Ең төменгі жалақы ел еңсесін түсіріп тұр
Ең төменгі жалақы ел еңсесін түсіріп тұр
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
665
оқылды
Еңбек министрлігі ең төменгі жалақыны айқын­даудың жаңа әдістемесін әзірлеуге кірісті. Осы мақ­сатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Қынжылтатыны сол, Қазақстандағы ең тө­менгі жалақы көлемі біздің аймағымыздағы ең азының бірі болып отыр. Бұл көр­сет­кіш жөнінен Қазақстан Ни­карагуа мен Мысырдың дең­гейіне құлдырап кетті. Ең қызығы сол, төменгі жа­ла­қыдан да төмен еңбекақы алатындар бар, шенеуніктер оны заңды деп таныды, се­бебі жарты ставкамен істеуі мүмкін. Бірақ сала рефор­маны, түбегейлі өзгерістерді қажет етеді. Ең төменде тұнжыраған халық бар... Биыл Қазақстанда ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 60 мың теңгеге тең. Алайда одан да төмен жалақы ала­тындар көп екенін ресми мәлі­меттер де растайды. Ұлттық статистика бюросының дерегіне жүгінсек, Қазақстанда 35 335 адам 40-45 мың теңге аралы­ғында ғана жалақы алады. Тағы 187 020 адамның айлығы небәрі 45-60 мың теңге ғана. 199 124 қазақ­стан­дықтың еңбекақысы 60-75 мың теңгені құрайды. Бұдан жеке табыс салығын, медсақтандыру жарна­сын, зейнетақы жарнасын ұстап қалғанда, бәрібір қолына ЕТЖ-дан төмен алады. Тағы 191 426 азаматтың жалақысы 75-90 мың теңге ғана екен, мемлекет барлық алым-салық, аударым, жарналарды ұстап қалғанда, олардың да қал­тасына тиын-тебен ғана түседі. Ал Еңбек министрлігі бұл санаттағы азаматтардың санын 1,6 миллион адам деп бағалап отыр. Осы ауыр ахуал шыны керек, бұқараның намысына тиеді. Кә­сіпкер, қоғам белсендісі Алмас Мұсатаев Қазақ елінің бұл көр­сеткіш жөнінен әлемдегі ең кедей елдердің қатарында тұрғаны абы­ройсыздық екенін айтты.
«Қазақстандағы ЕТЖ барлық дерлік көршілеріміз арасындағы ең төменгісінің бірі. Еуразиялық одақ бойынша серіктестеріміз де алға озып кетті. 2022 жылы ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін кө­терілді. Бұрын 42 500 теңге бола­тын. Өскеннің өзінде көршілердің соңынан тезек теріп келеді. Тіпті, сұрапыл соғыс пен алапат дағ­дарысқа душар болған Украинада да бұл меже жоғары. Жаумен ар­палыса жүріп, Украина алдағы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ-сін кө­термек, сонда ол біздің валютаға шаққанда 85 мың теңгеге теңеледі. Қазақстан Үкіметі болса, 2023 жылы ЕТЖ-ні 70 мың теңгеге әзер ұлғайтпақ», – деді А.Мұсатаев.
Ол тағы бір жайтқа назар ау­дартты: ТМД елдерінің көбінде ЕТЖ жылына бірнеше рет қайта қаралып, өсіріледі. Қазақстан бол­са, бір жылда бір рет қана бекітеді. Ал биыл қымбатшылық, инфляция рекордтық 19 пайызға жуықтап қалды.
«Әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер арасында тіпті ЕТЖ-ны әр ай сайын өзгертетіндері бар. Бізде халық тұтас жыл күтуге мәжбүр. Бізге не болды? Үкімет бұл көр­сеткішті көтермегенде кімнің мүддесін діттеп отыр?» – деп сауал тастады қоғам белсендісі.
