Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Екібастұз қаласындағы өзекті мәселелермен танысты. Алдымен өңір әкімімен бірге 138 бала тәрбиеленіп жатқан «Алтынай» балалар үйіне барды. Соңғы рет мұнда күрделі жөндеу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын жасалған екен. Ғимараттың шатыры, қасбеті және жылу жүйесі апатты жағдайда тұр. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары ата-аналармен кездесу кезінде балаларды қолдау, олардың құқығын қорғау Nur Otan партиясының негізгі жұмыстарының бірі екенін айтып, осы мәселені шешу үшін барлық іс-шаралардың қабылданатынын тілге тиек етті. Сол күні Бауыржан Байбек Екібастұздағы Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауында болып, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдады. Өз кезегінде құдық суын пайдаланып жүрген Сарықамыс ауылының 450 тұрғыны ауызсу мәселесін партиялық бақылауға алу туралы талап-тілегін жеткізді. Жергілікті биліктің ақпараты бойынша, орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуді жүргізу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары әлеуметтік және еңбек құқығы саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі мәселелер мен ұсыныстарды талқылау үшін Екібастұздағы ГРЭС – 1 жұмысшылары және өңірдегі тау-кен өндірісі кәсіподақтарының өкілдерімен жүздесті. Сапар барысында Бауыржан Байбек Павлодар қаласының тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді. Зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірге экология, еңбек миграциясы, сыбайлас жемқорлық, т.б. салалардағы өңірдің өзекті мәселелері талқыланды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары барлық мәселе партия бақылауында болатынын айтты. Елбасының тапсырмасы бойынша Nur Otan партиясының бірнеше айдан бері Үкіметпен және өңір филиалдарымен бірлесіп, алдағы 5 жылға арналған аудандар, қалалар мен облыстарды дамытудың жаңа бағдарламасын дайындау үшін жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Онда әрбір жеке аудандағы жергілікті ерекшеліктер ескеріліп, азаматтардың нақты қажеттілігі көрініс табады. Осы мақсатта Nur Otan партиясының басшылығы еліміздің барлық өңірлерін аралап шығуды жоспарлап отыр. Павлодар облысына іссапар кезінде Бауыржан Байбек жылусыз қалған 16 көппәтерлі үйдің 800-ге жуық тұрғыны қоныстанған Новочерноярка ауылына барды. Өңір басшылығының айтуынша, биыл ауылда бес әлеуметтік нысанды да, жақын жердегі мектеп, балабақша мен емхананы да жылумен қамтамасыз ететін қазандық салынады екен. Бауыржан Байбек «Екінші Павлодар» ықшамауданының тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Бұл аймақта жыл сайын жеке үйлерді еріген және жерасты суы деңгейінің көтерілуінен су басу проблемасы шешілмей келеді. Кездесуде сонымен бірге тарифтің айқындығына, жергілікті монополист «Павлодар – Су құбыры» ЖШС суды есептеу құбыры бағасына байланысты да шағымдар айтылды. Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жақын уақытта партия алаңында барлық мүдделі органдарды қатыстыру арқылы ашық тыңдау өткізу туралы тапсырма берді. Әбілмансұр ЖАСАН