Қуат тапшылығы мәселесі шешілмек
Қуат тапшылығы мәселесі шешілмек
© коллаж: Елдар Қаба
226
оқылды
Абай облысының жылу көздеріндегі көмір қоры нормативтік пайдалану қорының 47 мыңын немесе 119 пайызын құрайды. Бюджеттік ұйымдардың көмірмен қамта­масыз етілуі 100 пайыз болып отыр. Бұл туралы Абай облысының өңірлік комму­никациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Болат Әбдіралиев мәлімдеді.
«Абай облысын орталықтандырылған жылумен жабдықтау қуаты 100 Гкал/сағ астам 4 ірі жылу көзімен (Семей қаласындағы ЖЭО-1, РК-1, «Орталық» қазандығы және Бородулиха ауданы Жезкент кентінің қазандығы) және қуаты 100 Гкал/сағ кем 40 жылу көзімен (Семей қаласында 19 бірлік және облыстың 6 ауданында 21 бірлік) қамтамасыз етіледі. Жылумен жабдықтау саласындағы негізгі проблема – Семей қаласының оң жағалауындағы жылу энергиясының тапшылығы болып отыр. Осы мәселені шешу үшін «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын қайта құру жүргізілуде. Жалпы қосымша қуат сағатына 40 Гкал-ды құрайды. Жылумен жабдықтау бойынша барлық жұмыстар уақытылы аяқталды», – дейді Болат Әбдіралиев.
Сондай-ақ 3 қазандықты қайта құруға ЖСҚ әзірленуде. Жалпы қосымша қуат сағатына 94 Гкал құрайды («103-103А», «35 квартал», «Зооветин­с­титут»). Бұл ретте, жылу энергиясының өнімділігін арттыру және тозған қазандықтарды алмастыру мақсатында Энергетика министрлігі Семей ЖЭО-3 құрылысының ТЭН-ін әзірлеу туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта «Самұрық-Энерго» АҚ ТЭН әзірлеуге техникалық тапсырма дайындады. Қалай болғанда да, Семейдегі жаңа ЖЭО 2027 жылға дейін салынбайды. Баспасөз мәслихатында келесі жылдан бастап семейліктер жазғы кезеңде ыстық сумен қамтамасыз етілетіні атап өтілді. Жылумен жабдықтау саласындағы басты проб­лема­лардың қатарында жылу желілерінің тозуы да бар. Облыстың жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 455,2 шақырым, желілердің 63,8 пайызы ескірген. Оның ішінде Семей қаласы бойынша желілердің ұзындығы 315 шақырым болса, оның 68 пайызы тозған. Бүгінгі таңда Семей қаласындағы және Абай ауданының Қарауыл ауылында жалпы сомасы 1 331 млн теңгеге жылу желілерін салуға 3 ЖСҚ әзірленді.