Алматыда әлеуметтік нысандар жетіспейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуінде айтты. «Алматының тарихи орталығы – өмір сүру үшін аса қолайлы жер. Қажетті нәрсенің бәрі жақын жерде орналасқан. Алайда, орталықтың өзіне тән түйткілдері бар. Атап айтқанда, коммуналдық жүйе тозып барады. Ғимараттар бір-біріне өте тығыз орналасқан. Жолдарда кептеліс көп. Сондай-ақ, шеткері аудандардың дамуы тым кенже қалып отыр. Әлеуметтік нысандар жетіспейді. Жұрт серуенге баратын саябақтар тапшы. Негізінен жер үйлер көп салынған. Тіпті, қыс айларында қара түтін қаптайды. Азаматтардың демалысын пайдалы өткізетін қоғамдық орындар аз. Көлік және инженерлік инфрақұрылым да жеткіліксіз. Әкімдіктің басты міндетінің бірі – орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою. Қала – бәріне ортақ. Сондықтан, қаланың игіліктері де барлық тұрғындарға бірдей қолжетімді болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы кездесуде. Сонымен қатар Президент үйлердің тығыз салыну мәселесін көтерді. «Жұрттың наразылығын тудыратын тағы бір маңызды мәселе – үйлердің тығыз салынуы. Так называемая точечная застройка или «человейники». Осындай құрылыстар және жолдардың ыңғайсыз салынуы көп қолайсыздық тудырып отыр. Алматы заманауи урбанистика талаптарына сай болуы керек. Қаламыз бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс. Сондай-ақ, Алатаудың самалы қалада еркін есуі қажет. Бұл қаланың экологиясы үшін өте маңызды. Қала салу кезінде құрылыс компанияларының емес, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек. Заңдарымызда бұл жағдай нақты реттелмеген. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені пысықтап, заңға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырамын. Мұның бәрі Алматыны мейлінше жайлы, қолайлы қала ретінде одан әрі дамыту үшін қажет. Шаһарда Ботаникалық бақ сияқты қоғамдық орындар көп болуға тиіс. Кейбір аудандарда осындай нысандар мүлдем жоқ. Қала әкімдігі осы ахуалды түбегейлі өзгертуді көздеп отыр. Жұрттың демалуына арналған бес орталық салу жоспарда бар. Мен мұны толық қолдаймын. Бірақ, жұмысты сапалы орындау қажет», – деп толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев.