Astana Hub: неге сенімнен айырылды?
Astana Hub: неге сенімнен айырылды?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
539
оқылды
Astana Hub технопаркі төрт жылдық жұмысын қорытындылады. Бір қарағанда, ауыз толтырып айтарлық көрсеткіштері бар. Бірақ оның бір бөлігі көзбояушылық көрінеді. Мұны тәуелсіз сарапшылар емес, Есеп комитеті ескертіп отыр. Құзырлы органның мәлімдеуінше, министрлік тарапынан тиісті бақылаудың болмауы кесірінен, Астана Хаб майнинг фермалар үшін «оффшорлық алаңға» айналып кеткен. Жатжұрттық мамандарға ел қаржысынан он миллиондап жалақы төлеген. Бюджетке масыл болуын да жалғастырды. Басқа былығы да әшкереленді. Бұл құрылым неге сенім үдесінен шыға алмады? Елдегі майнерлердің оффшоры жойылды 2018 жылғы 6 қарашада сол кездегі Мем­лекет басшысы «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ашылу салтанатын дүркіретіп өткізген болатын. Ресми рәсімде бұл технопаркке үлкен үміт артылды. Ел өмірінің бүкіл саласына заттар интернеті, жасанды интеллект, 3D-баспа технологиялары және блокчейннің белсенді енгізілетіні жарияланды. «Астана Хаб» ха­лық­аралық технологиялық паркіне заманауи инновациялық экожүйенің өзегіне айналу міндеті жүктелді. Қазақстанда Бизнесті жебеушілер клубын (QazAngels), Венчурлік капиталистер қауымдастығын және Бірлесе инвестициялау қорын құру міндеті қойылды. Содан бері аттай төрт жыл өтті. Әлемде де, өз елімізде де түбегейлі өзгерістер болды, дәуір ауысты, мемлекет пен қоғам өмірі жаңғырды. Өзгермеген тек Астана Хаб қана. Тек 2018 жылы ІТ саланы дамытуға мем­лекет 118 миллиард теңге шығындапты. Не өзгерді? Осының алдында отандық бағдар­ламашылар барлық ұлттық компанияны бақылайтын «Самұрық-Қазына» қоры шет­елдік компаниялардан бағдарламаларды қымбатқа сатып алатынына наразылық білдірген. Олардың байламынша, орасан зор қаражатты жатжұрттық фирма­ларға аудара бергенше, отандық мамандардың басын біріктіріп, лайықты қаржыландырып, билік­тің барлық деңгейі мен бүкіл квазимем­лекеттік секторда солардың әзірлемелерін қолданған жөн. Мысалы, аймағымыздағы Эстония, Украина, Беларусь, Иран сияқты шағын елдердің қолынан бұл келді. Әйтпесе, шетелдік вендорлардан бағдарламалық қамтылымды сатып алу қымбатқа түскенімен қоймай, бұл елді шетелге тәуелді етеді және ақпараттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Осымен айналысуы тиіс Astana Hub не бітіріп жүр? Биыл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына және ақпараттандыру саласында мемлекет актив­терін пайдалану тиімділігіне аралық бағалау жүргізген Есеп комитеті біраз былықтың бе­тін ашты: Цифрлық даму министрлігі тара­пынан тиісті бақылаудың болмауы кесірінен, Астана Хаб қатысушыларының қатарына криптовалюта майнингін жүзеге асыратын фермалар қаптап енген. «Салдарынан Астана Хаб майнингтік компаниялар үшін салықтық жеңілдіктер беретін «оффшорлық алаңға» айналды. Майнинг компанияларының қызметі Astana Hub технопарктің мәніне, мақсаты мен мін­деттеріне сәйкес келмейді, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ба­ғытталмаған. Соған қарамастан оларға са­лықтық жеңіл­діктер мен преференциялар берді. Нақты­ласақ, криптовалюта майнингі саласында жұмыс істейтін 5 компанияға тек 2021 жыл­дың 1-3 тоқсанында берілген салық префе­ренцияларының жалпы сомасы 8,5 миллиард теңгеге жетті. Соның ішінде бір ғана ком­пания ресми түрде «майнер» ретінде тіркел­ген», – деп түсіндірді Есеп комитеті. Мемлекеттік аудиторлардың ұсынысы­мен, Astana Hub IT-стартаптардың халық­ара­лық технопаркі қызметінің миссиясы мен мақсаттарына сәйкестігі тұрғысынан тех­нопарк қатысушыларына жаппай түгендеу-ревизия жүргізілді. Мұның сыртында ақ­параттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы Басым қызмет түрлерінің тізбегіне өзгерістер енгізілді. Технопарк қа­ты­сушыларына цифрлық майнингпен ай­налысатындарға инфрақұрылым ұсынуға шектеу қойылды. Ревизия қорытындысында хаб 73 қатысушысымен арадағы келісім­шартын бұзды. Технопарктің миссиясы мен мақсаттарына сәйкес келмейтін қызметті жүзеге асыруына байланысты 10 қатысушы технопарктен шығарылды. Есеп бермейтін, тоқсан сайынғы есептерін ұсынбайтын 25 қатысушы да хабтан қуылды. Егер ревизорлар үш жыл өткенде тексеріс жүргізбегенде, бұлар ары қарай бюджетті сора беретін еді. Ал жауапты шенділер астаналық хабтың қатысушылары бәленше миллиардтың өні­мін өндірді деп «көзбояу» көрсеткіштерімен босқа мақтанып, сол үшін бонустар ала бе­ретін еді. Ол миллиардтардың көбі май­нерлердің криптовалютасы екенін және ел экономикасына қызмет етпей, шетелге кететінін жұрт білмес еді. Хаб төрт жылда не бітірді? Оны білу үшін соның өз өкілдеріне сөз берсек.
