Ауылда кәсібін жүргізетін бизнесмендер маман тапшылығы орын алғанына шағымданады. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық аясында Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен және агроөнеркәсіп кешені мамандарына кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындары өкілдерімен кездесті. Сенаторлар, Білім және ғылым министрлігінің, «Кәсіпқор» холдингінің және аграрлық колледждердің жетекшілері қатысқан шарада ауыл шаруашылығы саласының мамандықтары және біліктіліктері бойынша маман даярлау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ кадр даярлаудың жаңа жүйесі қажет екені айтылды. Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Аманкелді Есіркепов құзырлы органдар студенттердің тәжірибеден өту мәселесіне селқос қарайтынын алға тартты. «Бізге тәжірибе жағы жетіспейді. Колледжіміз базасында төрт түлік малдың бәрі бар. Ол үшін мемлекет бюджетінен бір тиын алмаймыз. Студенттердің тәжірибеден өтуін ұйымдастыру жағы қолдауға зәру. Сонымен бірге Қазақстанда ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға қатысты кітап соңғы рет 2010 жылы шығыпты. Білікті мамандар даярлау үшін жаңа, заманауи салалық оқулықтар қажет. Бұған қоса педагогтерді қолдау мәселесі де өткір тұр», – деді ол. Дариға Назарбаева бұл іске қолдау білдіре келе, кадр даярлау түйткілдеріне, маман жетіспеушілігіне бизнес саласы да жиі шағымданатынын атап өтті. – Жұмысқа алайын десе, колледж бітірген мамандардың дайындық деңгейі төмен, тәжірибе-дағдылары жоқ. Бюджеттен қаржы бөлінеді, есептерде бәрі дұрыс. Ал іс жүзінде мамандар тапшы, – деді Сенат төрағасы. Ол көп мәселе жергілікті атқарушы органдардың ұстанымына байланысты екеніне назар аудартты. – Егер әкім қолдау білдірсе, мүдделі болса, онда колледж өркен жаяды. Біраз нәрсе адамдардың өзіне байланысты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының қандай да бір мамандарына деген қажеттілік көлемін нақты анықтап алу да маңызды. Әрине, бірінші кезекте кәсіпкерлерден түсетін сұранысқа иек арту керек. Екіншіден, әр өңірде аумақтық дамудың перспективті жоспары бар. Ол – өз өңіріңіздің болашағына болжау жасайтын нұсқаулық құжат. Бұл тұрғыда өңір экономикасында не болып жатқанын, қандай бағытта дамитынын, ауыл шаруашылығында не маңызды болатынын, қандай жаңа кәсіпорындар ашу жоспарланғанын, онда қанша штат ашылатынын қарап отыруыңыз керек, – деді колледж басшыларына Д.Назарбаева. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің өкілдері білім беру үдерісін ұйымдастыруда кездесетін қиындықтар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, колледждер заманауи құрал-жабдықтармен нашар жабдықталған, салалық оқулықтар жоқ. Колледж басшылары көбіне малды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр: үй жануарлары студенттердің мал шаруашылығында тәжірибе жинауы үшін керек. «Ол үшін мен мысалы, 12 сиыр ұстаймын», – деді директорлардың бірі. Кездесуде еліміздегі колледж санының көптігі де сыналды. Статистика бойынша олардың саны 801, әйтсе де тек 17-сі ғана агроөнеркәсіп кешені мамандарын даярлайды. – Оларды қысқартқан жөн. Аймақтағы салалық маманданумен байланыстысын ғана қалдыру керек. Егер аймақ экономикасы негізінен аграрлық сала әрі облыс ауыл шаруашылығына маманданған болса, онда мемлекеттік колледждер санын да соған ыңғайлау қажет. Егер колледждер шектен тыс көп болса санын қысқартып, ақшаны басқа колледждерге қайта бөлген жөн. Бұл ретте материалдық-техникалық жарақтандырудың бірыңғай жобаларын қалыптастыру және алдағы бір-екі жылда оларды оқуға қажетті барлық құралдармен қамтамасыз етілуіне қол жеткізу қажет», – деді Дариға Назарбаева Білім және ғылым министрлігінің өкілдеріне. Сенат басшысы палатаның Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне жүздесуде қозғалған проблемаларды зерделеуді және оларды парламенттік тыңдауда талқылауға дайындауды тапсырды. Елдос СЕНБАЙ