Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайында ел білмейтін деректер
Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайында ел білмейтін деректер
2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, мемлекеттік комиссия аясында республикалық комиссия, оның ішінде 14 облыста, республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссия құрылып, саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытында жұмысы басталды. Ал большевиктік-сталиндік билік, оның жергілікті органдары жүргізген зорлық-зомбылық науқандары мен саяси қуғын-сүргіндердің көрінісі мемлекеттік архивтерде қатталып жатқаны баршамызға мәлім. Осы ретте тарихшы ғалымдармен қатар архивистердің еңбегі зор. Астана қаласының қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясы өз жұмысын 2021 жылғы маусым, шілде айларында бастады. Жұмыс топтары құрылып, қуғын-сүргін құрбандарын анықтау, зерттеу, зерделеу жұмыстары мына бағыттар бойынша жүргізілуде: 1. Тәуелсіздік жолында қуғындалған күрескерлер (жеке тұлғалар, топтар, қоғамдық және саяси ұйымдар); 2. Антисоветтік қарсылық, ұлт-азаттық көтеріліс құрбандары; 3. Тәркіленген, жер аударылған бай-кулактар; 4. Ашаршылық құрбандары мен 1916-1930 жж. босқындар; 5. Күштеп ұжымдастыру және шаруашылық науқандарының (астық, ет дайындау, т.б.) құрбандары; 6. Депортация, арнайы қоныс аударылғандар; 7. 1939-1945 жж. соғыс тұтқындары; 8. ГУЛАГ жүйесіндегі лагерлерде зардап шеккен тұтқындар, олардың отбасы мүшелері; 9. Қудаланған дәстүрлі дін өкілдері. Жұмысты жүргізу барысында Ақмола өңірі бойынша 1916-1930 жж. қуғын-сүргін құрбандарын анықтау бағытында жүргізілген жұмыста екі мәселеге назар аударылды. 1) Ақмола өңірінің әкімшілік-аумақтық бөлінісі және зерттеу географиясын нақтылау. 2) Ақмола өңірін басқару жүйесін, саяси билік және түрлі комиссиялар мен билік органдарының, олардың құрылымдарының саяси қуғын-сүргінге, адам құрбандығына әкеп соққан шешімдері, бұйрықтары, нұсқаулықтарын зерделеу. Саяси қуғын-сүргін

Ақмола уезі Колчак әскерінің қолында болған

Ақмола өңірінің Әкімшілік-аумақтық бөлінісі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады. Ақмола 1916 жылы Ресей империясына қарасты Сібір генерал-губернаторлығының Ақмола облысы (орталығы Омбы қаласы) болды. 1917 жылы Уақытша үкімет кезінде қала халқы жік-жікке бөлінеді. Уездік қазақ комитеті құрылып, онда Дінмұхамбет Әділұлы, Бірмұхамбет Айбасұлы, Қошке Кемеңгерұлы және Сәкен Сейфуллиндер болған. «Жас қазақ» ұйымы құрылады, «Айна» деген журналдың 1 нөмірін шығарады. «Тіршілік» газеті шығып тұрады, уездік қазақ съезі өтеді. 1917 жылы Октябрь төңкерісінен кейін Ақмолада Совет үкіметі орнайды. Ақмола уезі 1918 жылы тамыз айынан 1919 жылдың 25 қарашасына дейін ақ гвардияшылардың, Колчак әскерінің қолында болады. 1920 жылғы 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) АССР-ы құрылып (орталығы – Орынбор қаласы), қарамағындағы Ақмола, Семей облыстары Сібір революция комитетіне бағынышты болады. Ақмола губерниясы 1921 жылы 25 сәуірде құрылады, Ақмола (75 бол.), Атбасар, Көкшетау, Петропавл уезі (233 болыстық), орталығы Петропавл қаласы болады. Ал 1928 жылғы 17 қаңтарда Ақмола округі құрылып қарамағында 8 қазақ ауданы, 7 орыс ауданы және Ақмола, Атбасар қалалары енеді. 1932 жылғы 20 наурызда Қарағанды облысы, орталығы Петропавл қаласы, 1939 жылы Ақмола облысы бөлініп шығады. Ақмола өңірінде бірнеше мәрте болған әкімшілік-аумақтық бөліністерге байланысты Астана қаласының мемлекеттік архивінде 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша Ақмола өңіріндегі мемлекеттік билік, мемлекеттік басқару, ішкі істер, заң, сот, прокуратура, басқа да мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың құжаттары сақталған. Бұл құжаттарда 1919-1928 жж. Ақмола уезінің, 1928-1930 жж. Ақмола округтік атқару комитетінің, уездік, округтік комиссия қаулылары, жер аударылған байлардың, жазықсыз сотталғандардың арыз-шағымдары, тәркіленгендер, олардың отбасы туралы, сайлау құқығынан айырылғандар туралы, т.б. мәліметтер бар.

