Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президент Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездесуінде олардың сөзін зейін қойып тыңдағанын атап өтіп, ұсынылған барлық маңызды ғылыми жобалар мен технологиялық стартаптардың ел үшін мәні зор екенін айтты. Мемлекет басшысы Алматы еліміздің ғылым мен білім ордаларының бірі екенін атап өтті. – Әйгілі Қаныш Сәтбаев осы қалада Ғылым академиясының негізін қалаған. Көптеген ғалымдарымыз Академия қабырғасында қазақ ғылымын дамытуға орасан зор үлес қосты. Аға буынның абыройлы жолы лайықты жалғасын табуға тиіс, – деді Президент. Мемлекет басшысы қазір әлемдегі ең қымбат әрі капиталы мол компаниялар финтех, жасанды интеллект, IT және басқа да озық технологияға негізделген өнім шығаратынына, қызмет көрсететініне тоқталды. – Олар әлемнің үздік инженерлерін өз елдеріне шақырып жатыр. Себеп – біреу, ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы әлемдік үрдістен шет қалмауымыз керек. Еліміз талай жыл бойы негізінен мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам бастық, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Президенттің пікірінше, Қазақстанда жоғары санатты техникалық кадр тапшылығы сезіледі.
– Бүгінде көп нәрсе өзгерді. Үздік техникалық сала мамандарына сұраныс жоғары. Инженер болу мәртебелі әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мамандыққа айналды. Соңғы жылдары жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады. Қазір еліміздегі 610 мың студенттің 112 мыңы техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Қазақстанда экономиканың жаңа салалары жедел дамып келеді. Мысалы, тек отандық IT секторда алдағы жылдары 150 мың жаңа жұмыс орны пайда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы жеріміздің түрлі ресурсқа бай екенін, Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесіндегі бүкіл элемент кездесетінін айтты. – Бұдан былай Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы олигархтар мен олардың мүддесін қорғайтын плутократ-шенеуніктерге емес, бүкіл халыққа тиесілі болады. Бұл маңызды ережені Конституция деңгейінде бекіттік. Алайда еліміздің ең басты байлығы – адам. Сондықтан мемлекеттің ең басты міндеті – олардың өз қарым-қабілетін іске асыруына барлық қажетті жағдайды жасау, – деді Президент.
Президенттің пікірінше, ғылымды дамытудың мұндай стратегиясын жүзеге асырудың тағы бір жолы – эндаумент-қорлар.
– Мен Сәтбаев университетінің жанынан жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабын құру туралы тапсырма бердім. Оның инфрақұрылымын техникалық оқу орындарының бәрі пайдалануына болады. Үкімет ғылыми-зерттеу хабтарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы қажет. Хабтарды мемлекеттің инвестициялық жобаларының санатына қосу арқылы бұл мәселені шешуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы сапалы білім алу адамды қоғамдық ортаға бейімдейтін, оның бойына ізгі құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын сіңіретін маңызды институт екенін айтты.
– Біздің студенттеріміз бен жас ғалымдарымыз реформаларға қолдау білдіріп, өзгерістерге сенетіні сөзсіз. Біз бұл өзгерістердің бәрін еліміздің келешегі – бүгінгі және ертеңгі жастар үшін жасап отырмыз. Біз мемлекет пен қоғам дамуының жаңа бағыт-бағдарын тек бірге айқындай аламыз, –деді Президент.