан видеосы тараған еді.