Ақмола облысы бойынша 5661 адам ақталды

ҚР ІІМ арнайы архивінің Ақпараттық-аналитикалық орталығында Ақмола облысы және Ақмола қаласы бойынша 1920-1950 жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы нақты мәліметтер жинақталған. Олардың мәліметінше, Ақмола облысы бойынша 6090 адам қуғынға ұшыраса, 5661-і ақталған. Ал 429-ы әлі ақталмаған. Ақмола қаласы бойынша 6832 іс қозғалса, оның  6216 ақталған, 616-сы ақталмады. Өңірлік комиссияның жұмысын үйлестіру мақсатында Астана қаласы мемлекеттік архиві зерттеу жүргізілетін қорларды анықтап тізімін жасады, 1920-50 жылдар аралығындағы 105 қор бойынша 30 мыңнан аса істерді қарау, қуғын-сүргін құрбандарын анықтау, зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады. Нәтижесінде, Астана қаласы мемлекеттік архивінде сақталған Ақмола округтік атқару комитетінің қорындағы құжаттар бойынша 1928 жылы кәмпескеленген байлардың мәліметтер базасы жасалуда. Екіншіден, архивтегі сот және прокуратура қорларынан 1926 ж. РСФСР Қылмыстық кодексінің 58, 59, 69, 73, 79, 82, 105, 107, 110, 111-баптарымен айып тағылып, жазаланған 300-ге жуық адам анықталды.  қуғын-сүргін Үшіншіден, Астана қаласының мемлекеттік архивінде «Тұтқындар үйі» 65-ші қордың 1-тізімдемесінде 1920-1937 жылдар аралығындағы 5760 тұтқынның қылмыстық істері сақталған. Қазіргі уақытта 3000-ға жуық іс қаралды: олар 1926 ж. РСФСР Қылмыстық кодекстің 58, 59, 61, 62, 73, 79, 101, 107 және т.б. баптар бойынша абақтыға қамалғандар: ұйымдасып салықтан жалтарғандар; билік өкіліне қарсылық көрсеткендер; мемлекет мүлкіне зиян келтіргендер; самогон қайнатқандар; алып-сатарлықпен айналысқандар (спекуляция), астық, ет тапсыру, салық төлемдеріне қарсылық көрсеткендер, т.т. 1919-1920 жылдары 124 адам, 1930 жылға дейін 100-ден асса, көпшілігі 1931-1933 жылдары абақтыға қамалған, яғни басым көпшілігі астық-ет дайындау науқаны кезінде жауапқа тартылғандар. 2021 жылы осы тізім бойынша 321 адамды ақтау жөнінде Жобалық кеңсеге ұсынылды. Төртіншіден, архив қорынан Сайлау құқығынан айрылған ақмолалықтар мен Ақмола өңірінің азаматтары туралы мәліметтер жинастырылуда. Ақмола атқару комитетінің есебі бойынша 1926-1927 жж. 1309 ақмолалық сайлау құқығынан айырылса, 1930-1931 жж. олардың саны 1540-қа жеткен. Орталық атқару комитетіне берілген есеп бойынша Ақмола округінің 50%-ы сайлау құқығынан айырылған екен. Сонымен қатар, архив қорындағы 1921 жылғы және 1929-38 жылдардағы партиялық тазалаулар кезінде қудаланғандар бойынша да зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бесіншіден, архив қорындағы 1928 жылғы кәмпеске науқаны кезінде араб графикасымен жазылған шағымдар, хаттамаларды айналымға енгізу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Ал республикалық жұмыс топтарының сұраныстарына сәйкес Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргінге негіз болған өңірлік құжаттар және қуғын-сүргінге ұшыраған бай-кулактарды, орта шаруалар мен шаруа қожалықтары, антисоветтік қарсылық, көтерілістер жөнінде құжаттар республикалық жинақтарға енгізу үшін жіберілді. Былтырдан бастап Астана қаласының мемлекеттік архиві ғылыми әріптесі Қазақстан тарихшыларының Ұлттық конгресімен бірігіп, ғылыми-көпшілік, ақпараттық-әдістемелік «Архив хабаршысы» журналын шығара бастады. Журналдың әрбір санында саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған архив деректері негізінде ғылыми мақалалар, архив құжаттарының топтамасы беріліп отыр.  