– Көптеген отандасымыз Astana Hub қатысушылары жасаған стартаптардың игілігін көріп жатыр. Бұл технологияларды түрлі саладан байқауға болды. Мысалы, жұмыста – бұл Documentolog сервисі. Қала ішінде – Parqour паркинг қызметтері, CITIX смарт тақталары, UvU қауіпсіз таксиі, «Қолжетімді Қазақстан» қозғалысы шектеулі адамдарға арналған қоғамдық орындардың қолжетімділік картасы және басқасы, – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Оның айтуынша, тартылған инвестиция көлемі бойынша стартаптардың үздік үштігі келесідей: біріншісі, JET – ұялы қосымша арқылы скутерді жалға беру қызметі. Екін­шісі, Serebra – нейрондық желілер негізінде инсультті ерте диагностикалау бағдарламасы: жүйе Қазақстан бойынша 20 инсульт орта­лығында пилоттық режимде енгізілген. Үшін­шісі СТОграмм – автосервистерді, қосалқы бөлшектерді іздеу платформасы.
«Astana Hub қызметі IT-бизнес үшін экожүйені қалыптастыруға, IT-таланттарды қолдауға және стартап жобаларды дамытуға бағытталған. Бүгінде Astana Hub-та 930 IT-компания тіркелген. Соның ішінде 170-і – шетелдік капитал қатысқан фирмалар. Оларға хаб ақпараттық, оқыту, материалдық инфрақұрылым, бизнесті дамыту бағдар­ламалары, арнайы салықтық және визалық тәртіптер тұрғысынан қолдау көрсетеді. Технопарк резиденттері 12 мыңнан астам жұмыс орнын ашты», – деді технопарктің баспасөз хатшысы Әсел Мизамқызы.
Оның дерегінше, Astana Hub іске қосыл­ғалы, яғни 4 жыл ішінде технопарк қатысу­шыларының жиынтық табысы 383 млрд теңгені құрады, оның ішінде ІТ қызметтер экспорты – 123,3 млрд теңге. 2018 жылдан оның базасында 15 мыңнан астам адам Startup School, No-code School, Freelance School, Beta Career, Tech Orda сияқты білім беру бағдарламаларынан өтіпті. 2 мың адам Astana Hub акселерация және инкубациялау бағдарламаларының түлектері атанды. Олардың бәрі қайда деген сауал туады. Біразы шетелге кеткені жасырын емес. Ресейліктер отандық маманды ығыстыра ма? Жалпы, егер технопарк қатысушыла­рының жиынтық табысы 383 млрд теңгені құраса, Astana Hub аста-төк (3,8 млрд) қар­жының астында қалған болды ғой? Онда неге бюджетке салмағын салып отыр? Мәжіліс депутаты Юрий Ли осы мәселені таяуда Пар­ламент мінберінен көтерді: оның айтуынша, Astana Hub резиденттері 2022 жылдың үшін­ші тоқсанында 117 миллион доллар табыс тауыпты.
