12 сиыр ұстайтын колледж бар
12 сиыр ұстайтын колледж бар
5,166
оқылды
Ауылда кәсібін жүргізетін бизнесмендер маман тапшылығы орын алғанына шағымданады. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық аясында Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен және агроөнеркәсіп кешені маман­дарына кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындары өкілдерімен кездесті. Сенаторлар, Білім және ғы­лым министрлігінің, «Кәсіпқор» холдингінің және аграрлық кол­ледждердің жетекшілері қа­тыс­қан шарада ауыл шаруашылығы саласының мамандықтары және біліктіліктері бойынша маман даярлау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ кадр даярлаудың жа­ңа жүйесі қажет екені айтылды. Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Аман­келді Есіркепов құзырлы орган­дар студенттердің тәжірибеден өту мәселесіне селқос қарайты­нын алға тартты. «Бізге тәжірибе жағы же­тіспейді. Колледжіміз базасында төрт түлік малдың бәрі бар. Ол үшін мемлекет бюджетінен бір тиын алмаймыз. Студенттердің тәжірибеден өтуін ұйымдастыру жағы қолдауға зәру. Сонымен бірге Қазақстанда ауыл шаруа­шылығы мамандарын даярлауға қатысты кітап соңғы рет 2010 жы­лы шығыпты. Білікті маман­дар даярлау үшін жаңа, заманауи салалық оқулықтар қажет. Бұған қоса педагогтерді қолдау мәсе­лесі де өткір тұр», – деді ол. Дариға Назарбаева бұл іске қолдау білдіре келе, кадр даярлау түйткілдеріне, маман жетіспеу­шілігіне бизнес саласы да жиі шағымданатынын атап өтті. – Жұмысқа алайын десе, колледж бітірген мамандардың дайындық деңгейі төмен, тәжі­рибе-дағдылары жоқ. Бюджеттен қаржы бөлінеді, есептерде бәрі дұрыс. Ал іс жүзінде мамандар тапшы, – деді Сенат төрағасы. Ол көп мәселе жергілікті ат­қарушы органдардың ұстаны­мына байланысты екеніне назар аудартты. – Егер әкім қолдау білдірсе, мүдделі болса, онда колледж өр­кен жаяды. Біраз нәрсе адамдар­дың өзіне байланысты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының қан­дай да бір мамандарына деген қа­жеттілік көлемін нақты анық­тап алу да маңызды. Әрине, бі­рінші кезекте кәсіпкерлерден тү­сетін сұранысқа иек арту ке­рек. Екіншіден, әр өңірде аумақ­тық дамудың перспективті жос­пары бар. Ол – өз өңіріңіздің болашағына болжау жасайтын нұсқаулық құжат. Бұл тұрғыда өңір экономикасында не болып жатқанын, қандай бағытта да­митынын, ауыл шаруашылы­ғында не маңызды болатынын, қандай жаңа кәсіпорындар ашу жоспарланғанын, онда қанша штат ашылатынын қарап оты­руы­ңыз керек, – деді колледж басшыларына Д.Назарбаева. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің өкілдері білім беру үдерісін ұйымдастыруда кездесетін қиындықтар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, кол­ледждер заманауи құрал-жаб­дықтармен нашар жабдық­талған, салалық оқулықтар жоқ. Колледж басшылары көбіне малды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр: үй жануарлары студенттердің мал шаруашы­лы­ғында тәжірибе жинауы үшін керек. «Ол үшін мен мысалы, 12 сиыр ұстаймын», – деді дирек­тор­лардың бірі. Кездесуде еліміздегі колледж санының көптігі де сыналды. Статистика бойынша олардың саны 801, әйтсе де тек 17-сі ғана агроөнеркәсіп кешені маман­дарын даярлайды. – Оларды қысқартқан жөн. Аймақтағы салалық маман­дану­мен байланыстысын ғана қал­дыру керек. Егер аймақ экономи­касы негізінен аграрлық сала әрі облыс ауыл шаруашылығына маманданған болса, онда мем­лекеттік колледждер санын да соған ыңғайлау қажет. Егер кол­ледждер шектен тыс көп болса санын қысқартып, ақшаны бас­қа колледждерге қайта бөлген жөн. Бұл ретте материалдық-тех­никалық жарақтандырудың бі­рыңғай жобаларын қалыптас­тыру және алдағы бір-екі жылда оларды оқуға қажетті барлық құ­ралдармен қамтамасыз еті­луі­н­е қол жеткізу қажет», – деді Да­риға Назарбаева Білім және ғы­лым министрлігінің өкілде­ріне. Сенат басшысы палатаның Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақ­тарды дамыту комитетіне жүз­десуде қозғалған проблемаларды зерделеуді және оларды пар­ламенттік тыңдауда талқылауға дайындауды тапсырды.   Елдос СЕНБАЙ