Қызылжарда жеңіл көлік жүргізушісі аялдамада тұрған төрт адамды қағып кетті
Қызылжарда жеңіл көлік жүргізушісі аялдамада тұрған төрт адамды қағып кетті
Фото: СҚО ПД
195
оқылды
Қызылжарда жеңіл көлік жүргізушісі аялдамада тұрған төрт адамды қағып кетті. Оның үшеуі - бала. Барлығы жарақаттанған. Аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Астана арнасы. Жол көлік оқиғасы Панфилов көшесінде болды. Ваз көлігі автобус аялдамасына барып соққан. Онда тұрған 4 адам жарақаттанды.
“Біз көлікпен келе жаттық. Жолдағы суды шашыратпай өту үшін ақырын өттік. Ал қасымызда келе жатқан ваз көлігі тоқтамай тез жүрді. Сол кезде оның көлігі аялдамаға барып соғылды”, – дейді куәгерлердің бірі Ольга.
Апат салдарынан 39 жастағы әйелдің аяғы бірнеше жерден сынған. Тағы үш бала түрлі бас және дене жарақаттарымен балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Екеуінің жағдайын дәрігерлер қалыпты деп бағаласа, үшіншісінікі ауыр дейді.
“12 жасар баланың саны қатты зақымданған. Сүйегі сынып, терісі мен еті тілімделген. Жараның ұзындығы 40 сантиметр. Біз оған күрделі ота жасадық. Бұдан бөлек бас сүйегіне де соққы тиген. Қазір жағдайы ауыр, бірақ тұрақты”, – дейді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Шыңғыс Нұрғалиев.
Көшелерде жаңбыр суы көлкіп жатыр. Көктайғақ жоқ. Ал апаттың неден болғанын полицейлер анықтауда.
“Медициналық куәландырудың нәтижесіне сәйкес ваз автокөлігінің жүргізушісі мас емес. Жол көлік оқиғасы бойынша жинаған материалдар істің мән жайын анықтау үшін Петропавл қаласы полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне жіберілді”, – дейді Петропавл қаласы потрульдік полиция батальонының взвод командирі Нұрбек Байлин.
Бұл оқиғадан кейін бірер сағаттан соң дәл осы жерде тағы бір жол апаты болды. Мерседес пен мицубиси соғысып, екі адам зардап шекті. Құзырлы органдар бұл қауіпті аралыққа аса мән берсе дейді тұрғындар.