«Егер осы соманың 1 пайызы Astana Hub бюджетіне түссе, ол табысты кәсіпорын болып шығады емес пе? Соған қарамастан 2023 жылы хабты қолдауға бюджеттен 4,5 миллиардтай ел қаржысы шығындалмақ. Сонда Astana Hub қашанғы халық қаржысын шығындай береді, қашан ең құрыса өзін-өзі ақтайтын болады? Әлде биыл майнерлер кеткелі технопарктің қалған қатысушы­ла­рының қауқары шамалы ма?» – деген са­уалдарын бағыттады депутат Үкімет мүше­леріне.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Astana Hub қатысушыларының табысы ар­тып келе жатыр» деді. Бірақ технопарк бә­рібір кем дегенде алдағы 2 жыл бойы бюд­жеттің мойнында отыра береді.
– Биылғы 9 айда олардың табысы шама­мен 150 миллиард теңге болды. Тиісінше, пропорционалды түрде Astana Hub табыстары да артты. Біздің міндетіміз – осы табыс ағындарын уақытша, құбылмалыдан тұрақты сипатқа көшіру, сонда ол өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетеді. Біздің мақсатымыз – рес­публикалық бюджеттің қаржыландыруынан 2026 жылдан бастап бас тарту және хабты то­лығымен өзін-өзі қаржыландыруға шы­ғару. 2024 жылдан бюджеттік қар­жылан­ды­руды кезең кезеңмен қысқартамыз, – деді Б.Мусин.
Оның түсіндіруінше, Есеп комитетінің ұсынымымен резиденттер қатарынан барлық майнер мен майнинг үшін есептеуіш жабдықтарын ұсынып келген компаниялар шығарылған соң 2022 жылдың шілде-қыркүйегінде Астана Хабтың табысы 117 миллион долларды құрады. Қысқасы, технопарк одан ары ел қар­жысын ысырап ете бермек. Мысалы, ол 2019-2021 жылдары ғимараттарды жалға алуға және мамандарының жалақысы шы­ғынына 216,5 миллион теңге қосып жазыпты. Бұл туралы Есеп комитетінің аудиторлық қорытындысында атап өтілген. Құжатта айтылғандай, Astana Hub-қа жекелеген мем­лекеттік қызмет көрсету аясында мемлекеттік тапсырмалар беріледі. Үш жылдағы тапсыр­малардың жалпы сомасы 5,7 млрд теңге болды. Оның басым бөлігін – 56%-ын не 3,2 миллиардын технопарк QazExpoCongress («Астана EXPO-2017») ұлттық компания­сынан көрме кешендері нысандарының бір бөлігін жалға алуға және жалақыға жұмсап жіберіпті. Бұл шығыс түрлерін асыра көрсету арқылы 216,5 млн теңге бюджет қаржысын негізсіз шығындаған. Есеп комитеті Astana Hub-тың мемлекеттік тапсырмалар бойынша бюджеттік өтінімдеріндегі ақпараттар мен есептемелердің жалғандығына бірнеше мысал келтірді. Мәселен, CEO басшысы ретінде жалдан­ған әлдебір Джозеф Циглер деген шетелдікке технопарк 2019 жылы 164,1 миллион теңге төлемақы төледі (айына 13,7 миллион тең­геден). Соның ішінде 98,6 млн теңге – ең­бекақы, тағы 65,5 млн теңге – әлеуметтік қолдау пакеті ретінде белгіленген. Мұның бәрі бюджеттік бағдарламаға қосып жібе­рілген. Ал шынында Астана Хаб шетелдік мамандарды төл табысы есебінен жалдауға міндетті болыпты. Салдарынан хабтың шет­елдік мамандарға ондаған миллион жалақы төлеуін ел бюджетіне көтеруге тура келді. Тұтастай алғанда, мемлекеттік аудитор­лар астаналық халықаралық технопарктің қызметін «қанағаттанарлықсыз» деп ба­ғалады. Астана Хабтағы тағы бір үрдіс алаңдатады. HR-cтратег Берік Камалов дерегінше, хабта тіркелген біраз компания ресейліктерді, ре­локанттарды жұмысқа алуда, тағы бір бөлігі өз персоналын РФ резиденттері қатарынан қалыптастыруды жоспарлады. Себебі санк­ция нәтижесінде солтүстік көршіден батыс­тық жоғары технологиялы компаниялар кетті, ал персоналы далада қалды. Ол қыз­меткерлердің бір бөлігі Қазақстанға көш­пейді, қашықтан жұмыс істейді. Олар енді қазақстандық мамандарды нарықтан ысы­рып шығарады. Ал қашықтан істейтін бей­резидент қызметкерлер салықтардан, әлеу­меттік аударымдардан босатылады, медсақ­тан­дыру жарнасын төлемейді. Соған қара­ған­да, әзірге хаб қызметінде қуантарлық емес, қауіптен­дірерлік жайттар көбірек сияқты.