«Бұл – тозақ»: туған ұлдан қорлық көрген ана
«Бұл – тозақ»: туған ұлдан қорлық көрген ана
3,319
оқылды
Денесі темекінің шоғымен күйдіріліп, азапталған қарт әжейдің жағдайы Атырауда бірнеше күннен бері талқыланып жатыр. Күләш Ахметова есімді 74 жастағы І топ мүгедегі 4 жылдан бері бірде-бір рет медициналық көмек алмаған. Қабырғаларының сылағы түсіп, қораға айналған «үйде» қараусыз қалған ананың адам шошырлық жағдайы туралы еріктілер әлеуметтік желіге фото, видео жүктегеннен кейін ғана белгілі болды. Еріктілердің айтуынша, әр секунды азаппен өтіп жатқан ананы осындай жағдайға оның туған баласы душар еткен.
Әжейдің адам шошырлық жағдайы туралы Лунара Максутоваға еріктілер хабар берген. «Телефоныма әженің суреттері келген кезде жанымды қоярға жер таппадым. Мынадай сұмдықты бірінші рет көруім. Заман дамып жатыр, адамдардың санасы өзгеруде деп жүрсек, өз қолымен туған анасына айуандық жасайтындар да бар екен», – деді Лунара. «Әже туралы естіген бойда Атырау қалалық полиция бөліміне, Атырау қалалық жұмыспен қамту бөліміне хабарластым. Бірақ қалалық жұмыспен қамту бөлімі «Әжейдің заңды қамқоршысы бар. Мүгедек ретінде мемлекеттен берілетін көмекті алып отыр. Біз араласа алмаймыз», – деді.
Полиция қызметкерімен бірге әжейдің үйіне барған кездегі жағдайымды айтып жеткізе алмаймын. Үй тіпті қорадан да жаман жағдайға түскен. Құлаған қабырғалар, топырақ жиналған еден, азып-тозған ыдыстар мен тау болып үйілген қоқыстың ортасында әже жылап жатты. Тура бір қорқынышты киноға түскендей болдым. Әже сырқаты асқынып, қараусыз қалғандық­тан, сөйлей де алмайды екен. Оқиға орнына дереу жедел жәрдемді шақырдық. Әженің денесінде жарақаттар өте көп болды. Денесіне басылған шоқтың іздерін көргенде, тілім байланып қалды. Сөйтіп, әжені облыстық ауруханаға алып кетті.
Ең өкініштісі, әжені осындай қиын жағдайға өзінің туған ұлы жеткізген. Өз анасына осыншама қатыгездік көрсетіп отырған қаскөй ұлы ауруханаға барып дау шығарыпты. «Анамды заңсыз ұстап отырсыздар» деп емдеуші дәрігерлерге де қоқан-лоққы көрсеткен», – деді Лунара. Бір қызығы, анасын қатыгездік жасаған ұлы ішімдік ішетін маскүнем емес. Есірткі қабылдайтын да адамға ұқсамайды. «Керемет болып киінген. Қолында қымбат телефоны, ноутбугы бар. Сыртынан қараған адам оны анасына осындай айуандық әрекет жасайды деп ойламайды», – дейді Лунара.
Белгілі болғанындай, Күләш әже үш құрсақ көтерген ана. Екі ұл, бір қызы бар. Бір ұлы көз жұмған. Қызы түрмеге түсіп, жазасын өтеп шыққан. Сырқат анасын еш жерде жұмыс істемейтін 1982 жылы туған ұлы «қамқорлығына» алған. Парадокс сол, ауру анасының ақшасына күн көріп, оны адам шошырлық жағдайда ұстап отырған ұлы өз әрекетінен ешқандай сөкеттік көрмейді екен. Тіпті, бір кездері заңгер мамандығын алған ол «отбасыма араласпаңдар» деп, еріктілерге де, қазіргі уақытта әжеге ем көрсетіп жатқан дәрігерлерге де қарсы шу шығарып жүр. Атырау облысы полиция департаменті қазіргі таңда аталған жағдайға байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Қиындығы сол, Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов заң бойынша әженің қамқоршысы бар екендігін алға тартып отыр. «Әже ауруханадан шығарылғаннан соң, ол кісіні №4 Арнаулы қызметтер көрсету орталығына қабылдау процесі бақылауымда болады. Бірақ ұлы Ануар анасын қамқорлығына аламын десе, біз кедергі келтіре алмаймыз. Себебі, бұл заңсыз әрекет болады», – деп түсінік берді Азамат Мәмбетов. «Өкініштісі, қызы анасына қамқорлық көрсете алмайды. Ессіз ұлы ақша үшін апасын жақындатпай отырғанға ұқсайды. Біз әженің Қарттар үйіне орналасқанын қалаймыз. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Ұлына қарсы қылмыстық іс қозғалуы керек» деді қоғамдық белсенді Лунара Максутова.
Жүрегі бар адамдардың жанын ауыртқан жағдайдан Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов те, Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи де хабардар. «Әженің жағдайы бақылауға алынды» деген әкімдер қастандық құрбанына айналған анаға барлық көмек көрсетілетінін айтуда. Қадірі мен құты қашқан байғұс ана қазіргі уақытта Атырау облыстық ауруханасында ем алып жатыр. Мүгедектігінен бөлек, түрлі дене жара­қатымен ауыр жағдайда дәрігерлер қолына түскен ананың әзірге қанша күнге дейін аурухана төсегінде ем қабылдайтыны және қалған ғұмырында қай жерге барып, бас сауғалайтыны белгісіз. Бір кем дүние...