Қытаймен шекара маңында орналасқан Зайсан ауданы Сарытерек ауылының тұрғындары жиналып, қарсылық білдірді. Олар месcенджерлерде тараған «Зайсан ауданында бір топ адам коронавирус жұқтырды. Қытаймен шекарада инфекция жұқтырған адамдарды ауыл амбулаториясында емдейді» деген ақпаратты естіп, мән-жайды білу үшін жиналған. Наразылық шарасына көршілес Айнабұлақ ауылының халқы да қатысқан. Келесі күні наразылық Зайсанның өзінде жалғасты. Облыс әкімі Даниал Ахметов аудан орталығына барып, наразы топпен кездесіп, дүрліккен жұртты сабырға шақырды.
– Шекара жабылды. Шет мемлекеттің бірде-бір азаматы келмейді. Қазақстанда инфекция жұқтырған ешкім жоқ. Бұл – ресми мәлімет. Баршаңызды үрейленбеуге шақырамын. Жағдай жеке менің бақылауымда, – деді өңір басшысы.Ауыл тұрғындарының айтуынша, Қытайға қатынайтын көліктерге шектеу қойылғанымен, шекара жақтан көліктер әлі келіп жатыр. Даниал Ахметов келесі аптаның басына дейін бұл мәселені анықтайтынын мәлімдеді. Наразылар карантинге жатқызылатын адамдарды тек елордадағы ауруханаларға жіберуді және аудан территориясында жүрген 42 қытайлық азаматты еліне қайтаруды талап етті.
– Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Сарытерек пен Айнабұлақ ауылдарында халық толқуы болды. Жергілікті тұрғындар осы ауылдарға Қытай азаматтарын карантинге әкелетіні туралы толық емес, жалған ақпарат алған. Бұл мүлде мүмкін емес. Жолаушылар тасымалдау үшін шекара жабылған. Тұрғындар осыны тоқтатуды талап еткен, – деді министр.Оның пікірінше, қазір ШҚО мен Алматы облысында Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара бекетінен адам өте аз өтіп жатыр. Олар – негізінен шекара аумағында саудамен айналысатын, жүк көліктерін айдайтын қазақстандықтар. 20 ақпанда карантин туралы жаңа ереже күшіне енгендіктен, Қытайдан бері өткен азаматтарға Зайсанда осындай арнайы орындар әзірленеді екен. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қызмет сапасын және тауарлардың қауіпсіздігін бақылау комитеті басшысының орынбасары Нұрхан Садуақасов республика бойынша ауруханаларда 4 400 орын дайындалғанын хабарлаған еді. Айта кетейік, қазір Қазақстан аумағында коронавирус жұқтырған азаматтар жоқ. Ерсайын БАҒДАТ