Елорда төрінде «Жас сарбаз» тәрбиеленушілерінің арасында үш күндік әскери-патриоттық жиын өтті. Жиынның басты мақсаты – Астана қаласының Жас сарбаз тәрбиеленушілері арасында үздіктерін анықтап, республикалық «Айбын» әскери-патриоттық дала жиынына іріктеу. Іс-шара Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен, 15-17 қараша аралығында Десанттық шабуыл ротасының төңірегінде өтті. Кеше жиынның ашылу салтанатына ҚР Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертайұлы, Авиация генерал-майоры Алсай Джуманов және Қорғаныс министрлігі өкілдері қатысып, жастардың рухын көтеріп, жарыста сәттілік тіледі.
– Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолауымен өтті. Негізгі мақсаты жастар арасындағы патриоттық сезімді дамыту, әскерге қызығушықты ояту. Осыған орай күзгі әскери-патриоттық жиын ұйымдастырылды. Шара үш күнге созылады. Жиынға орта арнаулы оқу орындары, мектеп оқушылары белсене атсалысты. Сайыстың негізгі бағыттары да ерекше, – дейді Жастар саясаты мәселелер басқармасы бөлім басшысы Аян Ерментаев.Үш күнге созылған жиын қатысушылардың физикалық дайындығын тексеруіне мүмкіндік берді. Алғашқы күннен бастап АК-74 автоматын уақытқа толық емес шашып-жинап сайысты бастаған командалар жарысты интеллектуалды ойынмен аяқтады. Бұдан өзге, арқан тартыс, білтемірге тартылу, арқада жатып кеудені көтеру, кедергілер алаңы, әскери эстафетадан түрлі жарыс өтті.
– Әскери-патриоттық жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушы «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері өте риза. Себебі өз мектебінде достарымен ғана жарысып жүрген балалар басқа мектеп оқушыларымен сынға түсіп көрсеткіштерін жақсарта түсуде. «Жас сарбаз» қозғалысы қарқынды дамып келеді. Бұдан былай да осындай сапалы шаралар көп болса деген тілектеміз. Енді сайыс болғаннан кейін біреу жеңіске жетеді, ал біреу жеңіледі. Қорытындысын асыға күтудеміз, – дейді әскери және технологиялық дайындық пәнінің ұстазы Сейлхан Уисинбеков.Жалпы, бүгінде 250 мыңнан астам бала мен жасөспірімді біріктіретін өскелең ұрпақ арасында әскери-патриоттық клубтардың, «Жас сарбаз» сыныптарының және Smart Sarbaz үйірмелерінің танымалдылығы артқаны байқалады. Сабақтарда алған дағдысы мен машығын олар әскери-патриоттық, зияткерлік және спорттық іс-шараларда тұрақты түрде көрсетіп келеді. Үздіктер жыл сайын өтетін «Айбын» республикалық жастар жиынында өз жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік алады. Ал жақында «Жас сарбаз» қозғалысының Астана қалалық филиалы әскери-патриоттық қозғалысты ұйымдастырудың үздіктері қатарынан табылды. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов айтқан еді. Оның пікірінше, жастарды тәрбиелеу ісіне қосқан зор үлесі үшін қозғалыс филиалдарының басшыларының еңбегі ерен.
–Жиын маған өзінің тосынсыйға толы сайыстарымен қатты ұнады. Әсіресе, кедергілер алаңынан өткенде сымтемір астынан жорғалап өту қызық болды. Жақсы нәтиже көрсете алдым деп ойлаймын, – дейді «Жас сарбаз» тәрбиеленушісі Адия Жұмахан.«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ, Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбектің айтуынша, ата-бабаларымыз баласының қолына бес жасынан бастап қару берген. Ал қазір балаларға әскери-патриоттық тәрбе беру ең басты орында. Себебі қазір балалар смартфон мен компьютерлік ойындарға әуес. Еліміздің ертеңі – жастар. Сондықтан да Отан алдындағы әрбіріміздің міндетіміз қасиетті парыз деп білейік. Бір арман, бір мақсатқа жұмылған жастардың қолынан бәрі келетініне сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан. Ал егемендігімізді баянды ету тікелей жастарға байланысты. Сол себепті рухты, отаншыл, білімді жастарды тәрбиелеу «Жас сарбаз» қозғалысының басты мақсаты.
– Кіл мықтыларды анықтайтын бұл жиын екі жыл қатарынан елдегі жағдайларға байланысты онлайн түрде өткен болатын. Биыл дәстүрлі форматта балалардың басын қосып, осы десанттық шабуыл базасында өткізу бұйырыпты. Жас сарбаз тәрбиеленушілері бұл жерде тек бір-бірімен сынға түсіп қана қоймай, жаңа достар тауып, тәжірибе алмасуда. Сайыс жоғары деңгейде өтті және тәрбиеленушілерге ұнады деген ойдамыз, – дейді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ, Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Бағдатұлы.Жалпы, әскери-патриоттық дала жиыны 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде жылына екі рет, көктем мен күз айларында өткізіледі. Астанада бұл жиын биыл төртінші рет өтіп жатыр. Кешегі жиынға 150 жас сарбаз қатысты. Сайыстан жеңгендер республикалық «Айбын» әскери-патриоттық дала жиынына жолдама алады. Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Ешкім батыр болып туылмайды. Батырлық өскен орта мен көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады». Сол себепті өсіп келе жатқан ұрпақтың ортасын дұрыстау, санасын нығайту «Жас сарбаз» қозғалысының бір міндеті.