«Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы және Damu Research Group зерттеу тобы 29 қазан – 10 қараша аралығында бірлесіп әлеуметтік сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың сайлауға қатысуы жоғары болатынын көрсетті. Қазақстандықтардың 77,5%-ы дауыс беруге ниетті, олардың 61,8%-ы міндетті түрде дауыс беретінін, 15,7%-ы дауыс беруге келуі мүмкін екенін, 9,7%-ы сайлауға қатысқысы келмейтінін, 12,8%-ы әлі шешім қабылдамағанын айтты. 81,6% қазақстандықтар Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге дайын. Жигули Дайрабаевқа қазақстандықтардың 2%-ы, Қарақат Әбденге – 1,7%-ы, Салтанат Тұрсынбековаға – 0,7%-ы, Мейрам Қажыкенге – 0,5%-ы, Нұрлан Әуесбаевқа – 0,4%-ы дауыс беруі мүмкін. Бәріне қарсы – 4,7% дауыс берілуі мүмкін. 8,4% адам әлі кімге дауыс беретінін шешпеген. Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау деңгейінің жоғары болуы, ең алдымен, оның қызметін қолдаумен байланысты болып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың 88,3%-ы жалпы алғанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы 3 жылдағы қызметін қолдайтынын атап өтті. 7,6%-ы қолдамайтынын, 4,1%-ы жауап беруге қиналатынын айтты. Сонымен қатар 67,5% адам Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы халықтың мүддесін ескереді деп есептейді. Сауалнама кезінде 22,7% адам үміткердің сайлауалды бағдарламаларымен әлі таныс емес екенін атап өтті. Сол сияқты сауалнама деректері көрсеткендей, әрбір үшінші респондент елдегі саяси жаңалықтарды үлкен қызығушылықпен назарда ұстайды. Әрбір екінші адам жағдайға қызығушылық танытады. 14%-ына мүлдем қызық емес.