Қазақстанда ЕТЖ шамамен 125 доллар ғана (60 мың теңге). Са­лыс­тыра қарасақ, ең төменгі жала­қы 2022 жылы Эстонияда – 756,1 доллар, Латвияда – 607, Иран­да – 264, Молдовада – 189,5, Әзер­бай­жанда – 176,4, Ресейде – 165,1, Моң­ғолияда – 157,3, Арме­нияда – 142,7, Беларусьте – 140,6 дол­лар­ды құрады. Бізден азы Ор­талық Азия­да: Өзбекстанда – 75,4, Тәжік­станда – 42,4, Қырғыз Респуб­ли­касында – 25,1 долларға барабар.
«Мен мысалы, психоневро­ло­гиялық ауруханада санитар болып қызмет атқарамын. Дәрігерлерге, педагогтерге жалақы көтереді, ең төменгі жалақы да өсірілді. Алайда біз қолымызға 51 мың теңге ғана аламыз. Бұл ақшаға қалай лайықты өмір сүруге болады? Бізге тіпті сауықтыру төлемін де төлемейді. Бұл жағдай жүйкеге жүк түсіреді. Мейірбикелер мен санитарлардың еңбегі ауыр, ең лас жұмысты бізге тапсырады. Оның үстіне, естері ауысқан адамдармен жұмыс іс­тейміз. Бізге назар аударып, жала­қымызды пайыздап емес, екі есе көтерсе екен», – дейді санитар Наталья Осокова.
Ол аурухананың есепшілері мен экономистерінен неге сани­тарлардың жалақысы көтеріл­мейтінін сұрапты, олар жалақы көтеруге бұйрық шыққан жоқ деп шығарып салатын көрінеді. Жолайырықта Тамара ханым қай жолды таңдайды? Бұқараның зары биліктің құла­ғына жеткенге ұқсайды. Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігі Қазақстанда енді ЕТЖ жыл сайын өсіп тұратынын жа­рияла­­ды. Әйтпесе, бұрынғы билік тұ­сында осы көрсеткіш бірнеше жыл­ға 42,5 мың теңге көлемінде «қа­тырылған» болатын. Ол тәжі­рибені ел Прези­денті Қ.Тоқаев бұ­зып, 60 мыңға дейін жоғары­латты. Егер жыл сайын тоқтаусыз әрі сал­мақты өс­се, жағдай біршама түзелуі мүмкін. Еңбекминінің хабарлауынша, арнайы жұмыс тобы ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) айқындаудың жаңа әдістемесін түзіп шығады. Ол әдістеме ЕТЖ мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік беретін болады. Министрлік Қазақстанда бұл көрсеткіш ай сайын қайта қарала алмайтынын түсіндірді, өйткені ЕТЖ мөлшері әрбір жылға ар­налған «Республикалық бюджет туралы» заңында белгіленеді (со­нымен бірге бұл заң да бір жылда бірнеше рет нақтыланатыны жа­сырын емес).
«2022 жылы ЕТЖ 60 мың тең­гені құрады. Ал келесі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ол 70 мың тең­геге дейін ұлғайтылады. Осы­лай­ша, екі жыл ішінде ЕТЖ мөлшері 65%-ға көтеріледі: яғни 2022 жылы 41%-ға және 2023 жылы 17%-ға. Бұл шара жалақысы ең төменгі деңгейде қалып тұрған 1,6 миллион жалдамалы қызметкер­дің ақшалай табысының өсуіне әкеледі», – деді министрлік ма­мандары.
