Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінде «Жаңа Қазақстанның жалынды жыры» атты шығармашылық кездесу болып өтті. ЮНЕСКО-ның журналистика мен коммуникациясы кафедрасының ұйымдастыруымен өткен әдеби басқосуда жиналған қауым поэзия әлеміне саяхаттап, салихалы сұхбат құрып, рухани тақырыпта сырласуға мүмкіндік алды. Танымды кездесуге, ақын, сазгер, Желтоқсан қаһарманы, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық “Алаш” әдеби сыйлықтарының лауреаты Аманғазы Кәріпжан, ақын, журналист, халықаралық “Илхам” сыйлығының лауреаты, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы мен ақын, аудармашы, “Серпер” жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет және Ақпарат саласының үздігі, “Алтын сақа” баспасының бас редакторы Саят Қамшыгер келіп қатысты, Кездесуді Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым, ақын-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлы жүргізді. Аталмыш шараға келген қонақтар өткен тарихтан, әдебиетімізден сыр шертіп, халқымыздың асыл мұралары жайында келелі әңгімелер қозғады. Қаламынан жыр тамған қаламгерлеріміз ерекше өлеңдерін нақышына келтіре оқып, кешті тамашалаған әр адамға рухани азық сыйлап, мағыналы ой саларлықтай дүниелерді қозғады. Бір сұраққа өлеңмен, енді біріне суырып салып жауап берген ақындарымызға «Жаңа Қазақстанда әдебиет саласында қандай қадам күтіледі және жастардың әдебиетке қызығушылығының артуына қандай бастама жасалуы керек?» деген сұрақ қойылды. Бұл сұраққа Аманғазы Кәріпжан: «Жаңа Қазақстан, ол – біз, біздің тарихымыз, әдебиетіміз және соған ашылар даңғыл жолдың бастауы, тұнығы лайланбаған дініміз бен тілімізді сақтау, әдебиетімізді дәріптеу, оны жастайынан бала бойына сіңіруге ұмтылу”, – деп жауап берді. Қадірлі қонақтар авторлық кітаптарын студенттерге тарту етіп, білім алып, құнды, көркем дүниелер оқуға шақырды. «Шынында, біз ел болып, еңсемізді көтеріп 30 жылдық тарихымызда бірлік пен бірегейлікті, береке-татулықты сақтап, алдағы уақытта озық, дамушы елдердің қатарына ену жолында жаңарған, әділетті Қазақстан құру идеясын қолға алдық. Мәдениет, білім, ғылым, әдебиет, экономика мен спорт салаларына айшықты өзгерістер енгіземіз деп шештік. Бүгінгі кездесудің де басты мақсаты – осы. Ренессанстық дәуірге бет алған елімізде әдебиетке жаңа лептің қажет екені анық. Сол мақсатта түрлі бастамалар өмірге жолдама алып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жобалары іске асырылуда. Оған ел болып қолдау көрсету – біздің міндет», – дейді рухани кешті ұйымдастырушылар. Екі сағатқа созылған іс-шара рухани азыққа, мотивация мен креативке толы болды. Студенттеріміз алғысын білдіріп, факультет деканы, Нұржан Қуантайұлы келген қонақтарға кәде-сый жасады. Кездесу соңында қаламы қарымды ақын ағаларымыз іні-қарындастарына жастық шақтың «үлкен мүмкіндіктер» кезеңі екенін айтып, жеңіске жетудің, елге танымал болудың кілті білімде жатқанын баса айтты.
Аружан Әбихан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті, «Қоғаммен байланыс» мамандығының 3-курс студенті