Туризмге қолдау көп
Туризмге қолдау көп
426
оқылды
Түркістан облысының орталығында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асып келеді. Аталған жоба аясында бүгінде 4 844 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 2 500-і тұрақты жұмыс орын­дарына, 26-ы әлеуметтік және 804-і қоғамдық жұмыс орын­дарына жолдама алған. 363 жас маман жастар прак­тикасымен жұмысқа орналасқан. 24 тұрғын мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсіптерін ашуға кірісті. 35 адамға алғашқы жұмыс орын­дарына жолдама берілді. Сонымен қатар 992 адам «Бизнес Бастау» жобасына қатысыпты. Айта кетейік, соңғы жылдары «Бизнес Бастау» жобасына көптеген өзгерістер енгізілді. Соның бірі – жұмыс істеуге талабы бар, биз­нес-жоспарын құрған ынталы жұ­мыссыз жанға мемлекет тарапы­нан берілетін қайтарымсыз грант­тың 1 млн 200 мың теңгеге ұлғаюы. Бұл грант көп­теген жанға үміт отын сый­лады. Сонымен бірге осынау қар­жыны алудың жолдары да жеңіл­деді. Кәсібін ары қарай дөңгелеткісі келетін азаматтар бұдан былай 21 күн емес, бар болғаны 1 аптаның ішінде «Бизнес Бастау» жобасы ая­сын­да білім ала алады. Сондай-ақ оларға енді құжат арқалап кеңсе аралаудың қажеті жоқ. Мұндай шара­лардың барлығын бизнес.enbek.kz порталы арқылы онлайн фор­матта, үйден шықпай-ақ атқаратын болады. Одан соң кәсібін ашқысы келетін дәрістеріне де онлайн қаты­сып, мамандардан кеңес ала алады. Оқуды аяқтағандар тест сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап беретін болса, 3 жылға жарамды серти­фикат­ты иеленеді. Ал бұл сынақтан өте алмай қалғандарға 1 жыл ішінде тесті қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Түркістан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының ди­ректоры Ақмарал Жолаева «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 298 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 256 жанға қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттары ұсынылғанын жеткізді. Ал биылғы жылы кәсіпкерлік бас­тама­шылыққа жәрдемдесу жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары жө­нін­дегі жоспар көрсеткіші еселеніп, 360 азаматты онлайн форматында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және 273 адамның бизнес идеяларын қаржыландыру көзделіп отыр екен. туризм Демек, биыл жыл соңына дейін 273 адамға кәсіпкерлік бағытта білім беріліп, мемлекеттік грантты алу жол­­дары түсіндіріледі. Үміткерлер үшке бөліп оқытылады. Жобаға қа­ты­суға 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүге­дектер, өзге өңірден қоныс аудару­шылар мен асыраушысынан айы­рыл­ғандар өтініш бере алады. Ал Түркістан облысы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 155 073 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Жалпы, шағын және орта кәсіпкерліктің эко­номика­ға үлкен әсері бар екені бел­гілі. Өңірде кәсіпкерлердің Агро­несие­лік корпорациядан, «Ырыс» микроқаржылық ұйымынан пайызы жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар. Краудфандинг алаңын қолдана отырып, инвестиция тартуға да бо­лады. Түркістанда инвесторлардың көмегімен микробизнесті, стар­тапер­­лерді, «Бизнес Бастау» түлек­терін қолдау мақсатында алғаш рет «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы ұйымдастырылған. Бұл алаңда мол табыс табудың қыр-сырын үйретіп, кәсіптің өр­кендеуіне үлес қосуға өңір кәсіпкер­лері қолдау көрсетеді. Қазір аталған жобаның 3 маусымы өтіп, кәсіп­керлер тарапынан 88,3 млн теңгеге 23 жоба қолданылып отыр. Алдағы уақытта нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кә­сіп­керлікті дамытудың 2017-2025 жыл­дарға арналған «Еңбек» бағдар­ламасы аясында «Ырыс» МҚҰ-ның Түркістан қаласына бөлінген қара­жаттың басым бөлігі туризм сала­сын­дағы жобаларға қолдау көр­сетілу жоспарланып отыр.

Шымкент қаласы