Маңғыстау облысында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен ашылады. Бастапқыда кәсіпорында мұнай қалдықтары өңделген болатын. Келесі жылдың соңына дейін мекеме кеңейтіліп, пластик, шыны, көліктің дөңгелектері сияқты қатты қалдықтарды сұрыптайтын заманауи кешенге айналмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облыста қатты қалдықтарды сұрыптау, кәдеге жарату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде өткізген кеңесінде полигондарды нормативті талаптарға сай қалыпқа келтіруді, қатты тұрмыс қалдықтарды сұрыптау, өңдеу, жинау жұмыстарын толық аяқтауды тапсырған болатын.
2023 жылы пайдалануға берілетін тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу кешені бар полигон Түпқараған ауданында орналасқан. Жобаның жалпы құны 700 миллион теңгені құрайды. Орталықты Ecsad ЖШС жеке инвестиция есебінен жобаны жүзеге асырады. Мекеме басшысы Азамат Тағановтың айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу – экологиямызды қорғаудың бірден-бір тәсілі. «Компания қалдықтарды сұрыптап, кәдеге жаратудың 3 тәсілін қолданады: биологиялық, физика-химиялық, термикалық. Бұл жоба қоршаған ортаны қорғауға бағытталған, себебі қалдықтар экологияны ластайтын негізгі фактор», – дейді А.Тағанов.Негізінен, қалдықтарды сұрыптау, қайта кәдеге жарату жұмыстары Ақтау, Жаңаөзен қалаларында және Қарақия, Бейнеу аудандарында жүріп жатыр. Былтыр облыс бойынша 132 360 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, оның 35 787 тоннасы сұрыпталды. Ал биылғы жылдың екінші жартыжылдығында 125 мың тонна қалдық сұрыпталып, қайта өңдеуге жөнелтілді. Сонымен қатар Мұнайлы ауданындағы полигон маңынан құрылыс қалдықтарын жинап, қайта өңдейтін орталық құрылысын бастау жоспарланған. Қазір жобаны іске асыру мақсатында жер телімін беру жұмыстары жүріп жатыр. Облыста қалдықтарды қабылдайтын 12 пункт жұмыс істейді. Қалдықтарды бөлек жинаумен және сұрыптаумен айналысатын оннан астам шағын бизнес субъектілері бар. Қатты қалдықтарды сұрыптау, кәдеге асырудың экология әкелер пайдасы орасан. Сондықтан әрбір азаматтың қоқыс тастар алдында оны іріктеп, арнайы орындарға тапсыруы қоғам алдындағы жауапкершілігінің бір көрінісі.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы