Батыс Қазақстанда екі жүк көлігі соғысып қалды
Батыс Қазақстанда екі жүк көлігі соғысып қалды
509
оқылды
Батыс Қазақстан облысында екі жүк көлігі соқтығысып, жүргізуші қаза тапты. БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға шамамен сағат 16.30-да Теректі ауданы Подстепный ауылы маңында болды.
«Оралға қарасты Меловые горки ауылына жетпей, екі DAF жүк көлігі түйіскен. Соның салдарынан 44 жастағы жүргізуші көз жұмды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. БҚО полиция департаменті жүргізушілер мен тұрғындарға жол ережесін қатаң сақтау, ауа райының өзгеруіне байланысты алыс сапарға шықпау керектігін ескертеді», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 16.36-да шақырылды. 44 жастағы ер адам оқиға орнында қайтыс болды. Ауыр жарақаты жоқ 1989 жылғы ер адам ауруханаға жатудан бас тартты. Оқиға орнына БҚО ТЖ департаментінің қызметкерлері де жедел жетіп, тиісті қызметтерін атқарды.