Қызылордада мыңдаған бүлдіршіннің жүрегінде өнер отын тұтатып, талантының шыңдалуына жол ашып, дарынды балалардың, ұйымшыл балабақшалардың көгілдір экраннан насихатталуын мұрат еткен дәстүрлі «Бал бала» байқауы өткізілді. Биыл дәстүрлі телевизиялық байқаудың көрермен көңіліне жол тартқанына – 15 жыл. Байқаудың жоба авторы – «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ләйла Насимханованың ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын өнер сайысы аясында талай талантты бүлдіршіндердің шамшырағы жанып, өнер әлеміне қадам басуына негіз болып келеді. Осы орайда биыл өнер сайысы облыстық деңгейде ұйымдастырылып, 27 балабақшадан 400-ден астам бүлдіршін өнер көрсетті. Дәстүрлі байқау нәтижесімен «Сыр шуағы» балабақшасы топ жарды. Қаладағы «Ер тарғын» және «Алпамыс» бөбекжайлары бірінші орынды өзара бөлісті. Ал облыс аумағындағы 5 балабақша екінші орынға орналасса, 6 балабақшаның өнерлі өрендері 3-орынды қанағат тұтты.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы