Кешеден бері бұқаралық ақпарат құралдары Момышұлы даңғылындағы көпқабатты үйдің 11-қабатынан шыққан өрт туралы жазып жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, өрт сөндірушілер оқиға орнынан бес адамды құтқарған. Қазір өрттен денесінің 80 пайызы күйіп қалған бір өрт сөндіруші ауыр халде жатыр. Белгілі болғандай, өрт сөндірушілер келгенше астаналық Арғын Жанділдаев есімді азамат тағы екі баланы өрттен құтқарған екен. Бұл туралы newtimes агенттігі жазып отыр. Арғын Жанділдаев перзентханадан әйелі мен жаңа туған нәрестесін шығарып алуға бара жатқан. Жолда Момышұлы даңғылығының бойындағы сол тұрғын үй кешенінің жанына тоқтап, әйеліне гүл алғысы келген. Кенет көмекке шақырған әйелдің жан дауысын естіп, бірден түтін шыққан пәтерге қарай жүгіреді.
«Оның жанында тағы бір жігіт болған. Екеуі 11-қабатқа дейін жүгіріп шығып, көршілерге өрт шығып жатыр деп ескерте бастаған. Сондай пәтерлердің бірінде 10 және 3 жасар бір үйдің екі баласы жалғыз отырған екен. Арғын бірден үш жастағы баланы көрпеге орап, жанындағы жігіттің қолына ұстатады. Үйге қайта кіріп, он жасар баланы орап алып шыққалы жатқанда өрт сөндірушілер жалындап жатқан пәтердің есігін бұзған. Пәтерден лып еткен жалын мен түтін бірден дәлізге тарап кетеді», - деп жазған Арғынның Құралай есімді туысына сілтеме жасаған дереккөз. Арғын көк түтіннен түк көрмей, тұншыға бастаған. Денесін жалын шарпыған. «Сол сәтте енді ғана дүние есігін ашқан ұлын көре алмай кетем бе деп қорыққан екен. Құдай сақтады», - дейді Құралай.Арғын далаға шыға алмайтынын түсінген соң, қайтадан балалар отырған пәтердің есігін тауып, бірден балконды ашқан. Дем алып, көмекке шақырып, баланы аман-есен төменге түсірген.
«Баланы терезеден құтқарушылардың қолына тапсырған соң, есік қағылғанын естіп, жалындап жатқан дәлізге қарай жүгіреді. Қараса, қатты күйген өрт сөндіруші келіп тұр екен. Арғынға тез киімімді шеш депті. Оны да балконға апарып, өрт сөндірушілердің кранына мінгізген», - дейді Құралай.Өзі де далаға аман-есен шыққан Арғын жедел жәрдемге мінбей, перзентханадан шығуға дайындалып отырған әйелі мен баласына қарай асығыпты.
«Мен үйде отырған едім. Арғын қап-қара күйе болып кіріп келді. Тез шешініп, жуына бастады. Есім шығып кеткен мен терісіне май жағып та үлгермедім. Мұрнының күйген терісі түсіп қалды. Негізі, ауруханаға баруы керек еді, алайда ұлына асықты», - дейді Арғынның туысы.Әйелі мен баласын үйіне аман-есен әкелген соң ғана Арғын ауруханаға барған.
«Өзімді бір ерлік жасадым деп ойламаймын. Ешқандай марапат та керек емес. Ауруханадан үйге келдім, өйткені ол жақта менен де ауыр халде жатқандар бар. Солардың амандығын тілеймін», - дейді Арғынның өзі.