Елордадағы әлеуметтік нысандарды аралады
Елордадағы әлеуметтік нысандарды аралады
178
оқылды
Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізуді мақсат еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу» деп, кезекті Жолдауында баса мән берген болатын әрі елорданы дамытуға арналған жиында бас қаладағы бірқатар нысанды жөндеу қажеттігін айтып, тапсырма берген еді. Осы орайда, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар нысанды аралап, медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту бойынша атқарылып жатқан жобалар ретімен танысты. Әуелі былтыр тамызда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде ашылып, жұмыс істеп келе жат­қан «Жанұя» отбасылық инсти­тутын қолдау орталығына ат ба­сын бұрды. Қазіргі күні орталықта «бір терезе» қағидаты бойынша 12 мемлекеттік ұйым мен меке­ме­ден көрсетілетін 70 қызмет бірік­тірілген. Ашылғалы бері 24 403 мәселе бойынша 11 мыңнан астам адам хабарласып, оның ішінде 18 404-іне жүйелі кеңестер берілген. Нұр-Сұлтан қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Сәуле Нұрғожина орталықтың жұмыс ба­рысымен егжей-тегжей таныс­тырып, ашық қоғамдық қабылдау жұмыстары істейтінін хабарлады. – Отбасыларға заңгерлік, пси­хологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Орталық жұ­мыс табуға, жүзеге асырылып жат­қан мемлекеттік бағдарлама­лар туралы егжей-тегжейлі ақ­парат алуға, денсаулық сақтау, білім беру, баспана, бизнесті бас­тау және мемлекеттік қолдауға кезең-кезеңімен және жүйелі кеңестер беруге мүмкіндік береді. Қазір мұнда 4 ауданда атаулы әлеуметтік көмек қабылдау және тағайындау жүзеге асырылады, – дейді ол. Оның айтуынша, Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қоры, астанадағы Әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы, «Атаме­кен» кәсіпкерлер палатасы, «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» мамандары салалық кеңес бе­реді әрі білім басқармасы жалпы білім беру, балабақшалар, үйір­мелер мен секциялар, оқуға грант­тар алу, мектеп оқушы­ла­рына жол жүру билеттерін алу жөнінде, мектепке дейінгі жас­тағы ба­лаларды (7 жасқа дейін) бала­бақ­шаға жолдау үшін кезекке қою, мектепке қабылдау, мүгедек балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарында құжаттарды қабылдау бойынша жүйелі мәлі­меттер береді. Аралау бары­сында орталықтың қызме­тіне жү­­гініп, кезекте тұрған ана­лар тиіс­ті қызмет түрін алып жат­қа­нына куә болдық. Орталық­тағы та­ғы бір құптарлық қызмет түрі – «Kasipker ana» орталығы. Мұнда аналарға ар­налған жеке бизнесті дамытуға қолдау көрсету бойынша маман­дар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әйелдердің бизнесті ашуға немесе үйде жұмыс істеуге қызығушы­лығын дамытуға, пай­далы бизнес құруға жан-жақты көмек көрсетеді. Мәселен, «Kasipker ana» жобасы басталғалы бері оқу­ға 434 әйел өтініш беріп, қазір 250 әйел оқып жатыр. Оның ішінде негізгі дайындық курсын 65 адам аяқтап, он шақтысы сәтті жұмыс істеп жатқан көрінеді. 