Қалдықсыз қоғам – қауіпсіз ғалам
Қалдықсыз қоғам – қауіпсіз ғалам
© коллаж: Әсел Балтақызы
469
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар ауданына қарасты ауылдардың бірінің тұрғындары таза ауамен дем ала алмай, улы химиялық иіске тұншығып отыр. Бұған санитарлық нормаларды бұза отырып, ауылдың дәл түбінен медициналық қал­дық­тарды жою кәсіпорны салынғаны себеп. Экология департаменті бұл кәсіпорынға лицензия беруден бас тартқанымен, серіктестік заңсыз жұмыс істеп келген. Көп ауылдардың тұрғындары жол, су жоғына, мектептер мен ауруханалардың, жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындардың жабы­лып, жұмыс орындары қысқарып жат­қанына шағымданса, Қызылжар ауданына қарасты Малое Белое ауылы тұрғындарының зары мүл­дем басқа. Мұнда керісінше жаңа кәсіпорын ашылғанымен, оның пайдасынан зияны көп болып шықты. Жауапкершілігі шектеулі «СҚО Фармация Экомед KZ» серіктестігі медициналық қал­дықтарды жоюмен айналысады. Атап айтқанда, қолданылған шприц, система, дәрі-дәрмек қо­раптары, құтылары, пайдалану мерзімі өткен препараттар, тіпті биологиялық қалдықтар, яғни адамның «дене мүшелері» осында өртеледі. Соның салдарынан қор­шаған ортаға зиян келтіріліп, тұр­ғындар таза ауамен тыныстай ал­май отырғандарына шағым­да­нуда. Ауылдың қақ ортасынан салын­ған кәсіпорын үйлерден небәрі 96 метр қашықтықта орналасқан. Бұл санитарлық нормаларға қайшы. Кешкісін және түнде қа­уіпті қалдықтар өртеле бастаған кезде ауылды күлімсі иіс жайлап, тұрғындар есік-терезелерін қым­тауға мәжбүр. Тіпті, түнде химия­лық иістен дұрыс ұйықтай да ал­майтындарын айтады. Көпшілігі аллергиядан зардап шегіп отыр, кейбіреуінің өкпесі сыр бере бас­таған. Соңғы жылдары қатерлі ісіктен қайтыс болған ауылдық­тардың өлімін осы кәсіпорынмен байланыстырып отырғандар да баршылық. Улы газ көптеген ауру­дың таралуына себеп. Лицензиясыз жұмыс істеген Экология департаменті кәсіп­орын жұмысына лицензия беруден екі рет бас тартқанымен, серіктес­тік заңсыз жұмыс істеп келген бо­латын. Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық Экология департаменті­нің бас­­шы­сы Азамат Бектасовтың ай­туын­ша, Экологиялық кодекс та­лаптарына сәйкес мұндай кәсіп­орын лицен­зиясыз жұмыс істемеуі тиіс.
«Медициналық қалдықтар адамдарға көп қауіп төндіреді. Оны басқа қалдық сияқты поли­гонға тастай салуға болмайды, ерек­ше ережелер бар. Мұндай қал­дықтар ауруханалардың жұмысы нәтижесінде пайда болады. Мә­селен, бір рет қолданылатын меди­циналық құралдар, шприц, нау­қастардың күтіміне арналған зат­тар, операциядан соңғы биоло­гиялық қалдықтар, токсиколо­гиялық заттар, тіпті құрамында аса қауіпті радиоактивті элементтер бар қалдықтарды жоюға қойы­латын талаптар ерекше. Сондықтан медициналық қалдықтарды жою қатаң регламенттелген. Бұл жұ­мыспен лицензиясы бар кәсіп­орындар ғана айналысуы тиіс. Олардың айналасына белгілі бір санитарлық қорғау аймағы са­лы­нуы керек. Оның елді мекеннен қа­шықтығы кемінде 1 шақырым болуы тиіс», – деп түсіндірді об­лыс­тың бас экологі.
Ал Малое Белое ауылында 96 метр ғана арақашықтық сақталған. Департаменттің оған лицензия бермеуінің басты себебі осы болса керек. Кәсіпорын басшысы лицен­зия сұрап департаментке екі рет жүгініпті. Енді үшінші рет шағым айтып келгенінде пештерді жаңар­татынын алға тартқан екен. Бірақ бас экологтің түсіндіруінше, мә­селе пеште емес. Алайда зауыттың ли­цензиясы жоқтығына қара­мастан, қоршаған ортаға эмис­сия­ларға рұқсаты мен экологиялық сарап­тама қорытындысы бар болып шықты. Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру керек Ауылдықтар бұған дейін осы мәселені көтеріп, талай табалды­рықты тоздырғанымен, мұнысы­нан еш нәтиже шықпаған. Мәсе­лен, оларға берілген жауаптардың бірі мынадай: «Қызылжар ауданы Малое Белое ауылының тұрғындарының «СҚО Фармация Экомед KZ» ЖШС қызметінің нәтижесінде пайда болған иіс алаңдатып отыр деген өтініші бойынша: учаскелік полиция инспекторы материал­дар­ды жинақтап, тексеру жүргізу және шешім қабылдау үшін Қы­зылжар аудандық Санитарлық-эпидемио­логиялық бақылау бас­қармасына жіберді. Басқарманың 2022 жылғы 2 қыркүйектегі жауа­бына сәйкес әкімшілік құқықбұ­зушылық оқи­ғасының болмауына байланысты әкімшілік іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шыға­рылды». Осылайша, қайда барса да, маңдайы тасқа тиген тұрғындар зауыттың түтіндеп жатқанына амалсыз көнуге мәжбүр болған еді. Ауылдықтар о баста заңды бел­ден басып, ауылдың қақ ортасынан қауіпті кәсіпорын салуға кім рұқ­сат бергенін біле алмай дал. «Мың асқанға – бір тосқан», жуырда кәсіпорынның жұмысы сот шешімімен тоқтатылды. Де­партаменттің кезектен тыс тек­серісінен соң сотқа жүгінуіне тиіс­ті талаптардың сақталмағаны ғана емес, тұрғындардың арыз-ша­ғымдары түрткі болды.
Сотта тараптар арасында бей­біт келісім жасалды. Атап айтқанда, «СҚО Фармация Экомед.KZ» кә­сіпорны қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орын­дауға және қызмет көрсетуге лицензия алғанға дейін ша­руа­шылық қызметін тоқтата тұруға міндеттенеді. «Егер кәсіпорын осы келісімді бұзса, біз сот орындау­шы­лары арқылы әрекет етеміз», – дейді бас эколог. Айтпақшы, зауыт лицензия­сының мерзімі өтіп кеткенін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» қоғамдық бірлестігінің өкілдері анықтапты. Қоғамдық бірлестіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша фи­лиалының басшысы Руслан Асау­баевтың пікірінше, мемлекеттік сатып алулар порталын жетілдіру қажет. «Атап айтқанда, оны басқа ресурстармен кіріктірген жөн. Мемлекеттік сатып алу барысында тапсырыс беруші неліктен кәсіп­орынның лицензиясы бар-жоғын анықтап алмаған? Лицензия ту­ралы мәліметті кез келген азамат elicense.kz сайтынан ала алады. Мемлекеттік сатып алулар бойын­ша маман келісімшарт жасаспай тұрып, осындай жайттарды анық­тап алуы тиіс», – дейді Руслан Асаубаев.

Солтүстік Қазақстан облысы