«Зере» фильмі «Лістапад» кинофестивалінде жүлделі орынға ие болды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының хабарлауынша, халықаралық Минск кинофестивалінде композитор Дана Зулпыхар «Зере» фильміндегі жұмысы үшін үздік дыбыстық (музыкалық) шешім аталымында жеңіске жетті. «Лістапад» – Беларусьтегі кино саласының ең ірі фестивальдерінің бірі. Биыл фестиваль 4-11 қараша аралығында өтті. Оған отандық режиссер Дәурен Қамышбаевтың «Зере» толықметражды картинасы қатысты. «Зере» фильмі «Қазақфильм» киностудиясы, Qara Production, Libertus Film, cinema D және Жамбыл облыстық кино орталығының қолдауымен түсірілді. Айталық, «Зере» – қазақы көрерменге жақын сюжеті бар драма. Сценарий бойынша, әйел күйеуінің қайғылы қазасынан кейін қызын ауылдағы ең бай және ықпалды адамға әйел ретінде сатуға бел байлайды. Ары қарай сюжет анасының шешіміне қарсы шыққан бостандықты сүйетін қыз туралы өрбиді. Артынша, Зере тәкаппар Талап есімді балықшы жігітке ғашық болып, жасырын үйлену үшін бірге қашып кетеді. Кинокартинада басты рөлді Адина Бажан, Санұржан Сүлейменов, Мұрат Бисембин, Берік Айтжанов, Ольга Ландина, Елжас Рахим және басқа да актерлер сомдады. Фильмнің түсірілімі Балқаш көлінің маңында, Мойынқұм құмдарының фонында орналасқан Тайсойған балық аулау аралында өтті. Сондай-ақ қыркүйек айының соңында Мәскеудегі «Киношок» фестивалінің толықметражды фильмдер байқауында «Зере» фильмі Үздік музыка номинациясын жеңіп алған еді.
Айбике ЖАНАСЫЛ