Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз көші-қон арнасының жолы кесілгенін хабарлады. 21 қазанда комитеттің Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті қылмыстық топты әшкерелеген. Арнайы операция прокуратурамен бірлесіп жүргізілді. Ресми деректерге сәйкес, қылмыстық топ Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің мемлекеттік шекаралары арқылы шекарадан өтуге шектеу қойылған тұлғалардың заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруға маманданған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде қылмыстық топтың белсенді мүшесі саналатын шетел азаматы заңсыз сипаттағы қызмет көрсеткені үшін 700 000 теңге көлемінде ақша алған кезде ұсталды. Шетел азаматына және қылмыстық топтың басқа да мүшелеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы 2-бөлігі («Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды» деп мәлімдеді ҰҚК баспасөз қызметі.