Жұмыртқа субсидияға зәру емес
Жұмыртқа субсидияға зәру емес
239
оқылды
Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде жұмыртқа өндірісін субсидиялау жұмысы 10 жылға жуық жүргізіліп келді. Осы уақыт ішін­де мемлекеттік субсидияның көмегімен құс фабри­каларының өндірісі 83%-ға артып, көрсеткіш жылына 4,3 млрд жұмыртқаға жеткен. Бұл ретте ел Үкіметі 2010 жыл­дан бастап құс өсіруші шаруа­шылықтарға субсидия түрінде 75 млрд теңгеге жуық қаржы бөліпті. Осыған сай республикада аталған сала қалпына келтіріліп, жаң­ғыртылды. Сондай-ақ қолда бар құс фабрикаларының тех­ни­ка­лары қайта жарақтандырылды. Бүгінде Қазақстанда құс ша­руашылығы өнімдерінің жыл сайынғы өсімі байқалуда. Мем­лекеттің көмегімен жұмыртқа өндірісіне бөлінетін субсидияның арқасында ішкі нарықтың қажет­тілігі 120%-ға қамтамасыз етілді. Құс фабрикалары өнімділігі жыл сайын артып келеді: 2018 жылы 670 млн. дана жұмыртқа экспорт­талса, 2019 жылы 1,5 млрд дана жұмыртқа өзге елге жіберілген.  width= Министрліктің хабар­лауын­ша, жоғарыда аталған фактілер қазіргі уақытта жұмыртқа өн­діруге бағытталған құс шаруа­шылығы саласы елдің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, оңтайлы жұмыс істеп тұрға­нының айғағы. Енді бұл саланың ары қарай дамуы мемлекеттің қолдауымен емес, негізінен на­рық­тық жағдайда, табиғи жолмен жүруі тиіс. Сондай-ақ Қазақстан Үкі­ме­тінің 2018 жылғы 24 шілдедегі №18975//423 қаулысымен бе­кітілген «ҚР АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған мем­лекеттік бағдарламасында аграрийлерді қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін «өнім бірлігіне арналған суб­си­диялар» деп аталатын «тауарлы-ерекше субсидияларды» кезең-кезеңмен қысқарту көзделген. Мал шаруашылығындағы тауар­лы-спецификалық субсидия­лар­ды қысқарту мемлекеттік бағ­дарламада 2020 жылдан бастап жоспарланған.
«Бұл ретте, субсидия беруді тоқтату, «жұмыртқа шаруа­шы­лы­ғына» мемлекет тарапынан енді мүлде көңіл бөлінбейді деп кесіп айту – қате. Құс фабрикалары үшін сыйақы мөлшері жеңіл­детілген несие беру, сондай-ақ өндіріс қуатын көбейту үшін тар­тылған инвестициялық шы­ғын­дарды субсидиялау шаралары жал­ғасады», – делінген министр­лік­тің хабарламасында.
Саланы одан әрі дамыту өткізу нарығын кеңейтуге және терең өңдеуге көшу арқылы өндірісті әртараптандыруға бағытталуы тиіс. Жұмыртқаны қайта өңдеуді дамыту жұмыртқа ұнтағы, ме­ланж, ақуыз және құрғақ фер­мент­телген сарыуыз, құрғақ жұ­мыртқа қоспалары және т.б. өндіруге мүмкіндік береді. Бұл отандық кондитерлік және тамақ өнеркәсібін сапалы және арзан өніммен қамтамасыз етуге бағыт­талу керек. Осы бағытта мемлекет отандық жұмыртқа өндірушілерді қолдауға дайын. Айта кетейік, 2019 жылғы желтоқсанда Үкімет азық-түлік тауарларының им­портын алмастырудың тиімділі­гі­не жүргізілген талдауды ескере отырып, АШМ-нің аграрийлерге арналған субсидияларды қайта қарау жоспарын мақұлдаған. Қа­былданған шешімге сәйкес АШМ өзін-өзі қамтамасыз ететін бір­қатар сала бойынша субсидия­лар­ды (өнім бірлігі үшін) алып тас­тауды жоспарлап отыр. Олар­дың қатарына «жұмыртқа шаруа­шылығы» да енгізілді.   Тәуекел ДУМАН