Тетігі жоқ заң – туризмнің соры
Тетігі жоқ заң – туризмнің соры
Туризм саласының ел экономикасын өсіре алар қуаты бар. Бұл туралы Мәжілісте туристік сала өкілдері шақырылған дөңгелек үстелде палата төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті. Жиында депутаттар пысықтап жатқан туристік қызмет мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы талқыланды. Мәжіліс спикері экономи­ка­ның осы перспективті секторы бүгінде дүниежүзінде барынша үдемелі дамып келе жатқан әрі табысы жоғары индустрия еке­ніне назар аудартты. – Біздің ел туризмді, әсіресе оның этнографиялық және эко­логиялық бағыттарын өркендету үшін орасан зор әлеуетке ие. Мұны Ұлытаудағы халықаралық туристік форумдағы сөзінде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті, – деген Нұрлан Зайроллаұлы тіпті Катар, Бах­рейн, БАӘ секілді табиғи ре­сурс­тары мол елдердің өзі туризмді нысаналы түрде дамытып жатқа­нына екпін түсірді. Үкіметтің экономикаға, қар­жыға жауапты министрлік­тері­нің басшыларына қайырылған Н.Нығ­матулин олар бірінші ке­зек­те, туризмді экономикалық өсімнің драйвері, қозғаушы күші ретінде қарастыруға тиіс екенін баса айтты. Оның байламынша, Парла­ментке енгізілген жаңа заң жоба­сында пайдасы ылан-ойран осы саланы қалай дамыту керегіне қатысты нақты ұсыныстар жоқ. – Біз әлемдік ең үздік тәжіри­бені қабылдауға тиіспіз. Осы жол­мен жүрген көптеген мемлекет өзі­нің әл-ауқатын туризмнен тү­сетін табыстар арқасында еселеп арт­тыр­ды. Бұлардың қатарында АҚШ, Испания, Франция, Ита­лия, Қытай секілді туристік нарық көшбасшылары ғана емес, со­ны­мен бірге Әзірбайжан, Өзбекстан секілді көршілеріміз де бар. Бұл елдерде мемлекет қабылдаған заң­намалық, ұйымдастыру­шы­лық, экономикалық және басқа да шаралар арқасында туризм ұлттық экономиканың қарқынды дамушы саласына айналды, – деді Мәжіліс төрағасы. Кездесуде ұсынылып отыр­ған заңнамалық жаңашылдықтар талданды. Мәселен, туристік қызметті шығу, кіру және ішкі туризм деп нақты бөлу көзделген. Соның ішінде тек шығу туризмі ғана лицензияланатын болады. Ал кіру және ішкі туризммен ай­налысатын фирмалар өз қыз­метін хабарлама тәртібімен жү­зеге асы­ра алмақ. Бұл тұрғыда пікірлер екіге жарылып отыр. Сондықтан заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы әр тарап­тың дәйек­те­мелерін салмақтап қарап, құ­жат­қа ортақ бір шешім­ді енгізеді. Бұған қоса, жобада салалық туризмнің 15 түрі ажыратылмақ. Алайда туркомпаниялардың салалық туризмнің қандай да бір түрінің субъектісімен өзара әре­кеттесу тетіктері нақты көрсетіл­меген. Құжатты әзірлеген Мә­дениет және спорт министрлігінің түсіндіруінше, ол мәселе әр ту­ризм түріне қатысы бар министр­ліктермен арадағы бірлескен бұйрықтар арқылы реттеледі. Бірақ Н.Нығматулин мұндай тетік нақты заңнамалық норма түрінде жазылу қажетін нықтады. Әйт­песе, әр министрлік ойына кел­генін жасауы ықтимал. Кездесуде жиналғандар са­ланы мемлекеттік қолдау мәсе­ле­леріне ерекше мән берді. Туризм қалай ынталандырыла­ды? Нендей салық және кеден жеңілдіктері ұсынылмақ? Ту­ристердің елге жету мәселесі қалай шешілмек? Мәжіліс бас­шысының пікірінше, Ұлттық экономика министрлігі заң жо­басының экономикалық идео­логиясын түзбеген. – Қаржы салмай, түсім түс­пейді. Бұл экономиканың жал­пыға мәлім қағидаты, – деді Нұрлан Нығматулин. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өз ведомствосы туризмді қолдауға бағытталған ұсыныстар топтамасын осы жо­баға енгізуге дайын екенін жет­кізді. Бұл, әрине туристік қызметті өрге бастыру ісінде меморгандар арасында үйлесімді жұмыстың жоқ екенін паш етеді. Жиынды қорытындылаған палата спикері жобадағы бірқатар ұстанымдардың пікірталас туғы­затынын нұсқады. – Барлық ұсыныс мұқият тал­данып, талқыға салынады. Біз заң жобасы бойынша сын-ескерт­пелер мен ұсыныстардың кең ауқымын ескеруге тырысамыз. Тек сонда ғана сапалы, жан-жақ­ты байып­тал­ған және ең бастысы, жұмыс іс­тейтін, Қазақстанда туризмнің өр­леуіне серпін беретін заңға қол жеткіземіз. Заң туристік саланы мем­­лекеттік қолдаумен қамтама­сыз етіп, туризм инфра­құрылымын кеңейтуге ықпал етуі тиіс, – деп түй­ді Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин.   Айхан ШӘРІП