2019 жылы 1 қарашада Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталық жұмысымен танысып әрі жоғары бағалап, аймақтарда осын­дай орталықтар құруды тап­сырғаны есімізде. Арнайы топ бұдан соң қала­дағы №2 емханасы мен орталық жол ауруханасының бүгінгі жай-жапсарымен танысты. Амбула­ториялық-емханалық көмек, оның ішінде алғашқы медици­на­лық-санитарлық көмек, кон­суль­тативтік-диагностикалық көмек, стационарлық көмек (25 төсек), оңалту және қалпына келтіру емі (7 төсек) қамтылған емхананың жалпы ауданы 8 мың шаршы метрге жуықтайды. Емхана ди­рек­торы Ләззат Рыспекованың мә­лімдеуінше, емхананың өнді­ріс­тік қуаты ауысымына – 440 адам. Қазір мұнда 63 660 адам тіркелген. – Біздің міндетіміз заманауи диагностикалық, медициналық, профилактикалық негізде аза­маттардың денсаулығын үнемі жақсартуға бағытталған халыққа сапалы амбулаториялық-меди­циналық көмек көрсету. Сондай-ақ сапалы әлеуметтік меди­ци­налық көмекке бағытталған қа­жет­тілікті орындау басты мақ­са­тымыз, – дейді Ләззат Рыспекова. Ал салынғанына 60 жыл болған қаладағы ең ескі медици­налық ұйым Орталық жол ауру­ханасының ғимараты ескіріп, апатты жағдайда екені көп тал­қыланып, ақыры Мемлекет бас­шысының назарына іліккен еді. Бүгінде аурухана күрделі жөн­деуден өтіп, 2018-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі 1,2 млрд теңге бөліп, жаңа орталық стандарттарға сәйкес заманауи жабдықтармен қамтылып отыр. Ауруханаға хирургиялық, гине­кологиялық, патоло­гиялық және анатомиялық бөлім, тамақтану бөлімі кіреді. 2019 жылы ги­некологиялық ғимарат жөнде­ліп, неврология, урология, ла­боратория және әкімшілік бө­лімдерін апатты ғимараттардан көшірген болатын. Қалалық қо­ғамдық денсаулық сақтау басқар­масының жетекшісі Сәуле Қисы­қованың айтуынша, алғашқы ме­дициналық-санитарлық кө­мек­пен (АМСК) елорда тұрғында­рының тек 1 пайызы ғана қамтыл­маған. Бұл 35 434 адам. Олардың 22 мыңы сырттан келгендер санатында. 10 мың адам тіркеуден бас тартқан. Оның мәліметінше, бас қаладағы Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қорымен ке­лі­сімге отырған 93 медицина­лық ұйым­ның бәрінде алғашқы меди­циналық-санитарлық кө­мек­тің барлық түрі көрсетіліп отыр. «Елордадағы мекемелерді ара­лап шықтық. Қалалық №2 ауру­ханада МӘМС жүйесінің енгізі­луіне байланысты біршама жұ­мыстың атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Маған мәлім етіл­гендей, қала тұрғындарының 92,5 пайызы медициналық сақ­тандырумен қамтылып отыр. Бұл үлкен жетістік деп айтуға болады. 1 сәуірге дейін әлі уақыт бар. Сондықтан қалған азаматтарды қамту керек. Егер оған ілікпеген азаматтар болса, тегін медици­налық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында оларға тиісті көмек-қолдау көрсетілуі тиіс», – деді Үкімет басшысының орын­басары. Ералы Тоғжанов сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық жол ауруханасының жұ­мысына да оң бағасын берді. «МӘМС-ке енбей қалған азамат­тарды міндетті түрде анықтау керек. Олардың саны белгілі. Ол тек медицина саласы азаматтары­ның міндеті ғана емес. Бұл жұмыс ІІМ-мен бірге жүргізілуі тиіс. Нұр-Сұлтан қаласына басқа об­лыстардан көшіп келетін азамат­тар көп. Келген азаматтарға ке­рек­ті жағдайда көмектің бәрі көрсетіліп жатыр. Медицина саласындағы реформаның көме­гімен дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруға мүмкіндік бар. Бұл нысан Қазақстан Пре­зидентінің бақылауында. Ол жа­қында осында болып, нақты тап­сырмаларды жүктеген бола­тын. Президент тапсырмасы орындалды», – деді ол.   Серік ӘЛІМЖАНОВ, Нұр-Сұлтан