Ашаршылықта халықтың мал-мүлкі тәркіленді

Кеңес Одағындағы азық-түлік дағдарысы бойынша 1928 жылы желтоқсанда Саяси бюро индустриалды орталықтардың әкімшіліктеріне нанға карточка енгізсе, келесі жылдың ақпанында Кеңес Одағының барлық территориясына енгізілді. Арада шамалы уақыт өткен соң, 1929 жылдың шілдесінде етке карточка енді. Ал қазан айында нан, жарма, ет, май, қант, шай мен жұмыртқаның жетіспеушілігі айқын сезіліп, бәрі карточкамен беріле бастады. 1930-1931 жылдары Қазақстанға 493 500 тонна ет өткізу жоспарын берді. Себебі, еліміз сол кезде ет дайындау базасы ретінде қарастырылған еді. Сөйтіп, 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылықтың мал-мүлкін тәркілеу алдын ала жоспарланды. Малмен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылығы құралдары да соқа-сайман, арба, шана, басқа да байлар иелігіндегі дүниенің бәрі тәркіленді. Жалпы, 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың кедей туыстарының колымен жүргізілді. Осылайша, қазақтарды өзара араздастыру, олардың арасында таптық ұстаным негізінде іріткі салу саясаты тереңдей түсті. Қазақ АССР-і бойынша ОГПУ өкілінің орынбасары А.Р. Альшанский 1930 жылы 12 шілдедегі КСРО ОГПУ-ге хабарламасында Қазақстандағы азық-түлік тапшылығына байланысты жаппай көшіп-қону көбейгені, Ақмола округінің Коммунистік ауданынан 2 мың шаруашылық ауа көшкен, соңғы уақытта Қарқаралы округінің аумағында Ақмола, Павлодар округтерінен 500-ге жуық  жүк тиеген көш малын айдап Сергиопольге, Балқаш жағалауына қарай бет алғаны туралы айтады. Тағы бір ОГПУ-дің өкілетті өкілінің БК(б)П Өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге 1930 жылғы 10 тамыздағы хабарламасында Ақмола округінде соңғы кезде оқытушылардың округтен тыс кетіп жатқанын жазған. «Қазіргі уақытта оқытушылар құрамының 50 пайызы есептен шығып кеткен. Олардың бір бөлігі өз мамандығымен емес, теміржолдарда еңбек етуде. Бұл жағдай азық-түлік тапшылығына байланысты болып отыр. Соңғы айларда оқытушылар паек алған жоқ, мектеп жұмысы тоқтап қалу қаупі бар» деген жазбаларды көріп отырмыз. Саяси қуғын-сүргі

