Туризм саласының ел экономикасын өсіре алар қуаты бар. Бұл туралы Мәжілісте туристік сала өкілдері шақырылған дөңгелек үстелде палата төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті. Жиында депутаттар пысықтап жатқан туристік қызмет мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы талқыланды. Мәжіліс спикері экономиканың осы перспективті секторы бүгінде дүниежүзінде барынша үдемелі дамып келе жатқан әрі табысы жоғары индустрия екеніне назар аудартты. – Біздің ел туризмді, әсіресе оның этнографиялық және экологиялық бағыттарын өркендету үшін орасан зор әлеуетке ие. Мұны Ұлытаудағы халықаралық туристік форумдағы сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті, – деген Нұрлан Зайроллаұлы тіпті Катар, Бахрейн, БАӘ секілді табиғи ресурстары мол елдердің өзі туризмді нысаналы түрде дамытып жатқанына екпін түсірді. Үкіметтің экономикаға, қаржыға жауапты министрліктерінің басшыларына қайырылған Н.Нығматулин олар бірінші кезекте, туризмді экономикалық өсімнің драйвері, қозғаушы күші ретінде қарастыруға тиіс екенін баса айтты. Оның байламынша, Парламентке енгізілген жаңа заң жобасында пайдасы ылан-ойран осы саланы қалай дамыту керегіне қатысты нақты ұсыныстар жоқ. – Біз әлемдік ең үздік тәжірибені қабылдауға тиіспіз. Осы жолмен жүрген көптеген мемлекет өзінің әл-ауқатын туризмнен түсетін табыстар арқасында еселеп арттырды. Бұлардың қатарында АҚШ, Испания, Франция, Италия, Қытай секілді туристік нарық көшбасшылары ғана емес, сонымен бірге Әзірбайжан, Өзбекстан секілді көршілеріміз де бар. Бұл елдерде мемлекет қабылдаған заңнамалық, ұйымдастырушылық, экономикалық және басқа да шаралар арқасында туризм ұлттық экономиканың қарқынды дамушы саласына айналды, – деді Мәжіліс төрағасы. Кездесуде ұсынылып отырған заңнамалық жаңашылдықтар талданды. Мәселен, туристік қызметті шығу, кіру және ішкі туризм деп нақты бөлу көзделген. Соның ішінде тек шығу туризмі ғана лицензияланатын болады. Ал кіру және ішкі туризммен айналысатын фирмалар өз қызметін хабарлама тәртібімен жүзеге асыра алмақ. Бұл тұрғыда пікірлер екіге жарылып отыр. Сондықтан заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы әр тараптың дәйектемелерін салмақтап қарап, құжатқа ортақ бір шешімді енгізеді. Бұған қоса, жобада салалық туризмнің 15 түрі ажыратылмақ. Алайда туркомпаниялардың салалық туризмнің қандай да бір түрінің субъектісімен өзара әрекеттесу тетіктері нақты көрсетілмеген. Құжатты әзірлеген Мәдениет және спорт министрлігінің түсіндіруінше, ол мәселе әр туризм түріне қатысы бар министрліктермен арадағы бірлескен бұйрықтар арқылы реттеледі. Бірақ Н.Нығматулин мұндай тетік нақты заңнамалық норма түрінде жазылу қажетін нықтады. Әйтпесе, әр министрлік ойына келгенін жасауы ықтимал. Кездесуде жиналғандар саланы мемлекеттік қолдау мәселелеріне ерекше мән берді. Туризм қалай ынталандырылады? Нендей салық және кеден жеңілдіктері ұсынылмақ? Туристердің елге жету мәселесі қалай шешілмек? Мәжіліс басшысының пікірінше, Ұлттық экономика министрлігі заң жобасының экономикалық идеологиясын түзбеген. – Қаржы салмай, түсім түспейді. Бұл экономиканың жалпыға мәлім қағидаты, – деді Нұрлан Нығматулин. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өз ведомствосы туризмді қолдауға бағытталған ұсыныстар топтамасын осы жобаға енгізуге дайын екенін жеткізді. Бұл, әрине туристік қызметті өрге бастыру ісінде меморгандар арасында үйлесімді жұмыстың жоқ екенін паш етеді. Жиынды қорытындылаған палата спикері жобадағы бірқатар ұстанымдардың пікірталас туғызатынын нұсқады. – Барлық ұсыныс мұқият талданып, талқыға салынады. Біз заң жобасы бойынша сын-ескертпелер мен ұсыныстардың кең ауқымын ескеруге тырысамыз. Тек сонда ғана сапалы, жан-жақты байыпталған және ең бастысы, жұмыс істейтін, Қазақстанда туризмнің өрлеуіне серпін беретін заңға қол жеткіземіз. Заң туристік саланы мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіп, туризм инфрақұрылымын кеңейтуге ықпал етуі тиіс, – деп түйді Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин. Айхан ШӘРІП