Үндістанда әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған іс-шаралар бастау алды
Үндістанда әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған  іс-шаралар бастау алды
143
оқылды
Үндістанда әл-Фара­би­дің 1150 жылдығына ар­налған іс-шаралар бастау алды. Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ Үндістандағы Қазақстан елшілігі мен Джа­вахарлал Неру атын­дағы университеттің қол­да­уымен Нью-Дели қала­сында Әбу Насыр әл-Фара­бидің 1150 жылдық ме­рейтойына арналған дөң­гелек үстел өткізді. Іс шараға Қазақстанның Үн­дістандағы елшісі Ерлан Әлім­баев, ҚазҰУ және Дели универси­тет­терінің ғалымдары, Орталық Азия елдерінің дипломатиялық миссия­лары мен ғылыми қауым­дастық өкілдері қатысты. Кездесуді ашқан Қазақ­стан­ның Үндістандағы елшісі Ерлан Әлім­баев әл-Фарабидің ме­рейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері мен оқиғалар күнтізбесіне енгізіл­генін және оны мерекелеу адам­заттың «екінші ұстазының» дүние­жүзілік мұрасын зерттеуге және зерделеуге қуатты серпін беретінін атап өтті. Бүгінде ұлы дала ойшы­лының есімі әр елдің, соның ішін­де Үндістанның ға­лымдарын да аса қызықтыруда. Мұндай іс-шараларды жоғары халықаралық деңгейде өткізу әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы мен қазақ тарихын дәріп­теуге ықпал етеді. «Жуырда ҚазҰУ Делиде әл-Фараби мұражай-үйін ашты, ол ғалымдар мен жұртшылықты тар­татын ерекше орынға айналды. Айта кетерлік жайт, әл-Фарабидің мерейтойы әлемдік деңгейде өткізіліп жатыр және ҚазҰУ түрлі алаңдарда ИЫҰ, ИСЕСКО, ТҮРКСОЙ және басқа да ха­лықа­ралық ұйымдардың қолдауымен іс-шаралар өткізуде», – деп атап өтті ҚазҰУ проректоры Мехмет Арслан. Дөңгелек үстел барысында ҚазҰУ делегациясы әл-Фараби­дің өмірі мен еңбектері, оның қа­зіргі кездегі мұрасының маңыз­ды­лығы туралы ғылыми баян­дамалар мен презентациялар жасады. Сонымен қатар ойшыл­дың идеялары негізінде әзірлен­ген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің рухани-адам­гершілік және ғылыми-техно­логиялық платформасын қам­титын моделі ұсынылды. Іс-шарада сөз алған Үндіс­танның академиялық топтары­ның өкілдері, ғылыми орталықтар мен институттардың басшылары Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы­ның маңыздылығына ерекше тоқталып, осындай атаулы шара­лар­дың екі достас елдердің мә­дениетін жақындастырудағы маңызын атап өтті. Үндістанға сапар барысында қазақстандық жетекші жоғары оқу орнының делегациясы Амити университетінде (Нойда қ.) 100-ден астам ел өкілдерінің басын қосқан INBUSH ERA-2020 бү­кіләлемдік саммитінің жұмысына қатысты. Саммит аясында ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Амити универ­си­те­тінде әл-Фараби орталығын және аталған үнді жоғары оқу ор­нының ҚазҰУ-да өкілдігін құру туралы келісімге қол жет­кізілді.