Жалпы, Қазақстан ең төменгі жалақыны анықтауда ескірген тәсілдемелерді қолданады екен. Салдарынан елдегі қымбатшы­лық, жаңа замандағы адамдар­дың жаңа мұқтаждықтары, қажет ете­тін заттары мен қызметтерінің құрылымы ескеріле бермейді. Мы­салы, 50 мың теңге жалақы пә­терді жалға алу түгіл, оның ком­муналдық төлемдерін өтеуге де жетпеуі мүмкін. Жұмыс тобы бұл жағдайды өзгертуі шарт. Министрліктің де­регінше, оның құрамына «орталық мемлекеттік органдардың, әлеу­меттік әріптестердің өкілдері, сондай-ақ еңбекақы төлеу сала­сындағы сарапшылар» кірді. Бірақ олардың аты-жөні көрсетілген тізімді ведомство журналистерге жарияламады. Әдістемені әзірлеу кезінде топ мүшелері әлемдік тәжірибеде қол­данылатын ЕТЖ мөлшерін анық­таудың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен тәсілдерін пы­сықтап, Қазақстанда енгізу жол­дарын қарастырмақ. Соның ішінде екеуі зерделенуде екен.
«Халықаралық тәжірибеден Қазақстан үшін тиімді болатын бірнеше нұсқаны қарастыруға болады. Біріншісі – кешенді тәсіл. Ол өмір сүру құнын талдау, тұтыну себетінің құны, ең төменгі күн­көріс деңгейі, инфляция деңгейі, экономиканың өсу деңгейі, ме­диандық және орташа жалақы дең­гейі сияқты көптеген фактор­ларды ескереді. Бұл тәсіл Еуропа­лық Одақтың көптеген елдерінде қолданылады», – деді министрлік.
Екінші нұсқа – ЕТЖ-ны ме­дианды, орташа табысқа қарай анықтауға негізделген. Халық­аралық еңбек ұйымы ЕТЖ орташа жалақының кем дегенде 50%-ын құрауы керек деген ұсыным берді. Осыған ұқсас тәсіл Франция, Бра­зилия, Коста-Рика, Нидерланды және Малайзия сияқты елдерде қолданылады. Ресми мәлімет бойынша, Қа­зақстанда 2022 жылғы екінші тоқсанда орташа жалақы 312 мың теңгеге жетті. Яғни, бұл әдіске сәй­кес, елімізде ең төменгі жалақы 156 мың теңгені құрауы тиіс. Бұл қа­зіргі ЕТЖ-дан 96 мың теңгеге көп. ЕТЖ-ні осынша күрт көтеру ин­фляцияның одан ары шарықтауына түрткі болуы ықтимал деген пікір айтылды. ЕТЖ бірден емес, бір­тіндеп көтерілетінге ұқсайды. Тек тым шабан қарқынды таңдап, митың жүріспен әлем елдерінен артта қалмау қажет. Бірақ бұл жағдайда Еңбек министрлігі медианды жалақыны басшылыққа алуы да ықтимал. Ал оның көлемі азаюда. Елдегі ста­тистикалық емес, шынайы орташа жалақы көлемін білдіретін бұл көрсеткіш жыл басында 200 тең­геге жуықтаған. Әйтсе де, содан бері төмендепті.
«2022 жылдың ІІI тоқсанында Қазақстан бойынша жалақының медианды мәні – 189 018 теңгені құрады. Яғни, бір тоқсанда 4%-ға кеміді», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Демек, медианды орташа жа­лақы назарға алынса, ең төменгі жалақы қазір 94,5 мың теңге болуы тиіс. Қалай болғанда, сарапшы­лардың байламынша, ЕТЖ деңгейі төмендетілмеуі және ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен бол­мауы қажет. Дегенмен Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі де мар­дымсыз: 2022 жылы 48,1 мың теңге мөлшерінде бекітілді. Қандай тәсілдің таңдалғаны тек жаңа жылда жарияланатын түрі бар. Жұмыс тобының мүшелері бар­лық мүмкін нұсқаларды асық­пай зерттеп жатыр. Қайда асығады? Өйткені Еңбек министрлігінің хабарлауынша, ЕТЖ анықтау әдіс­темесін әзірлеуді тек 2023 жылы аяқтау жоспарланыпты. Әділетті Қазақстанның бір шарты адал еңбек ететін әрбір адамның қыз­метін әділ бағалау болса керек. Ендеше «шаршаған министр» атанған Тамара Дүйсенова ханым бұл істе шабан емес, шапшаң қимыл танытқаны жөн.