Жұрт жан сақтау үшін елден көшті

1916-1919 жылдары ел ішіндегі толқу, бүліншілік, алашордашылар, казактар, ақтар, қызылдар, биліктің дүркін-дүркін ауысуы толастаған жоқ. Ел азаматтары ат үстінде болды немесе тұтқында ұсталды, халықтың мал-мүлкі таланды. Осындай аласапыран жылдары ел бұрынғы тұрған мекендерінен атыс-шабыс, тонаудан қауіптеніп мал-жанымен ауа көшті. Қалыптасқан шаруашылық жүйесі тоқырауға ұшырады. Ал 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығын тұралатып, халықты күйзеліске душар етті. Бұл азамат соғысының енді ғана аяқталған, большевиктер ел ішіндегі саяси-экономикалық, әлеуметтік шиеленісті өз пайдасына әлі толық шеше алмаған өлара кезең еді. Осы кезеңде тек қана Қазақстанда емес, Ресейдің бірқатар жері ашаршылық құрсауына түскен болатын. 1922 жылдың басында аштық құрсауына түскен Челябинск, Қостанай, Самара губернияларынан жан сақтау үшін 470 мыңдай адам Ақмола губерниясына ағылып  келе бастаған. Бірақ қолдағы бар азық-түлік қорының бір бөлігін көмек көрсетуге жұмсауға мүмкіндік бермеді. Мысалы, Архив қорындағы 1923 жылы 21 июльде жазылған өтініштен осыны байқауға болады. 3 ауылдың басшысы Айтжан Ыбырайұлы «3-ші ауылдың адамдары ішерге тамақ, сауарға сауын жоқ. Ақмағамбет ұлдары аштан өлді. Осы 3-ші ауылдың 80 үй кедей (350 жан) күн көріп жан сақтаудан қалдық» деп аткомнан жәрдем сұрайды. Ақмола уездік атқару комитетіне жазылған келесі бір арызда Камалоллаұлы Шахрад бұдан екі жыл бұрын туған жері Қазан губерниясында ашаршылықтың салдарынан 1921 жылы 17 майда еңбек етіп, үйіне астық алып қайту ойымен Ақмола қаласына келгенін айтады. Алайда осы уақытта дейін оның қолына ешбір пұл түспеген. Сөйтіп ол кері қайтуға қазынадан жол-пұл тауып беруін өтінеді. Ақмола уездік ашыққандарға көмек беру комиссиясының 1924 жылғы 17 мамырдағы хаттамасында уезде ашыққандар саны 1 сәуірде 11 736 адам, 10 мамырда 22 629, ал 17 мамырда 25 352 адам болды деген мәлімет бар. Осы Комиссия төрағасы Төреғожиннің мәліметі бойынша Қарағанды, Нұра, Асанқайғы, Сарыарқа, Сарысу, Қорғалжын болысында ашыққандар саны күннен күнге артып, ал аштан өлгендердің денесін жинау мүмкін болмай бара жатқаны айтылады. Сол кезде аштыққа ұшыраған Қазақстанға орталықтан көмек келгені былай тұрсын, қайта азық-түлік жіберу талап етілді. Мәселен, Ақмолада аштыққа ұшырағандар санын 100 670 адам деп көрсетілді. Ақмоланың өзінде жағдай осылай болғандығына қарамастан, оларға Москвадан берілген жоспардан тыс тағы да 300 мың тонна астықты Ресейге жіберу міндеттелді. Бұл жайында Қазақ саяси эмиграциясының көшбасшысы М. Шоқай кеңестік тоталитарлық жүйе ұйымдастырған аштықтың қасіретін еуропалық мерзімді басылымда жария етті.  

