Шымкентте үйлену тойында автоматпен оқ атты – видео
Шымкентте үйлену тойында автоматпен оқ атты – видео
Фото: yandex.kz
Шымкентте тойда оқ атқандарға қатысты тергеу басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. AstanaTV-ның дерегінше, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті екі тұрғынды ұстады. Ұсталғандар жеке үйлердің бірінде қалыңдықты шығарып салу рәсімінен кейінгі отшашу кезінде ауаға бірнеше рет оқ атқан. Полицейлер АКСУ-47 жауынгерлік автоматы және АК-74 автоматын тәркіледі. Сондай-ақ 20-ға жуық атылған оқтың гильзасы табылды. Қазір бұған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптама тағайындалды. Қызылордада да осыған ұқсас жағдай болды. Газды тапаншамен оқ атқан ер адам қамауға алынды. Ол көлік жүргізіп келе жатып, терезеден қолын шығарып бірнеше рет аспанға атқан. Тексеріс нәтижесінде оқиға той кезінде болғаны анықталды. Қызылорда қалалық Полиция басқармасы учаскелік полиция инспекторлары бөлімшесінің бастығы Нұрлыхан Рахменшеев: «Аталған дерек бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 434-бабы, 484-бабы және 485-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Қазір ол 7 тәулікке басқармамен әкімшілік қамауына алынды», – деді.   https://youtu.be/DDUfeoBX_n0 Бұған дейін Шымкентте кафеде атыс болып, ер адам жараланғанын хабарлаған болатынбыз.