Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам тұрғын алабында орналасқан №12 спорт мектебінде болып, қосымша корпустың құрылыс жұмыстарымен танысты. Кешен ғимараты 3 қабаттан тұрады. Жертөледе пауерлифтинг оқу-жаттығу залы мен ауыр атлетика оқу-жаттығу залы, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор, төрешілер бөлмесі қарастырылған. Бірінші қабатта вестюбиль-фойе, күзетші және киім бөлмесі, 18 орынға арналған асхана, 210 орындық көрермендер трибунасы бар әмбебап спортзал, киім ауыстыратын және душ бөлмелері мен тренер, инструктор, төрешілер бөлмесі, медпункт болады. Ал екінші қабатта холл, демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон спорт түрлерінен оқу-жаттығу залдары қарастырылған.
Нысан 2 ауысымда жұмыс атқарады деп күтіліп отыр. 1 ауысымда 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады. Одан соң мұнда 252 спортшы сиятын түрлі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалмақ. Спорт мектебі келер жылы пайдалануға беріледі. Сала мамандары мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды тапсырған шаһар басшысы «құрылыс сапасына да баса мән беруіміз керек», – деді.Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында бюджет есебінен – 3, жеке инвесторлар арқылы – 4 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның бірі – «Металлург» стадионын реконструкциялау» жұмыстары. 2020 жылы басталған құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі. Конкурстық құны 3 813 512,0 мың теңге болған стадионды қайта жаңғырту шараларына биыл бөлінген 1 793 128,0 мың теңгенің қазір басым бөлігі игеріліп қойған. Келер жылға 293 311.0 мың теңге қарастырылған. Осылайша құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания «Югстройсервис-Н» ЖШС-і жаңа «Металлург» стадионын спортшыларға келер жылы ұсынады. Бүгінде спортшылар үйінің құрылысы 100 пайыз аяқталған десе де болады. Қазір жартысы біткен ойын түрлеріне арналған үлкен спорт залдың қаңқасы тұрғызылып, қабырғаларын қалау жұмыстары жүріп жатыр. Әкімшілік ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған. Одан кейін 1 500 адамға арналған көрермендер трубинасының, футбол алаңының дренаж жұмыстары мен жылу жүйесін тарту шараларының азғана шаруалары қалған.
Н.САЙЛАУҚЫЗЫ, Шымкент қаласы