Ақмола өңірінде болған ірі көтеріліс – Антисоветтік көтеріліс

Қазақстандағы 1921-22 жылдардағы ашаршылыққа, коммунистік саясатқа қарсылық бәрі бандының ісі деп теріс баға берілді.  Сол кезде осы өңірде болған ірі көтерілістердің бірі – Есіл бойы (Приишим) антисоветтік көтерілісі, оған осы солтүстік облыстардан қатысушылар көп болған. Құпия архивтерде ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қатысты 183 қылмыстық іс қозғалып, 971 адамға қылмыстық жауапқа тартылғаны жөнінде деректер бар. Архив деректерінен Көкшетаудағы «Қызыл телпек», Торғайдағы Батпаққара көтерілісіне қатысқандардың Ақмола өңірінде жасырынып жүргені жөнінде де деректер кездеседі. Сондай-ақ, ҚР ҰҚК архивіндегі құпиясыздандырылған құжаттарда Ақмола өңірі бойынша 8 топ туралы айтылады. Олар: Мусапаров, Исиндер, Жанабаев, Алдабергенов, Бурибаев, Джапаров, Токсейітов  және атауы белгісіз топтар. Ал қалалық архивтегі Ақмола округтік атқару комитетінің құжаттарында Қорғалжын ауданының байлары Садвакасов, Айтмағамбетов және Суюнушев  малдарын айдап Сары су ауданындағы қылмыстық топқа қосылған екен. Қазақстан Республикасы Президент архивіндегі ОГПУ мәліметтері бойынша Ақмола округінде 1930-31 жылдары 2 банда тобы мен оның 35 мүшесі жойылған. Қалалық архивтегі ОГПУ мәліметтерінде Исин Өсербай, Омаров Жамшит, Бытымбай деген бандалар туралы ақпарат бар. Алайда архив қорларында кездесетін «бандалар», рас бандылар ма, әлде елім дейтін ерлер ме? осыны анықтау, нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Саяси қуғын-сүргін  1920-1930 жылдардағы азық -түлік салықтары, байларды кәмпескелеу, жер аудару, ұжымдастыру науқандары халық наразылығын туғызды. Архив құжаттарында совет үкіметіне қарсы  қастандық, колхоздан шығу әрекеттері, тұқымдық қорды жою, қоймаларды өртеу фактілері жеткілікті. Мысалы, Ақмола округінің Коммунист ауданының Тургеневка ауылында 13 сәуірде ауылдық кеңесте азық-түлік, нан талап еткен кедейлер тобы сарайды бұзамыз деп қорқытқан. Ал 30 адамнан тұратын Ковалевка селосында бір топ адам күзетшінің кілтін тартып алып, тұқым сақталған қораны бұзуға тырысқан. Не болмаса Кетмен селосындағы 200 адамнан тұратын топ қоймадан рұқсатсыз 40 пұт астық алған. Биліктің зорлық-зомбылығына шыдамай, амалсыздан, ашынғандықтан халық осылайша түрлі әрекетке барғаны анық. Сталин ауданындағы селоларда нан салығын төлемегендерді суық үйге отырғызып, жылы киім-кешегін тартып алған, Азат ауданында астық, ет өткізу жоспарын орындамағандарды ұрып-соғып, қараша айында тізерлеп жерге отырғызып, шешіндіріп үстіне суық су құйған. Бұл асыра сілтеу қаралып, «Азат ісі» қозғалған, «шаш ал десе, бас алғандардың» 2 ату жазасына, қалғандары 1 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Жеке саудамен айналысатын Кот Никонор 12 десятин жерге астық салып, 620 пұтты мемлекетке өткізген. Бірақ азық-түлік салығының шаршатқаны соншалық, өзіне-өзі қол жұмсаған. Ал 1-31 шілде аралығында Ақмола ауданы бойынша берілген ақпаратта Социалистік ауданның Парчевка ауылында сүтті, нанды есепке алу жөніндегі комиссия құрылады, оның құрамындағы Г. Клименконы  2 маусымда астық сатып алу кезінде пышақтап кеткен. Қазақстан Республикасы Президент архивінің бір дерегінде Ақмола округінен 1 мыңға жуық жазаланғандар отбасы мүшелерімен, кішкентай балаларымен Карелияға жер аударылған.  

