«Бір тал кессең, он тал ек» дейді қазақ даналығы. Осы қағиданы бағдаршам еткен Үкімет соңғы онжылдықтың бедерінде ауыл-аймақты көріктендіріп, тал-дарақтарды отырғызуды мықтап қолға алды. Алайда қазынадан қыруар қаржы бөлініп, жас өскіндер егілгенімен, оның өсімі көңіл көншітпей тұр. Тіпті, кей тұстарда жауаптылардың жауапсыздығынан ағаштар қурап, құр бұтағы қалған. Мұндай келеңсіз көріністер Жамбыл облысында да аз емес. Берекесі қашқан бастама Облыс әкімдігі Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2021-2025 жылдарға арналған елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру бойынша өңірлік жоспарға сай 814,6 гектар жерге 970,0 мың дана ағаш отырғызу жоспарланған екен. Ал 2021 жылы Тараз қаласы мен аудандар бойынша 151,2 гектар аумаққа 179 мың дана ағаш егу көзделген. Жыл қорытындысымен 166 гектар жерге 232,2 мың дана ағаш отырғызылса, жоспар Тараз қаласы мен бірқатар ауданның белсенділігімен ғана орындалыпты.
– Тараз қаласы мен Байзақ, Қордай және Жуалы аудандарының жұмысты артығымен орындауының арқасында көрсеткіш орындалып отыр. Меркі, Талас және Шу аудандары жүктелген міндеттің межесінен шыға алмады.Жас өскіндердің шығымдылығы 57,6 пайыз болса, Шу ауданы бойынша егілген бірде-бір тал өнбеді. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті билік ағаштарға мүлде күтім жасамаған.
Отырғызылған тал-дарақтарға Сарысу ауданы ғана қоршау жүргізген болса, қалған аудандар бұл жұмысты орындамады, – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Адилбаков.Ал биыл өңір бойынша 161,2 гектар аумаққа 191 мың ағаш отырғызу жоспарланса, 78,5 гектарға барлығы 83,7 мың түп тал-дарақ егілген. Жуалы, Сарысу мен Талас аудандары ағаш егуге 32,0 миллион теңге бөлсе, Қордай, Байзақ, Меркі аудандары демеушілер көмегімен жұмысты жүйелеуге тырысқан. Алайда қазынадан қаржы қараған аудандарда мердігер компания анықталмай жұмыс жүрісінен жаңылса, өзге аудандар бюджеттен тиын бөлінбегенін сыныққа сылтау еткен. Соның салдарынан жоспардағы 191 мың түп ағаштың 107,3 мыңы отырғызылмай отыр. Қаржы неге бірдей қаралмайды? Мұндай сандарға қарап санаң сан саққа кетеді. Сонда бір ауданға қазынадан қаржы қаралып, екіншісіне неге бюджеттен тиын бөлінбейді?
– Негізі, Мойынқұм ауданы халқының саны күн санап азайып жатыр. Оны біз айтпасақ та, тұрғындардың өздері көріп отыр. Сондықтан қандай да болмасын жобаны жандандырмас бұрын ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескеріледі. Биыл тал-дарақ егуге қаржы бөле алмағанымыз рас. Алайда келер жылы Айдарлы ауылы маңындағы 1 гектар жерге бюджет қаржысына ағаш отырғызу жоспарлануда. Бұл жұмыстар «Жасыл белдеу» жобасы аясында жүзеге асады, – дейді Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ардақ Әлімов.Ал егілген бірде-бір талы өнбей қалды делінген Шу ауданы мамандарының айтар өз уәжі бар екен.
– Негізі, биыл демеушілер есебінен Көктөбе, Абай, Көкқайнар ауылындағы саябақтарға 5 мың түп ағаш отырғызған болатынбыз. Алайда облыс әкімдігі оны есепке алмай қойды. Оған себеп – тал-дарақтарды бюджет қаржысына отырғызуы керек екен. Шынымды айтсам, мен мұны түсінбедім. Десе де, аудан әкіміне айтып, келер жылы тал отырғызуға қазынадан қаржы қаралатын болып шешілді. Бірде-бір ағаш өнбей қалды дегенге келер болсақ, рас қоршауы болмағаннан кейін жас өскіндерді мал жеп кетіп жатады. Сондықтан біз жаңа отырғызылатын ағаштардың айналасын қоршап, тұрақты түрде ағын су келетін қылып жасасақ деп отырмыз, – дейді Шу ауданы әкімдігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Қалиқов.P.S. Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда келер жылы өңір бойынша 169,3 гектар аумаққа 205 мың дана ағаш отырғызып, оны қоршау мен күтіп-ұстауға 205,4 миллион теңге бөлу жоспарланған. Әлбетте, қомақты қаржының қаралатыны қуантады. Бірақ миллиондаған ақша тағы күнге қурап, желге ұшпасына кім кепіл? Олай дейтініміз – биыл облыстың бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты түрде отырғызған ағаштың өзі сусыз қалып, қурап кеткен болатын. Және бұл бірінші рет қайталанып отырған жағдай емес. Жыл басында Тараз қаласының экс-әкімі Ержан Жылқыбаев: «Жылда облыс әкімін апарып тал отырғызамыз. Соңында ешқандай күтім болмай қурап кетіп жатады. Жаһанға жар салып, БАҚ өкілдерін апарып жарнамалаған облыс әкімі отырғызған ағаштың өзінің жағдайы осылай болып жатса, басқасынан не сұраймыз? Ұят, тегі. Осыған ең болмаса көңіл бөлсеңіздер қайтеді», – деп ішкі қынжылысын жеткізген.
Саян ТІЛЕУЖАН, Жамбыл облысы