Астанада №2 КҚА акушерлік блокта алып сәби дүниеге келді. Оның салмағы – 5075 грамм, бойы – 58 сантиметр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. «Пациент жүкті әйелдер патологиясы бөліміне түсті. Жүктіліктің 41-аптасында толғата бастап, кейін босану блогына ауыстырылды. Босану жоспары Диананың денсаулығын ескере отырып, консервативті түрде өтті. Біз баланың басы жамбастың бойымен алға жылжуын бақылап, босану қарқынын қатаң қадағаладық. Табиғи жолмен босандыі», - деді акушер-гинеколог дәрігер Динара Издибаева. Диананың бұл үшінші сәбиі. Оның алдындағы нәрестелері де ірі болған екен. Ананың да, баланың да халі жақсы. «Акушерлік блок дәрігерлеріне алғысым шексіз. Ақ халатты абзал жандардың кәсіби біліктілігінің арқасында бәрі жақсы өтті. Өте қуаныштымын! Осындай кәсіби мамандар көп болсын! Жұмыстарыңыз жемісті болсын! Ризашылығымды білдіремін, дәрігерлерге көп рахмет!» - деді Диана. Дәрігерлердің айтуынша, жаңа туған нәрестенің орташа салмағы 2500-ден 4500 грамға дейін деп саналады.