Байлардың мүлкін мемлекет меншігіне айналдыру 1918 жылдардан басталды

Болшевиктердің билікке келуімен бай, көпестердің мүлкін мемлекет меншігіне айналдыру, кәсіпорындарын тәркілеу, егістік, мал жайылымдарын алу 1918-1920 жылдардан-ақ  басталған. Ақмола қаласының белгілі бай-көпестері Б. Қосшығұлов. Халфиндер, Кубриндер, Казанцев, Моисеев, Силин т.б. үй-жайлары совет мекемелеріне берілген. Сөйтіп, олардың мүлкі ашық түрде талан-таражға салынған. Бірсыпыра көпестер мен байлар қудаланып, түрлі саяси шауқандар нәтижесінде РСФСР Қылмыстық кодексі бойынша абақтыға жабылды. Большевиктер 1927 жылы байларды тап ретінде жоюға шұғыл кіріседі. Содан Өлкелік партия комитетінің VI пленумында бұл мәселе талқыланады.   Байларды тәркілеу және оларды жер аудару жөнінде Қазақстан Орталық Атқару комитеті мен ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулысы қабылданады. Осы қаулыдан соң 30 тамызда бірнеше қаулылар мен тәркілеу бойынша нұсқаулықтар қабылданады. Сөйтіп, әрбір ауыл, аудан, округ бойынша байлардың мал, жан, мүлік есебі ОГПУ тарапынан жасырын түрде нақтыланды. Тәркілеуге жататын байлардың алғашқы тізімдерінің жобасы алдын-ала бекітілді. 1928 жылы 16 тамызда өткен байларды кәмпескелеу жөніндегі партия комиссиясының отырысында қаралып, тәркілеуге түсетін қожалықтардың саны, жер аударылатындардың саны, науқанның басталу, аяқталу мерзімі белгіленді. Алғашында Ақмола округі бойынша алғашқы меже 1 топ бойынша 37, ал 2 топ бойынша 9, барлығы 46 байды тәркілеу жоспарланды.  Ақмола округтік атқару комитетінің  президиумының 1928 ж. 26 қыркүйектегі №39 қаулысы бойынша 46 бай тәркіленді. Ал 1928 жылдың 29 қазан – 4 қараша аралығында өткен Ақмола округтік 1 партия конференциясында 46 шаруашылық тәркіленіп, 12 мыңнан аса ірі қара жиналғаны туралы айтылды. Бұл 46 ірі байдың жеке істері Астана қаласының мемлекеттік архивінде сақталған, онда кәмпескелеу парақтары, хаттамалар, кәмпескеленген мал, мүліктерді тарату қағаздары, оны алғаны туралы кедей, батрактардың растау қағаздары, т.б. тәркілеуге қатысты құжаттар сақталған. Сонымен қатар, Ақмоладан Гурьевке жер аударылған 52 байдың тізімі кездеседі. Құжаттарды зерделеу барысында, Атырау облыстық мемлекеттік архивінен, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен (ҚР ОМА) тиісті деректер алынды. ҚР ОМА деректер Ақмоладан жер аударылған 72 бай жөнінде айтылады. Кеңесбайұлы Исламбектің арызына қарағанда қарашаның 17-і күні Ақмола округі бойынша кәмпескеленіп, жер аударылатын 46 кісінің аты-жөні бар алғашқы тізім қайта жаңғыртылып, өзгеріс енгізілген. Ақмола округтік партия комитетінің шешімі бойынша ауыл байлары Мұқтар Мұстапаұлы, Молдабай Әлжанұлы және Нұрқамыт Сейдалыұлдары тізімнен шығарылады да, олардың орнына орта шаруалар Қасым Ахметұлы, Дәулетбек Мұстапаұлы және Исламбек Кеңесбайұлын қосады. Байларды 1927 жылға дейін тап ретінде жоюдың нақты бір мысалы, Макин Спан болыс Тайтөбе ауылынан (10-шы ауыл), 30-40 жыл сол өңірді басқарған белгілі адам. Қазіргі «Нұра» демалыс аймағы Спан болыстың  жаз жайлауы болған екен. 1927 жылы ұлттық партиялық топтарға қосылғаны үшін сайлау құқығынан айырылған. Үш жыл еңбекпен түзеу  колониясына Ақмола, Семей, Қостанай губернияларынан тыс жерлерге 1928 жылдың қаңтарында Шымкент округіне жер аударылады. Ол жақтан 1932 жылы қыркүйекте тыйым салынған бұрынғы Ақмола губерниясына қашып, сауда саттықпен айналысады. 1933 жылы 14  мамырда 71 жастағы Спан болыс (бойы 1 метр 62 см., шашы қара, көзі сұр түсті) Ақмола халық сотының шешімімен Қылмыстық кодекстің 82, 107 баптарымен жауапқа тартылады. Сөйтіп, 6 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдайды. Республикалық комиссияның қарауынан кейін денсаулығына байланысты босатылып, 1933 жылдың 8 маусымынан мәжбүрлі еңбекке 1 жылға жегіледі, 1934 ж. қайтыс болады. Қазіргі уақытта Ақмола округі бойынша кәмпескеленген, жер аударылған байлардың саны – 90 (бұл дегеніңіз 600-ге жуық жанның тағдыры). Тәркіленген байлар қыс мезгілінде жер аударылады, қараша, желтоқсан айында жолға шыққан байлар межелі жеріне жете алмай боранға ұшырап, бала-шағалары жолда өлгені де бар. Ақмоладан жер аударылған 14 отбасының (83 жан) Ақтөбеде қыстап шығуды сұрап жазған хаттары да бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы архивінің деректері бойынша Ақмола өңірінің ірі байлары Ерденбаев Құсайын, Сейткемелов Абубакир, Сейіткемелов Халық Вологда қаласына жер аударылған.  

Студенттер де қуғындала бастады

1928 жылғы байларды тәркілеудің соңы жоғары оқу орындарындағы оқитын студенттерді қуғындауға ұласты. 1929 жылдың басында Қазақстан Өлкелік партия комитеті «Кеңес мектептерін тегі жат адамдардан тазалау туралы» қаулы шықты. Сөйтіп,  бұрынғы хан, төре, бек, би, болыстар мен дін иелерінің, байлардың, саудагердің балаларына тиіседі, оқудан шығарады, жұмыстан аластатады. Үдере көшудің ішкі, сыртқы және шетелдік сипаты болғаны белгілі, ішкі  бұл Қазақстанның ішінде, бір ауданнан бір ауданға, сыртқы, бұл Қазақстаннан тыс және көрші Ресей, Орталық Азия республикаларына, ал шетел бұл Қытай, Ауғанстан және т.б. шетел мемлекеттеріне көшу, 1916 жылғы көтерілістен кейін ақмолалық байлардың Қытайға көшуі туралы мәліметтер кездеседі. Осы өңір тұрғындарымен әңгімелесу барысында 1930 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде, Ресейге, Қытайға кеткендер бар екен, бұл бағытта іздестіру жұмыстары жүргізілуде. 1931 ақпандағы ОГПУ материалдары бойынша ақмолалықтардың үдере көшуі туралы мәліметтерге көз жүгіртсек, Еркіншілік, Ақмола, Атбасар, Жаңа арқа, Азат аудандарынан 510 шаруашылықтың Павлодар, Петропавл, Қостанай, Қызылорда округтеріне көшкені туралы айтылады. Қалалық архив болған соң қала тұрғындарынан осы өңір тарихына, жеке адамдар мен тарихи оқиғаларға байланысты мәліметтер, қандай да бір тақырыпта құнды құжаттарды жинап жүреміз. Соның бір дәлелі биылғы жылы алашордашы Х Болғанбаевтың, журналист, қауіпсіздік комитетінің ардагері Амантай Кәкеннің жеке архиві мемлекеттік сақтауға алынды. Сонымен қатар Бөлек бидің немересі Мәриям апайдың естеліктерін жинастырдық. Мәриям апайдың әкесі Сәлкеннің немере ағасы Мәнтен молда Алашорда мүшесі болған, қазіргі Тайтөбе ауылынан, 1931 жылы билік тарапынан қудалау болған соң бір түнде көшіп кеткен екен. Омбының Шарбақкөл ауылында тұрған, 1936 жылдары қайта оралған елге. Сталиндік диктатураның құрбаны болған, қуғын-сүргін көргендердің қасіреті тек жекелеген адамдардың емес, дәуір қасіретінің бір бөлігі. Сол кезеңде не болғанын түйсіну, сол кезеңнің тарихын қалпына келтіру тек сол кезеңдегі адамдардың өмірін, тұрмыс-тіршілігін толық зерттеу арқылы ғана қол жеткіземіз. Тарихи шындыққа апарар жол өте күрделі, тарих детальдардан тұрады, оған барынша жақындау үшін дерек көздерін түгелге жуық қамту, пайдалану, оларды жүйелеу, ой елегінен өткізу қажет.   Ғазиза Исахан, Астана қаласы Мемлекеттік архивтің ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы, Астана қаласы бойынша қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшесі